Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ
Мақсат – экологиялық залалды жойып, экономикалық тиімділікті арттыру
Серік ҚОЖАХМЕТОВ, «Қазатомпром» ұлттық компаниясы жанындағы Жоғары технологиялар институтының бас директоры:
Ғалымдардың болжауынша, алдағы 70 жылда әлемдегі мұнай-газ қоры таусылуы мүмкін. Одан кейін көмірді пайдаланып энергия көздерін алуымызға, атом энергиясын қосуымызға, жел, күн энергиясын көптеп тұтынуға тура келеді. Олар – жаңартылған энергия көздері, бірақ мәселені түпкілікті шеше алмайды. Өйткені олар өте қымбатқа түседі және жер бетіндегі адамзатты ары кетсе 20-25 пайызға ғана энергиямен қамтамасыз ете алады. Ал 75-80 пайызға жуық энергия көздерін көмір не болмаса уран энергиясы баса алады екен. Осы жағынан алғанда, таяу болашақта талай жаңа технология табылып, атом энергиясын пайдалану тіпті қауіпсіз болуы әбден мүмкін. 2015 жылдың соңына қарай іске қосылатын, Қазақстанда уран саласының өнертапқыштарына үлкен мүмкіндік беретін IHT GSM интеллектуалдық «Смарт-кеніші» осыны мақсат етеді десек қателеспеспіз. Жоспар бойынша, ол еліміздің «жасыл» экономикаға көшу стратегиясына үлкен үлес қосып, жерасты қазба байлығын игеруші ірі кәсіпорындарды модернизациялаудың тың үлгісін жасақтап шығуы керек. Сондықтан 31 қаңтар және 1 ақпан аралығында Алматыда өткен «Уран саласының өзекті ғылыми және технологиялық мәселелері. Энергия ресурсын үнемдеу» атты V семинар-мәжіліс аясында аталған жобаны таныстырған Жоғары технологиялар институтының бас директоры Серік ҚОЖАХМЕТОВ мырзаны әңгімеге тартқан едік.
Уран саласы бойынша жаңа буындағы «Смарт-кеніші» (2015 жылы іске қосылады)
– 2012 жылдың қорытындысы бойынша, «Қазатомпром» ұлттық компаниясы өз тарихында бірінші рет 20 900 тонна уран өндірді, халықаралық нарықтағы Қазақстанның үлесі алғашқы рет 37 пайызға артты. Бұл – мақтанарлық деңгей, көшбасшыға лайық көрсеткіш. Міне, осы дүниежүзілік нарықтағы көшбасшылығымызды ұстап тұру үшін және инновациялық қарыштап даму үстіндегі ел екенімізді дәлелдей түсу үшін бізге осындай жоба – интеллектуалдық кеніш керек болды. Мәселен, қазір біз кеніштерде қолданып жүрген топырақты сілтісіздендіру технологиясы 60-жылдары қолданысқа енгізілген. Одан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Бұл кезеңде уран өндірісі сабақтасып жатқан салаларда: химия өндірісінде, химия құрал-жабдықтары, ІТ технологияcында, нанотехнологияда айтарлықтай ғылыми өзгерістер орын алды. Осы жағынан алғанда, идеологиялық тұрғыда өзгеріс керек, ол бізді бірнеше технологиялық қадам жасауға итермелейді деп күтеміз. Сондықтан екі жыл бұрын осындай жаңа буындағы жаңа алаң ашу идеясы туындады. Бұл кезең барысында іргелі ғалымдарымыздың құрамы негізінде жұмысшы топ құрылып, біз жаңа буын кенішінің тұжырымдамасын әзірледік. Жоба құны – шамамен 30-35 млн доллар. Қаржының бір бөлігін «Қазатомпром» ұлттық компаниясы бөлсе, қалғаны сырттан тартылуы тиіс несиемен жабылады деп жоспарланып отыр. Тікелей тартылған инвестицияны қайтару мерзімі 4,5-5 жылға жуықтап қалады. «Смарт-кеніші» кезінде уақытша жабылған Мыңқұдық кенішінің Орталық атты жер телімінде орналасатын болады.
Жаңа кеніш жобасын жүзеге асыру арқылы еліміздің «жасыл» экономика стратегиясын дамытуға өзіндік үлесімізді қосамыз. Өйткені еліміздегі барлық ұлттық компания өз дамуының қоршаған ортаға залал тигізбейтіндей және өндіріс тиімділігін арттыратын жаңа жол мен тетіктерді айқындауы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін бізге «ақылды» технологиялар деген атауға ие соны технологиялар керек. Әрине, осындай технологияларды игеретін кеніш «Green Smart Mine кеніші» деген атауға лайық. Бұл кеніш жоспардағы аясымен жүзеге асырыла бастаса, 2015 жылдың соңына қарай өз ісіне кіріседі, яғни ЕХРО– 2017 көрмесін өткізгенге дейін «Қазатомпром» ұлттық компаниясы елімізде жаңа буындағы жаңа кеніштің жұмыс істейтінін көрсете алатындай жағдайда болып қалады.
– Демек, бұл кеніш отандық ғалымдарымыздың тың идеясын жүзеге асыратын алаңға айналады ғой...
– Бұл арадағы маңызды екі факторға ерекше тоқтала кеткім келеді. Иә, 10 жылдан аса осы салада жұмыс істеп жүрген инженер, бас техник мамандар жұмыс үдерісін жылдамдататын түрлі тәсіл ойлап тапты. Олары патенттелген де. Бірақ оны өндіріске енгізу жағына келгенде мәселе туындайды. Оған басты себеп – жұмыс жоспары. Сондықтан мамандарымыздың интеллектуалдық қоры өз қоржынында қалып қоюда. Ал жаңа буындағы кеніштің ашылуы осы олқылықтың орнын толтыратын болады. Барлық тың идея сарапталады, сынақтан өтуге мүмкіндік алады. Осы жағынан алғанда, бұл – сала мамандары үшін жақсы жаңалық, ұтымды мүмкіндік. Тағы бір жағынан, кадр тапшылығы мәселесін біз әлі күнге дейін түбегейлі шеше алмай келеміз. Кей кездері өзімізге ұқсас басқа салалардың білікті де білімді кадрларын тартуға тура келеді. Ал олар біздің салаға етене кірігуі үшін, ғылыми білігін арттыра түсуі үшін әлгі кеніш таптырмайтын алаң болады деп білемін.
Негізінен, уран кеніші жұмысын үйлестіру тәсілі басқа да жерасты байлығын игерушілерге өте ұқсас. Сондықтан мұнда ойлап табылған тәсілдер, жаңа технологиялар тек уран ғана емес, басқа салаларда да тиімді қолданысқа ие болатындығына сенімдімін.
– Мысалы, бұл кеніште дүниеге келген жаңа технология уран өндірісін қанша көлемге арттыруы тиіс деп күтіледі?
– Бұл арадағы басты мақсат – экологиялық залалды мейлінше жойып, экономикалық тиімділікті мейлінше арттыру. Мысалы, уран өндірісінің өзіндік құнын 30-40 пайызға кемітуді көздейміз. Сөйтіп, баға бәсекелестігін арттыруды қалаймыз. Бұл мықты көрсеткіш болар еді. Қазір халықаралық нарықтағы уранның бір фунты – 44 доллар. Бірнеше жыл бұрын бұл баға 1,5-2 есеге қымбат еді. Ол кезде бәсекелестеріміз көп болды. Яғни баға қымбаттаса, әлемдік нарықта ойыншылар көбейе түседі. Ал қазіргідей арзандағанда, көбі ат басын тартып тұр. Яғни біздің басты артықшылығымыз осында: жергілікті уран өндірісінің өзіндік құны онша қымбат емес. Оны тағы да арзандата түссек дейміз.
– Фукусимадағы апаттан кейін атом энергетикасына қатысты әлемнің көзқарасы өзгерген секілді. Ал сіздің ше?
– Әлемдегі электр энергиясының 15-17 пайызы атом энергетикасы есебінен өндіріліп жатыр. Көбі – дамыған мемлекеттер. Олар қолданыстағы атом энергиясынан бас тарта алмайды. Оның тек 5 пайызынан бас тарту ел экономикасын құрдымға жібереді. Ал дамыған елдердің экономикасындағы өзгеріс басқа да мемлекеттерге бірден өз әсерін береді. Сондықтан қандай да бір мемлекет атом энергиясын тұтынудан бас тартады дегенге мен онша сенбеймін.
Бір жыл бұрын Елбасымыз халықаралық форумдағы сөзінде: «Фукусимадағы апат атом энергетикасынан бас тарту емес, керісінше, оның қауіпсіздік алғышарттарын жетілдіруді талап етеді», – деп мәлімдеген еді. Қазір әлем атом энергиясы өндірісі қауіпсіздігінің жетілдірілген тәсіл мен технологиясын ойластыру үстінде. Оған біз де өзіндік үлес қосуға тырысамыз деп ойлаймын. Қалай дегенмен де Қазақстан үшін болашақ энергия көзінің бірі атом энергетикасы екенін жоққа шығара алмаймын.
Қоршаған ортаға зиянсыз өндіріс ошақтарын құра аламыз ба?
Қазақстан халықаралық квота саудалаушы жүйенің қатысушысы емес, өйткені Киото хаттамасы талабына сай мемлекеттер қатарына жатпаймыз. Алайда ел Үкіметі жергілікті жер қойнауын игерушілерді тарта отырып, ауаға таралатын улы газ қалдықтары квотасын саудалаушы нарықты ел ішінде ұйымдастыруды көздеп отыр. Жылына 20 мың тонна қостотықты қышқылдардан тұратын улы газ қалдықтарымен қоршаған ортаны ластап жатқан отандық қазба байлықты игеруші кәсіпорындар мұндай жағдайда міндетті түрде ол квотаны сатып алуы керек болады. Қадап айтқанда, біз үшін 2013 квоталау жүйесін енгізу және оны саудалауды іс жүзінде сынап көретін жыл болмақ. Тағы бір жағынан, бұл EXPO – 2017 көрмесінде еліміздің мақтанышпен алға тартатын шарасының бірі болары сөзсіз. Өйткені аталған халықаралық көрме «Болашақтың энергия қуаты» тақырыбына арналып отырғандығы белгілі.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Жалпы, жыл соңында Мәжілісте жоғарыда аталған нарықтың құқықтық тетіктерін, нормативтері мен талап-міндеттерін айқындайтын заңнамалық құжат қабылданған болатын. Міне, осы заң аясында таяуда елімізде улы газ қалдықтары көлемін қысқартып, көміртегін аз бөлетін технологияларды енгізу үшін квоталарды саудалаушы ұлттық жүйе құрылатындығы мәлім болды.
– Энергетика, көмір, мұнай және газ өндірістері, басқа да жер қойнауын игерушілер секілді экономиканың басты секторларына жататын жалпы көлемі 147,19 млн тонна зиянды қостотықты көмірқышқыл газын ауаға бөліп жатқан 178 кәсіпорынды қамтитын квотаны белгілеудің Ұлттық жоспары бекітілді. Яғни биыл осы кәсіпорындарға заңды түрде квота белгіленіп, Еуропалық сауда жүйесі өлшемдері бойынша сауда жүргізудің алаңы ашылады, – дейді Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Жасыл» технологиялар және инвестициялар тарту департаментінің директоры Айнұр Соспанова. Оның айтуынша, өткен жылдың желтоқсанында «жасыл» экономикаға көшу стратегиясын әзірлеген жұмысшы топтың отырысында Ұлттық жоспардың нобайы таныстырылған. Мұндай экономика ресурстық қорға түсетін ауыртпалық көлемін азайтуға, инфрақұрылымдарды қайтадан жаңғыртуға, қоршаған ортаның ластану деңгейін және улы газ қалдықтары мөлшерін төмендетуге ықпал етуі тиіс. Бұл арада аталған стратегияны әзірлеуші Қоршаған ортаны қорғау министрлігі екенін, ал кеңесшілер ретінде Маккензи халықаралық компаниясы мен Назарбаев университеті тартылғанын баса айта кетелік.
Қолданыстағы ел дамуының экономикалық моделіндегі кемшіліктерге тоқталған А.Соспанова ханым: «Егер аталған стратегия стандарттарын қолданбасақ, 2030 жылға дейін ел экономикасы 15-20 млрд доллар көлемінде шығынға батуы ықтимал», – дейді. Өздеріңізге белгілі, «жасыл» экономиканы бетке ұстауда басты бағдарға алынатыны – жаңа технологиялар қолданысын кеңейту арқылы үнем жасау, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік зияндарды қысқарту. Осы жағынан алғанда, елімізде қалыптастырылып жатқан ауаға таралатын улы газ қалдықтары квотасын саудалаушы нарықтың маңызы ел дамуында шешуші рөл атқаратын фактор болып табылады. Алайда аталған жүйені құру кезінде өзгерістер мен түзетулер енгізілген нормативтік-құқықтық актілерде отандық кәсіпкерлердің мүддесі ескерілмеген тұстар баршылық көрінеді. Мамандардың пікірінше, аталған заңнама талаптары бойынша, 2013 жылдан бастап кәсіпорындарға айыппұл санкцияларын қолданудың арты жақсылыққа апармайды.
– Индустрияландыру кезеңінде көмірқышқыл қалдықтары көлемін арттыруға қатаң санкциялардың салынуы ақылға қонымсыз, өйткені өндіріс ошақтары санын арттыру улы газ қалдықтары көлемінің де көбеюіне әкеліп соғады. Бұл, айналып келгенде, тауардың өзіндік құнын, жылу, электр энергиясы тарифтерін қымбаттатады. Демек, бұл отандық кәсіпорындардың өнімі баға бәсекелестігі жағынан осал болады деген сөз, – дейді Қазақстан тауар өндірушілері және экспортерлері одағының вице-президенті Бақыт Манасбаев. Бұл сөздің де жаны бар. Мүмкін жаңа технологияларды енгізуді қолға алып жатқан кәсіпорындарды мұндай санкциядан босатқан дұрыс шығар. Ал түбегейлі жаңашылдыққа бет бұрмай, тек тариф өсімімен айналысатын энергетика саласына бұл қамшы болатын шара деп ойлаймыз. Қалай дегенмен де биыл сынамалы жоба ретінде жүзеге асырылып жатқандықтан, тәжірибедегі кемшілік пен артықшылықтарды ескере отырып, таяу болашақта аталған мәселе бойынша салалық нормативтік құжаттарға тағы да өзгерістер мен түзетулер енгізіліп қалады деп сенгіміз келеді.
Бір дерек
БҰҰ-ның Климаттық өзгерістер жөніндегі конвенциясы аясындағы Киото хаттамасы 1998 жылы қабылданып, 2005 жылдың 16 ақпанында өз күшіне енген болатын. Ол осы хаттамаға қатысушыларға улы газ қалдықтары квотасын сатып алуға және сатуға, экологиялық таза технологияларды дамыту инвестициясына айырбастауға мүмкіндік береді. 2009 жылы Қазақстан да Киото хаттамасын ратификациялап, жаһандық жылынудың алдын алу жөніндегі бүкіләлемдік қозғалыс қатарына қосылған болатын. Осылайша еліміз 2020 жылға дейін ауаға бөлінетін улы парниктік газдар көлемін – 15 пайызға, ал 2050 жылы 25 пайызға кемітуге міндеттеме алды. Осы мақсатта Қоршаған ортаны қорғау министрлігі БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен бірігіп, Қазақстанның «жасыл» экономикаға өту жөніндегі стратегиясын әзірлеп жатыр. Бұл арада, негізінен, АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Корея және Австралия елдерінің тәжірибесі үлгіге алынуда.
Жерлесіміздің ойлап тапқан жаңа тәсілі өзімізде емес, өзге елден қолдау тауыпты
Таяуда астаналық Бақытжан Әлменов электр қуатын өндірудің тың тәсілін ойлап тауыпты. 45 жыл электрик болып істеген ол Женева патент бюросының құжатына ие болған екен. Оның өнертабысына Австрия және Ресей қатты қызығушылық білдіріпті. Бірақ ол өз туындысын ЕХРО – 2017 көрмесінен көргісі келетінін айтады.
– Бұл жобаны мемлекетіміз жүзеге асыра алса, мықты энергетикалық державаға айналар еді. Өнертабыстың негізіне судың күші алынған. Өздеріңізге белгілі, судың тебуші күші жүз тонналаған кемелерді көтеріп кетеді. Ал егер арнайы арналарды пайдаланып, су астына ауа жіберсек ше? Бұл ауаны босату арқылы электр энергиясын алуға болады. Бұл арада кішігірім суқоймасы болса жеткілікті. Көмір, мазут жағып керегі жоқ. Мен елімде бұл жаңалығым үшім грант жеңе алмадым. Есесіне, қазір мені әлемнің барлық ғалымы біледі. Хабарласып жатыр. Өнертабысым бүкіл әлемді өзгертуге лайық деген де баға берілді. Бірақ өз өнертабысымды ЕХРО – 2017 көрмесінен көргім келеді. Одан кейін оның болашағы туралы ойлана жатармын, – дейді өнертапқыш.
Алматылықтың ерекше сағаты швейцариялықтарды қызықтырып отыр
Ал 25 жастағы алматылық Әлихан Өмірбеков әлемдегі ең қымбат сағаттың жобасын жасап шыққан. Сағат жасаумен танымал ел – Швейцария мамандары жас таланттың бұл туындысын 1 миллион долларға бағалапты.
Бір жыл бойына сағат жобасымен айналысқан Әлихан өз өнертабысына «Министри оф таймкиперс», яғни «Уақыт сақшысы» деген атау берген екен.
Әлихан Өмірбеков, дизайнер:
– Бұл жұмыстың күрделілігі – циферблаттың индикаторлары бір бұрышқа орналасқан. Ол сағат жұмысын қиындата түседі. Екіншіден, мұнда гиротурбийон екеу. Бұл – қымбатқа түсетін ерекшелік. Егер сағатыңызда гиротурбийон болатын болса, сағат құнына 300 мың долларды қосуыңыз керек. Швейцарияның сағат жасаушыларымен бұл ойымды бөлістім. Инженерлері оны әзірлеуге дайын екендіктерін айтты. Оның құнын шамамен 1 миллион долларға бағалады. Бірақ менде басы артық ақша жоқ. Қаржы болса, оны өзім де осында даярлап алар едім.
КЕРЕК ДЕРЕК
ҚР Санаткерлік меншік институтының мәліметінше, өнертабыс саны бойынша біздің еліміз ТМД-да Ресей мен Украинадан кейін үшінші орынға ие екен. 1992 және 2010 жылдар аралығында бұл институтқа өз туындысын тіркеуге 32 857 өнертапқыш ниет білдірген екен. Оның 28 мыңға жуығы қазақстандық болса, қалғаны елімізде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардан көрінеді.
Бетті дайындаған Кәмшат Сатиева