Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Наноматериалдармен өндіріске өң бере аламыз ба?
Соңғы кездері халықаралық сарапшылар «2015 жылға қарай жаппай кен орындарын іздестіру, барлау және игеру жұмыстарына салынатын инвестиция көлемі 40 пайызға кеми түспек, алдағы 5-10 жыл аралығында адамзаттың іс-қимылына, қоршаған ортаға түбегейлі өзгерістер әкелетін ғылыми жаңалықтар күнделікті тұрмысқа енетіндіктен, жағдайдың осылай қалыптасуы – заңдылық» деп отыр. Жалпы, болжамдар бойынша, негізді ғылыми жаңалықтардың өмірге енуі мемлекетаралық саяси қарым-қатынасқа, әлемдік сауда айналымына, өндірістің дамуына үлкен әсерін тигізеді. Міне, осыны сезінгендіктен, біз «Алаштың идеялар банкі» айдарында ғылыми идеяларды насихаттауға басымдық беріп келеміз.

Бір ғана графеннің мыңға жуық қасиеті
Қазірде наноматериалдар әлемінде өткен жылы Нобель сыйлығын алған гра­феннің шоқтығы биік. Бұрын жара­тылыста кездеспеген бұл затты ойлап тапқан – ағылшын физик ғалым­дары. Графен – мөлдір, екі өлшемді, жазық, қалыңдығы бір атоммен өлшенетін наноматериал. Айрықша қасиеті: аса жеңіл. Оның беріктігі болат құйма­ла­рынан 200 есе жоғары. Ал  электр тогын өткізу мүмкіншіліктері шексіз дерлік, жасанды графиттің бір түрі. Бұл нано­материал хақында Тоқтамыс МЕН­ДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Ежелден болашақтағы өзге­рістерді, оның бұлжымас заңдылық­тарын өзгелерден бұрын сезінетін ғылым әлеміндегі көшбастаушылар – Америка, Батыс Еуропа ғана емес, бүгінде дамыған немесе даму жолындағы Азия, Африка мемлекет­терінің көпшілігі ғылымға бетбұрыс жасап, ішкі мүмкіншіліктеріне және қажеттіліктеріне сәйкес келетін бағдарламалар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Мәсе­лен, алдағы уақытта графеннің та­биғатта кездеспеген жаңа қасиеттері ашылуы мүмкін. Күтіліп отырғандай, осы графен 2020 жылға қарай жап­пай өндірісте қолданыла бастайды. Қазіргі күнмен салыстыруға кел­мейтін қасиеттері арқылы графен ең бірінші кезекте жоғары техно­логия салалары – ғарыш, әуе кеме­лері, машина жасау, электроника, бай­ланыс жүйелерінен темір атау­лыны түгелдей ығыстырып шыға­рады. Осыдан барып болат құйма­ларын, алюминий, мыс, түсті ме­тал­дар шығаратын комбинаттар, оларды шикізатпен қамтамасыз етіп  отырған кен орындары жұмыстарын доға­рады, – деді.
Сөйтіп,  заман талабына сай ғылым жаңалықтарына құлағын түріп отыратын нарық өкілдері қоғамда бір ғана гра­феннің пайда болуына байланысты ал­дағы уақытта темір, кен орындарын із­дестіру, барлау және игеру жұмыстарына қажетті инвестицияның көлемі тө­мендей бастайтынын нықтап отыр.
Шикізат бұғауын бұза аламыз ба?
Ал мұндай графен іспетті нано­ма­териалдардың көптеп таралуының экономикасы шикізат сатуға негізделген мемлекеттер үшін қауіп тудыратыны даусыз. «Бұл үрдіс кейбір елдердің өсуіне ықпалын тигізсе, тұрақты шикізат көзіне тәуелді біраз елді дағдарысқа ұшы­ратуы  да ғажап емес» дейді ма­ман­дар. 
Үсен АМАНБАЕВ, экономист-сарапшы:
 – Бір ғана графеннің пайда болуы – жерасты қазба байлықтарын жартылай немесе түгелдей арзан шикізат ретінде сатуға негізделген елдер үшін, соның ішінде біздің мемлекетіміз үшін үлкен қоңырау. Осыған қатысты алдағы уақытта тау-кен, металл өндіру салаларында жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын ерекше електен өткізу қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте біз елімізді келешекте тұрақты эконо­микасы, бәсекелестік қабілеті жоға­ры, өндірісі  қуатты мемлекетке ай­налдыратын ғылыми жобаларды жетілдіруге айрықша мән беруіміз қажет.

Негізінен, мамандар нақ қазір біз қолға алып жатқан инновациялық жо­балардың әуелгі мақсаты ішкі нарықты, отандық өндірісті қорғау болуы тиіс екенін баса айтып отыр. Бұл жөнінде отандық ғалымдар «бізде қазірде жұмыс көрсеткіштері шетелдік үлгі­лерден кем емес, бағасы олардан екі-үш есе арзан тау-кен саласында қолда­нылатын құрал-саймандарды ішкі өн­діріске енгізу мүмкіншілігі жоқ, сонда отандық бұйыммен ішкі нарыққа ене алмасақ, ертең оларды сыртқы саудаға қалай шығара аламыз» деп қынжылуда. Бұған қатысты мамандардың сөз сап­тасына жүгінсек, бізге мұндай әрекет­терді сөз еткенде нақ қазір АҚШ-тың әдіс-айласын ұстанған жөн тәрізді. Мысалы, Америкаға қантты өздерінде өндіргеннен сырттан  сатып алу 2,5 есе арзанға түседі. Бірақ сарапшылардың байыптауынша,  АҚШ билігі еш уақытта ондай шешімге бармайды.  Себебі олай етсе, қант өндірісіндегі жұмыс орны бар 500 мың адам жұмыссыз қалады. «Міне, отандық өндірісті қорғаудағы нақты шешім: ішкі өнім қаншама қым­бат болғанымен, ақша сыртқа кет­пейді, осындай саясатты біздің де ұста­нуымызға тура келеді, сонда ғана шикізат бұғауын бұза аламыз» деседі мамандар.
Қазақтың қарымы өзгеден кенде емес
Қайыр ЖҰБАНОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Негізінде, біздің ғалымдарымыз ғылым жолында ізденуден, ашқан жаңалығының жобасын жарқыратып көрсете білуден кенде емес. Ара­мызда білікті, ізденімпаз, ғылымға шын жанашырлықпен қарайтын азаматтар баршылық. Олардың қайсыбірінің ашқан жаңалықтарына азуын айға білеген Батыстың өзі тамсанып қарайтын кездер бар. Мәселен, біздің ашқан жаңалық­тарымыз заманында бүкіл Ресейді таңғалдырған. Біз кезінде Ресей зауыттарына өзіндік қолтаңбамызды қалдырдық. Ұсақ зауыттарын есептемегенде, Ресейдің ірі деген тоғыз зауыты күні бүгінге дейін қазақстандық ғалымдардың ашқан жаңалығымен жұмыс істеуде. Мысалы, М.Горький атындағы май зауыты, қатты кір сабындар шығаратын фабрикалары, тіпті дәрі-дәрмек шығаратын фармацев­тикаларында біздің химиктер мен техниктердің қолтаңбалары бар. Бір ғана айтарым, қазір өзім жетекшілік ететін Химиялық технологияларды және материалдарды синтездеу ғылыми-зерттеу институтында ғажап нәтиже береді деген қаншама инновациялық жоба бар. Сондықтан нанотехнологияларды меңгеруде, наноматериалдарды пайдалануда қазақтың қарым-қабілеті ешкімнен кенде емес. Бұл салада да болашақта өзіндік бет-бедерімізді қалыптастыра алатынымыз анық.


Дертке дауа наномайлар
Мұрат Ғылманов, биология ғылымының докторы, профессор:
– Бұған қоса біз жүрек дертіне ем болатын, бронх-өкпе, яғни тыныс алу жолдары ауруларына дауа беретін наномайлар ойлап таптық. Мысалы, қатты сырқаттанған адамды біздің медицина қалай емдейді? Алысқа бармай-ақ, өзімді мысал етейін, күзде отандық дәрігерлер менің де басымды біраз қатырды. Олардың айтуынша, «мен омыртқадан құрт ауруы дертіне шалдыққанмын, дерттен емделу үшін тоғыз ай ауруханада жатып, күніне 20-ға тарта таблетканы ішуім керек, төрт антибиотикті үзбей тоғыз ай қабылдауым керек». Қолхат жазып, ауруханаға жатудан бірден бас тартып, үйге келдім. Ойым – өз әдіс-тәсіліммен емделу. Сөйтіп, өзіміз ойлап тапқан жоғарыда аталған наномайды омыртқамның тұсына терінің сыртынан бір жарым ай жақтым, көріп отырсыз, Аллаға шүкір, алдыңызда отырмын. Барып тексерілдім, дерттен ада болдым. Бұл жетістікке дәрігерлердің өзі таңырқады. Ал ауруханаға жатқанымда дәрі-дәрмектің зардабы бауыр мен бүйрекке кері әсер ететін еді. Улы антибиотиктер ағзама зиянын тигізетін еді. Міне, осы жаңалығымызды халықтың игілігі үшін пайдалансақ деп ойлаймын. Болашақтағы арманым: ашқан жаңалығым қазақтың денсаулығын жақсартуға, халықты сақтауға септігін тигізсе деп ойлаймын.


Қазақы телефон жасау қолдан келіп тұр
Жалпы, біз қолданысқа кеңінен енгізгіміз келетін нанотехнологияны қазір дамыған елдердің дені шарықтау шегіне дейін жеткізіп, әрі қарай дамыған үстіне дамыта түсуде. Өркениетті елдер нанотехнологиялық жүйемен өнім  жасау дегенді жете түсінеді. Сондай-ақ оған асқан қызығушылықпен қарайды. Ал біздің қоғам үшін бұл әлі де жат нәрсе болып тұр.
Бұл ретте сарапшыларымыз «бұл жерде күмәнданудың реті жоқ, әзірге біздің елде денсаулық саласында ғана нанотехнология өнеркәсіпті биікке көтеріп отыр, мысалы, өзіміз күнделікті тұтынатын ұялы телефон, көлемді теледидар, ғарыш кеңістігінде болып жатқан жаңалықтардың барлығы осы нанотехнологияның көмегімен жүзеге асуда, ал бізде осы салаға дендеп еніп, технологияның сырын ұғынып, жетістігіне көңіл бөлуге асқан қызығушылық жоқ» дейді. Мұны нанотехнологияның көмегімен қазақы қалта телефон жобасын ойластырып жүрген экономист сарапшы Мейрам Қабдрахманұлы да қуаттап отыр.
– Нанотехнологиялық әдіспен қазақ тілінде сөйлейтін,  қазақы пішінде телефон жобасын жасадық. Телефонға «Ақ Орда» деп атау қойып, телефон сипатын домбыра іспетті етіп алып, ішіндегі функцияларын, операцияларды жүргізу тәсілін – барлығын ойластырдық. Бұл телефон наноматериалдардың көмегімен жасалып, жаб­дықталатын болса, байланыс жүйесі өте сапалы болмақ. Ал жобасының сапасы қазірдің өзінде өте жақсы деп бағалануда, – дейді Мейрам Қабдрахманұлы.


1.Ұялы телефон маркасы «Ақ Орда»
2.Ұялы телефонның сыртқы көрінісі қазақтың қара домбырасы ою-өрнектермен әшекейленген.
3.Қазақтың Ақ Ордасы киіз үй пішінде берілген.
4.Ұялы телефонның дыбыс шығаратын жеріне шаңырақ берілген.
5.Экранына тау көріністері берілген.
6.Басу кнопкасы киіз үй формасында берілген. Үлкен киіз үй ұлы жүзді, ортаншы киіз үй орта жүзді, кіші киіз үй кіші жүзді бейнелеген.
7.2 цифрі Күн бейнесінде белгіленген
8.«Қос аққу» қазақтың арман-мақсатын бейнелейді.
9.«Жүрек» қазақтың шынайы кең пейілін бейнелейді.
10. «Жасыл гүл» қазақтың ислами тәрбиеде көркейіп келе жатқанын бейнелейді.
11. Сары түс байлықты бейнелейді.
12. Алтын желкен алты Алаш қазақтарын бейнелейді
13. 6-дан 12-ге дейін еліміздің Көк байрағының  түсі белгіленген
14. Бұл ұялы телефон әртүрлі түсте бейнеленеді.


Адам миының қалай шіритіні анықталды
Нанотехнологияның ғажайыбын біздің отандық ғалымдарымыз бүгінде анық сезініп отыр. Негізінен, М.Ә.Айтқожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты да нанотехнологияны қолданудың арқасында татымды-татымды дүниелерге қол жеткізе алды. Мысалы, аталмыш институт ғалымдары жуырда адамның миы қалай шіритінін, оған не әсер ететінін анықтап, мынадай дәйектемелерді біздің алдымызға тартты. Ғалымдардың зерттеу нәтижесі көрсеткендей:
Адам ағзасында глютомат көбейіп кетсе, оның тікелей миға әсер ететіні белгілі болды. Ал глютомат тез дайын болатын тағамдарда, мәселен, біз пайдаланып жүрген қытайдың, кәрістердің кеспелерінде көп кездеседі. Сосын теледидардан күн сайын жарнамалап жататын қатырылған сорпаларды (бульон), дәмдеуіштерді тамаққа қосу да зиянды. Балаларымыз үнемі тұтынатын чипсы, кириешки адам миына өте зиянды. Мұндай өнімдерді, әсіресе жүкті әйелдер тұтынса, өте қауіпті. Осыған байланысты ғалымдар тағамдарда глютоматтың мөлшерін анықтап, оның қайсысы зиянды, қайсысы зиянсыз екенін айқындайтын әдіс ойлап тапқан. «Қазір осындай өнімдерді тұтынғаннан кейін ұрпағы ұсақталып, халық денсаулығы күрт төмендеп кеткенін аңғарған біраз ел бұл өнімдерді тұтынуға арнайы заңмен тыйым салды. Ал біздің Мәжіліс бұған әлі самарқау қарап, назар аудармай отыр. Байыптағанға бұл – үлкен мәселе. Осы мәселеге қатысты арнайы заң шығарылып, мұндай өнімдерге белгілі бір шектеу қойылуы керек» дейді ғалымдар...


Көмір мен ағаштан мұнай алуға болады
Химиялық технологияларды және материалдарды синтездеу ғылыми-зерттеу институты мамандары нақ осы наноматериалдардың көмегімен біраздан бері  зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көмір мен ағаштан мұнай алуға  болатын құрал ойлап шығарды.
Қайыр ЖҰБАНОВ, ғалым, профессор: 
– Өзіңіз ойлаңызшы, бұл ұйықтап отырған жанды селт еткізетін жаңалық қой. Соңғы кездері әлемдік экономист сарапшылар «40 жылдан соң Қазақстанның мұнайы түгесіледі» деген болжам айтуда. Сондай сәтте саусақ сорған баланың күйін кешіп қалмас үшін біз жоғарыда айтылған жаңалығымызды ашып, химиялық реактивтерді және сұйық заттарды қолдану арқылы наноәдістің көмегімен көмірден, ағаштан мұнайды қалай алуға болатынын дәлелдедік. Қазақстаннан селт еткен бір адам жоқ. Ал іргеміздегі Қытайдан, Белоруссиядан келген мамандар таңдай қағып, тамсанып кетті. «Мыналарың ғажап! Дереу өндіріске енгіземіз!» – деп жобаларымыздың бір парасын қытайлар сатып алуға тырысуда. Қазір қысық көз ағайындарымыз бұл жаңалықты өндіріске енгізу мақсатында үлкен бір зауыт салайын деп жатыр. Өзге ел еңбегімізді бағалап жатыр. Ал біздің өз елімізде еңбегімізді көрсете алуымыз үшін нанотехнологияға дендеп еніп, наноматериалдарды өндіріске пайдаланатын кезең әлдеқашан жетті. Ол үшін, яғни нанотехнология саласын дамыту мақсатында арнайы өнертапқыштар ұйымын құру керек.


Елімізде нанотехнология саласын дамыту мақсатында  арнайы өнертапқыштар қоғамын құру керек пе?


Хакім СУЕРБАЕВ, химия ғылымының докторы, профессор:
дұрыс
– Меніңше, бізге мұндай өнертапқыштар қоғамы керек. Мысалы, біз таяуда нанотехнологияның көмегімен жүрек дертіне дауа болатын валидол дәрісінің жаңа түрін ойлап таптық. Қазір бұл дәрі Ресейдің фармацевтикалық фабрикаларында өндіріске еніп жатыр. Тағы да сол тәрізді өнімнің сапасын бұзбай сақтап тұратын зат ойлап таптық. Мұны ұн шығаратын немесе әртүрлі тамақ өнімдерін шығаратын зауыттар өз өнімдеріне қосып шығарса, өнімдерінің сапасы төмендемейді. Тіпті бұл қоспаны жанар-жағармайға қосса да, оның өзіндік сапасы арта түспек. Өкініштісі, бұл жаңалықтарымыз елде еленіп жатқан жоқ. Сондықтан нанотехнологиялық жаңалық ойлап тауып, оны жаңа технология көмегімен іске асырғандарды қолдайтын өнертапқыштар қоғамы керек.


Амангелді СААДАНОВ, биолог ғалым:
бұрыс
– Біздің елде атақ-беделі бар, әйтсе де істеген ісі жоқ орталықтар мен қорлар немесе агенттіктер мен комитеттер, қоғамдық ұйымдар жетіп-артылады. Бұлардың қажеті шамалы. Мысалы, біздің бір ғана жобамызды өндіріске енгізу үшін кем дегенде 10 мың АҚШ доллары қажет. Бұл қаржыны тауып беруге инновациялық қорлар ешқашан ықылас танытқан емес. Сондықтан біз ашқан жаңалығымызды алдымен өзге елдің өндірісіне енгізуге тырысамыз. Содан кейін олардан алған қаржымен Қазақстан ғылымына үлес қосамыз. Амал қанша, қаржы тапшылығы қолды байлайды. Ал жаңағы сол қорлардың, қоғамдық ұйымдардың осынша қаржыны тауып бере алмасы анық. Сондықтан мұндай қарақұрым қоғамдық ұйымдарды көбейтудің қажеті жоқ.

Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, жеке пошта kokshe.79@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста