Алаштың БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Алаштың БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Қазақтың киіз үйі ұлттық бренд аясынан өсіп шықты
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғалымдарының жан-жақты ғылыми зерттеулерінің қорытындысын алға тартсақ, адам ағзасының ауруға шалдығуының негізгі салдары қоршаған ортадан екен, яғни 80 пайызы. Соның көп мөлшері денсаулықтың азық-түліктен улануынан болса, біршамасы тұрғын үйдің зияндығынан көрінеді.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Тарихымыздағы бірінші сәулеттік құрылыс
Жылдан-жылға құрылыс технологиясы заманмен қатар жаһанданып отырған бас­панамыздың, шыны керек, экологиялық таза еместігін өзіміз де жақсы білеміз. Алайда адамзат баласы тұрмыс қалыбынан шыға алушы ма еді, өркениеттің заңды­лы­ғымен жүру – заңдылық. Экологиялық таза дейік, мейлі демейік, үйің болмай, күйің болушы ма еді?
Десек те, көшпелі елдің қара шаңырағы саналған киіз үй, керісінше, адам денсау­лығына өте пайдалы екендігін кім-кім де біледі. Ата-бабаларымыз оның құрылысын экологиялық таза заттардан жасаған. Ағаштың, киіздің құрамын жақсы білген. Орта­лық және Орта Азия халықтары­ның негізгі баспанасы, көшпелі тұрғын үйі саналған киіз үй бір жағы  көшпенділер­ге тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қону­ға ыңғайлы болған.
Көшпенділердің киіз үйі  – тарихымыз­дағы ең бірінші сәулеттік құрылыс. Киіз үй­дің іші қыста жылы, жазда салқын. Кейін­гі жылдары оны шопандардың не са­пар­ға шығушылардың кең қолданғандары содан. Киіз үй жер сілкінісінде де қауіпсіз, былайша айтқанда, оңайлықпен бұзыла қоймайды.
Киiз үйдегi кеңiстiк  – қазақ дүниета­нымы­ның тоғысқан жерi. Киiз үй әрі ғаламның моделi. Бүкiл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретiнде қарастырсақ, киiз үй – баспана ғана емес, арғы әлеммен бай­ланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелi орын.
Міне, осындай өзімізге тиесілі, біздің меншіктеуге құқымыз бар ұлттық симво­лы­мыз саналған киіз үйді қазір шетелдіктер мойындап, оның құрылысын үйреніп алып, тіпті қомақты қаржы тауып жүр.
Киіз үйдегі медитация
«Азаттық» радиосы жариялаған «АҚШ-тағы киіз үй бизнесі» атты мақала ел арасында көп оқылды.
Олар: «Киіз үйді АҚШ-тағы жұрттың көбі баспана ретінде қолданады, кейбірі ме­ди­тация жасауға ыңғайлы орын деп біледі. Киіз жасаумен айналысатын ком­пания мың­даған киіз үй жасап, жылдың кез кел­ген мезгілінде 50 шақты баспана тұрғыза­ды» деп жазған болатын.
Colorado Yurt Company компаниясы моңғол үлгісіндегі киіз үйді «бір-екі күннің ішінде оңай тігілетін, экологиялық таза баспана» деп тауып, соны мойындаған. Аталмыш компания, тіпті «Киіз үйдің ағаш­тан жасалған бөліктері мәңгі қызмет етіп, ал матадан жасалатын жоғарғы бөлігі киіз үй тігілетін жердің климаты мен күн қызуы­на қарай 8-15 жылға шыдайтын­дығына кепілдік те береді екен.
Colorado Yurt Company компаниясы жасап шығарып отырған киіз үйлер қазіргі «элитный пәтерлерден» еш кем емес көрінеді. Электр жарығы, әжетхана, жылумен, сумен де қамтамасыз етілген көрінеді.
Компания қожайындары Дэн Кигер мен әйелі Эмманың айтуларынша, бизнес­терін олар сонау 1970 жылдардың аяқ шенінен бастаса керек. Қазір киіз тігетін фабрикалары, жұмысшылары бар. Оларға мұндай идея 1970 жылдары «табиғатқа оралу» қозғалысы өрістеген жылдары пайда болғанға ұқсайды.
Бизнестерінің тасы өрге домалап тұр­ған кәсіпкер ерлі-зайыптылардың киіз жасау технологиясы мен құрылыс заттары – заманауи. Фабрика жұмыс істеп тұрғалы бері, олар сұраныс бойынша мыңнан аса киіз үй жасапты. Киіз үйдің қолайлылығы мен экологиялық таза екендігіне көздері жеткен америкалықтар қазір оны кез келген мақсатта пайдалануда. Мәселен, тауда немесе көл жағасына тігіп, қала сыртын­дағы үй ретінде пайдаланады. Киіз үйді сатып алатындардың арасында онда тұрақ­ты тұрып жатқандар да жоқ емес. Ал ұйым, мекемелер киіз үйді клиенттеріне қызмет көрсету үшін таптырмайтын баспана санайды. Мәселен, жас скауттар ұйымы, шаңғы курорттары мен экология­лық тұрғыдан таза саяхаттар ұйымдастыра­тын курорттар, табиғат аясында йога, ме­дитация өткізетін студиялар үшін киіз үй өте ыңғайлы орын.
«Экономикалық дағдарыстан кейін қарапайым тұрмысқа көшіп, табиғат аясына оралғысы келетін жандар көбейді, – дейді Дэн Кигер. Компания қожайында­ры­ның айтуынша, орташа көлемді киіз үйдің бағасы шамамен 14 мың АҚШ дол­лары. Америкада орташа көлемді үйдің құны бұдан төрт-бес есе қымбат» деп жа­зады «Азаттық» радиосы.
Қарап қызғанасың ба, қызығасың ба? Әрине, киіз үйді әлем мойындап, таң-та­ма­ша болып жатса, бұл біз үшін мақтаныш қой. Алайда бабадан қалған бай мұра­ла­рымыз «ұстағанның қолында, тістеген­нің аузында» кетіп жатса, ол өкінішті.
Ван Джоунз киіз үйге ағылшынша сән берген
Киіз үй, сондай-ақ Ұлыбритания елінде де кең тараған көрінеді. Аталған елде белгілі құрылысшы саналатын Гал Ван Джоунз есімді ағылшын қазіргі кезде киіз үйлер жасап, оны сатып не жалға беріп, қомақты қаржы тауып отырған көрінеді. Гал Ван Джоунз бұл кәсіпті Туркияда жүріп үйреніпті. Тіпті арнайы білім алған да деседі. Сөйтіп, киіз үй жасап, оған «ағыл­шынша» сән беру арқылы бизнесін жандандырған. Осы тұста айта кетейік, киіз үйге көзі түскен әр ұлт өкілі оған өзінше сән бере беретін болса, киіз үйіміз «ГМО» ата­нып кететін шығар?!
Ол жасаған киіз үйлер көлеміне қарай 1300 доллардан 5000 долларға дейін бағаланады. Айта кетейік, осындай киіз үй Вашингтондағы Ақ үйдің маңында тұр. Оны жасаған – алматылық бизнесмен Ұзақ­­бай Айтжанов. Сонымен қатар ұлты қыр­ғыз Османалиев жасаған киіз үй Сан-Диего қаласындағы Әлем халықтары шы­ғар­­машылығы Халықаралық мұражайын­да орналасқан.
Киіз үй өнеркәсібін неге жандандырмасқа?
КСРО жылдары киіз үй, негізінен, Үш­тө­бе киіз үй комбинатында жасалатын. Ол 1961 жылы Қаражал құрылыс материал­дары зауытындағы шағын, арнаулы цех­тың негізінде ұйымдастырылып, бастап­қы­­­да «Киіз үй фабрикасы» деп аталды.
Малшыларға киіз тігумен айналысқан мекеме 1965 жылы Қазақ КСР Министр Кеңесінің №689 қаулысына сәйкес, фабрика Қазақ КСР Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрлігінің қарауына көшеді. 1967 жылы Үкіметтің қаулысымен жылына 15 000 қазақ үй жасау­ға мүмкіндік беретін жаңа өндірістік технология іске қо­сыл­ғаны мәлім. Үштөбе киіз үй комбинаты өнімдері тек республикаға ғана емес, со­ны­мен бірге шетелдерге де кеңінен таны­мал болған. Комбинаттан шыққан киіз үй­лер беріктігімен, әсемдігімен және пай­­далануға қолайлығымен ерекше еді.
Өкінішке қарай, қазір Қазақстанда киіз тігумен айналысатын мекемелер саусақпен санарлық. Есесіне, қытайлар одан мил­лиард­­тап қаржы табуда. Өзіміздің шикі­затымызды өзімізге тауар ретінде сатып отырған қытайлар киіз үй тігуді жақсы мең­геріп, оның тиімділігін пайдаланып отыр.
Табиғат аясында демалғанға не жетсін! Таза ауа, құлаққа ұрған танадай тыныштық, салқын самал, қысқасы жанға сая жайлылық. Ал жалға берілетін киіз үйдің бағасын естіп, әлгі табиғатта демалсам деген ынтық көңілің басылып қалады. Бағасы қымбат, әсіресе жаз айларында 15 мың теңгеге дейін өсіп кетеді. Ал дәл сон­дай киіз үйді, сол маусымда қырғыз ба­уыры­мыз 4 мың теңгеге жалға береді.
Киіз үйді әлі де баспана ретінде пайда­ланып отырған Монғолия бір жылда сыртқа 17 мыңға жуық киіз үй сататын көрінеді. Ал алтайлықтар мен тувалықтар Германия елінде жыл сайын этноауылды көрме өткізіп тұрады. Оған, негізінен ерекшелігі жағынан өркениеттің «әйнек үйлерінен» қалыспайтын киіз үйлерді қоюда. 
«Қолда бардың қадірі жоқ» демекші, біз үшін жасалу технологиясының еш қиындығы да, құпиясы да жоқ киіз үй өзімізге таптыр­май­тын дүниеге айналып барады. Ғалым­ның көзқарасында қос қабатты киіз үй кө­теру қазіргі заман ағымына бейімделу бо­лып табылады. Бастысы, бұл – елге турис­тер­ді көптеп тартудың бір жолы.


Қос қабатты киіз үйдің артықшылықтары
Қос қабатты киіз үй жайында естуіңіз бар ма?
Бар екен. Оның авторы – техника ғылымының докторы, профессор Жұмабай Байнатов.
«Дамудың ұзақ сатысынан өткен киіз үй – жиналмалы үйлердің ең озық үлгісі. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 2000 жылдары пайда болып, қалыптасқан. Киіз үй күні бүгінге дейін пайдаланылуда. Көшпелі мал шаруашылығы мәдениетінің ажырамас бөлігі», – дейді өнертапқыш ғалым.

«Көшпелі халықтардың көп ауруларын қоздыратын себептердің бірі – ылғалды­лық. Осындай дымқыл ауадан айырып, киіз үйдің жайлылығын арттыру мақса­тын­да екі қабатты киіз үйдің макетін ойлап тап­тым» дей келе, Ж.Байнатов өзінің идея­сы­нан туындаған өнертабысы туралы біраз түсініктеме берген-ді.
Тұрмысқа қолайлы қос қабатты киіз үйдің үстіңгі қабатында жатын және қонақ күтетін бөлмелер орналасқан екен. Ал үлкен мереке күндері киіз үйдің екінші қабаты сөз сөйлейтін не концерт қою алаңы ретінде пайдалануға ыңғайлы етіп жасалған-ды. Сонымен қатар қос қабатты киіз үйді табиғат аясында, яғни ғимарат салуға ыңғайсыз жерлерде кафе, ресторан ретінде қолдануға өте тиімді.
Бір жақсысы – екінші қабатқа улы жәндік­тер шыға алмайды және ол қабат құрғақ болып келеді. Сайып келгенде, осы артықшылықтар қос қабатты киіз үйдің экологиялық маңызын жоғарылата түспек. Ал қыстың күні екінші қабатты жауып, оны шатыр ретінде қолдануға әбден лайық. Жаңа өнер­туын­ды, тіпті жуылған кір-қоң­ды жайып қой­са да (қыс мезгілін­де екінші қабатқа) әбден болатындай етіп жа­сал­ған.
Қос қабатты киіз үй, әсі­ресе жас үй­лен­ген отбасыла­рына таптыр­майтын баспана. Нә­­рес­тенің дұрыс дамуына таза ауа, тыныштық аса қа­жет әрі күннің сәу­лесі да жақсы түсе­тін болады.
Мұндай үйдің құрастыру әдісі де анау айтқандай қиын шаруа емес. Алдымен екінші қабатты толығымен құрып алып, киіздерін бекітіп алған соң, сол қалпында бірінші қабатқа кигізе салады. Ал бірінші қабатқа симметрия етіп жүк көтергіш қада орнатады.
Қыс айларында бірінші қабаттағы ошақ­тан шыққан жылу орнатылған кол­лек­торлардың екінші қабатты қоса жы­лыту­ға мүмкіндігі әбден жетеді. Бірінші қа­бат­тан екінші қабатқа табалдырық арқы­лы көтеріледі.
Америка ғалымдары зерттегендей, бір баспалдақ адамның төрт секунд өмірін ұзартады екен. Ал екі қабатты киіз үйде 15 баспалдақ орнатылған.
Қысқасы, Қазақ жері – мал шаруашы­лы­ғы қалыптасқан ең көне аймақтар­дың бірі. Мал шауашылығы әлі күнге дейін отандық экономикаға тың серпін бе­ретін елеулі күш саналып отыр. Ондай бол­са, мал шаруашылығымен айналыса­тын­дар­­дың тұрмыс мәдениетін дамытуда қос қабатты киіз үй – теңдесі жоқ баспана. Ал Ж.Байнатов: «Бұл қос қабатты киіз үйге тек табиғи экологиялық таза мекенжай деп қана емес, қазіргі заман ағымымен үн­дескен жаңа жоба деп қараған жөн» дейді.


Робот-бесік
«Төріңде бесік тұрса, төре де басын иеді» дейді қазақ. Төрінде бесігі тұрған әрбір шаңырақ – қа­зақ үшін киелі шаңырақ. Жуыр­да жас өнертапқыш Се­рік­бол Шәймардан   электрон­ды бесік ойлап тапты дегенді естігенде күллі қазақ елең ете қалған-ды. Жас жігіт С.Шәймар­дан­ның негізгі мамандығы ра­дио­техник  екен. Ол ойлап тап­қан бесіктің бір ерекшелігі – оның қашықтан басқарылатыны, яғни бесік сәби даусына те­рбе­леді. Робот-бесікті пай­­­­да­ла­нып көргендер тәнті болып отыр.
Серікбол Шәймарданның өзі  қия­лын­да көптен бұғып жатқан электронды бесік жобасын «көп жылғы еңбегім» дейді. 
Бақ өкілдеріне берген мәлімдеме­сін­де Серікбол Шәймардан:
– Бала жыласа, өздігінен тербеле­тін бесік­ті қолданып жатқандар жоқ емес. «Бесік арқылы уақытымызды айтар­лық­­тай үнемдеп отырмыз. Оның пайдасы бол­маса, еш зияны жоқ» дейді олар. Бе­сік­ті уақыттың шек қоюы арқылы тер­бету­ге болады. Сонымен қатар басқар­ғыш құралы арқылы алыстан басқаруға қолайлы. Тағы бір артықшылығы - бала дәретке отырса, бесік өзі белгі  бе­реді. Тіпті баланың көрпесі ашылып қал­са да, оны бесік «айтады».
Кейінгі жылдары баланы бесікке бөлеу дәстүрі ұмыт бола бастаған еді. Тіпті оған қарсы, яғни «бесік баланың дамуын тежейді» деген ғалымдар да бар болып шықты. Ал жас өнертапқыш өз кезегінде сол ұлттық дәстүрімізді жаң­ғыр­ту­ға ықпал етпекші. «Заманауи элек­трон­ды бесік ойлап тапқандағы мақса­тым сол еді» дейді. Бүгінге дейін 30-ға жуық өнертабыс ойлап тапқан С.Шәй­мардан осылай патент алу арқылы қазақ қа­зынасының бірін өз қанжығасында қалдыруға үлес қосты.


Электронды домбыра ұлттық нақышын құртып алмай ма?
Соңғы кездері электронды домбыра жасап шығуға әрекеттенгендер аз болған жоқ. Көбісі сәтсіз аяқталып жатты. Алайда осы жуырда талай жылғы «толғақтан» кейін электронды домбыра, әйтеуір, дүниеге келді. Қазақстандық шебер  ойлап тапқан бұл өнертуындысы тарихта қала ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Біреу риза болса, енді біреу «электронды домбыраны ұлттық аспабымыз деуге келе қоймас» деген пікір айтуда.
Ержан ИСИН, музыкант:
– Электронды домбыра иесі мен болғанымен, оның жобасын жасап, жүзеге асырған өнер шебері – Әділ Сәбит. Қазір бұл домбыра – халық­ара­лық патенттің «иесі». Айтпақшы, Әділ Сәбит  гитара жасауда Лондонда өт­кен сайыста Шеберлер гильдия­сы­ның құр­метті тізіміне ілінді. Әзірге бұл дом­быра – елімізде патенттелген тұң­ғыш өнертабыс. Авторлық құқығы да бар.

Өздеріңіз білесіздер, электронды домбыра жасағысы келгеннің бірін­шісі Әділ Сәбит емес. Бірнеше өнер­­тап­қыш байқап көрді. Алайда дом­быра анау-мынау аспап емес. Дом­­­­быра – қоңыр үні тыңдаған жан­ның айызын қандырып, бүкіл алпыс екі тамырыңды идіре алатын аса қа­сиетті әрі тарих пен сырға толы аспап. Сон­дықтан да оны жасау екінің бірі­нің қолынан келе бермейді. Ондай болса, электронды домбыра жасау­дың қиындығын осыған қарап-ақ түсінуге болады. Әділ Сәбит шеберлік та­ныт­ты. Ол домбыраның табиғи, қоңыр да­уысын сақтай білді. Ол оған нейлон ішек пайдаланды. Домбыра­ның ішіне шебер арнайы құрылғы ор­натты. Со­ның көмегімен домбыра­ның үні қатты шы­ғады. Жасыратыны жоқ көп ізден­дік. Электронды домбы­ра­ны жасауға жыл­ға жуық уақытымыз кетіпті.


Ұлттық құндылықтарымызды патенттеуді мемлекет өз мойнына алуы тиіс пе?
Ұлттық құндылықтарымызға көз салып, патенттеп алғысы келіп жүрген жатжұрттықтар аз емес. Біреу қымызымызды, біреу домбырамызды, енді біреу киіз үйімізге «таласып» жүр. Түнеу күні Көкшетау қаласына еуропалықтар келіп, киіз басудың технологиясын сұрастырып кетті. Бұдан да сақтану керек. Өйткені қазақтың қай дүниесін не асын алыңыз, барлығы да табиғи пайдалы болып шығады. Әрі сапалы. Ондай болса, ұлттық құндылықтарымызды патенттеуді мемлекет өз мойнына алуы керек шығар? «Әйтпесе бабадан балаға мирас етіп қалдыратын түк қалмауы ғажап емес» дейді мамандар.

БІЛІКТІ НЕ ДЕЙДІ?

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Патент – мемлекет­тің жеке адамға не фирмаға беретін және оның ойлап тапқан өнертабысын бел­гі­лі бір мерзім ішінде пайдала­нуы­на ерекше құқықты мойын­дау­ды қамтамасыз ететін құжат. Мем­лекет тек оның заңдық нормалар аясында жүзеге асуын қадағалап, бақылап отыруды ғана міндетіне ала алады.
Ал егер әңгіме ұлттық құндылық­қа қатысты болатын болса, шынымен де, мемлекеттің араласқаны жөн. Өйт­кені, шынымен де, соңғы кездері ұлт­тық қазынамыздың ішінде түр­леніп, өзгеріп, біздің санамыздан ұмыт болу қаупі төніп тұрғандары жоқ емес. Тіпті ұрпағымызға қалды­ра­тын қазына қалмай жатса, бұл – қасі­рет. Әрбір ұлттың тарихы оның ұлт­тық құндылықтарымен ғана өмір­­шең. Ал тарихи санасы өшкен елдің болашағы жоқ.
Кейде шетелдіктердің біздің ұлттық нақыштағы дүниелерімізге, салт-дәстүрлерімізге қызығушылық танытып, тіпті «үйретіңіздерші» деп жалынатындары да бар.
Әркім тартып алмай тұрғанда, ұлт­тық құндылықтарымызды заң­дас­­ты­рып қойғанымыз дұрыс, яғни патенттеп қою керек. Оған мемлекет тарапынан қолдау керек деген пікір­ге толықтай қосыламын.

БІЛІМДІ НЕ ДЕЙДІ?

Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
– Бұл сауалды осыдан бірнеше жыл бұрын қойғанда мен ойланып қалар едім. Енді мұндай пікірмен қосыла­мын. Өйткені, шыны керек, «ұлттық бренд­терімізден айырылып қаламыз ба?»  деген үрейім бар. Ата-бабалары­мыз қалдырып кеткен қазақтың ұлт­тық құндылықтары ұшан-теңiз. Өкі­ніш­ке қарай, көбісі бүгінгі күнге жет­пей қалды. Бiразы этнографиялық жазба күйінде қалды. Қазір біздің білетініміз тек жұрнағы ғана. Тіпті соның өзінен айырылып қалмасақ игі еді. Ол үшін мұндай ірі іске мемлекет араласпаса болмайды.
Белгілі этнограф, бүгін арамызда жоқ Жағда Бабалықовтың «қазақтың ұлт­тық ойындарының өзi ғана 500-ге жетедi» дегенін естігенім бар. «Ұлттық құндылықтарымыз дегенде бірінші санаға ұлттық тағамдар, ұлттық ойын­дар, ою-өрнектер, тұрмыс­тық бұйым­дар және тағы да басқа ата-бабалары­мыз тұр­мыста қолда­нып, мұра етiп қал­ды­рып кеткен зат­тар түседі. Айта кетейін, жыл­қыны ал­ғаш­қы болып қол­ға үйрет­кен біз еке­нiн және  алманың ота­­ны Же­­тiсу өңiрi екенiн әлем ғалым­дары мо­­йын­­дап отыр. Осылар­дың бар­лы­ғы­на ха­лықаралық патент алып, ұр­па­ғы­мыз­­ға мұра етіп қалдыру біздің па­­­ры­зы­мыз емес пе? Былайша айтқа­н­да, мем­­­лекет бас-көз болмаса, жекеле­ген адам­­дардың қолынан не келеді?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста