Салық мәдениеті жоғары елдің тұрмысы тәуір
Салық тарихы сонау қадым заманнан бастау алады. Мәселен, Ежелгі Мысырда билік басындағыларды асырау үшін көптеген салық түрі енгізілгенін білеміз. Салық салушы мысырлықтарды тіпті о дүниеге дейін «қуып баратын». Бұған перғауындардың мазарынан табылған салықшылардың мүсіні дәлел. Олар перғауынның сол жақта жүріп мемлекеттік қазынаны толтыруына жәрдем беруге тиіс еді.
«Өмірде екі нәрседен қашып құтыла алмайсың. Бірі – өлім, екіншісі – салық»
(Б.Франклин)
Англияда 1799 жылы Наполеонға қарсы соғысқа қаржы жинау мақсатында салынған салық бүгінгі қолданыстағы түріне жол салып берді. Ал француз императорының әскері тізе бүккеннен кейін ағылшындар өздеріне жайсыз тиген алымды дереу құртты. Бірнеше онжылдықтан кейін ол қайта жаңғырып, өзге елдерге тарады. Әйтсе де енгізу қиынға соқты. Өйткені қай заманда өмір сүрсін, адамзаттың салықтан қашатын әдеті. Мамандардың айтуынша, мүлтіксіз салық жүйесі еш жерде жоқ. Сондықтан салықты жетілдіру жұмысы әлі күнге дейін толастар емес. Экономист ғалымдар мен салық қызметкерлері, бір жағынан, бюджетке қажетті соманы жинақтауға мүмкіндік беретін, екінші жағынан, елдегі экономикалық белсенділікті жаншымайтын салық жүйесін ойлап табуға күш жұмсаудан шаршамайды.
Бұл тұрғыда ХІХ ғасырда өмір сүрген америкалық экономист Г.Джордждың теориясы қызық. Ол «ұлтты дәуірлету үшін жер салығынан басқа салықтың бәрін алып тастау керек» деген. Жүз жылдан астам уақыт өтсе де, бұл теорияның тиімділігі қай жағынан болсын әбден дәлелденген. Алайда бірде-бір мемлекет оны басшылыққа алуға батпай отыр.
Сондықтан мүлтіксіз салық жүйесін іздеу әлі де жалғасуда. Ол шегіне жетпейтін шексіз болуы мүмкін. Себебі салық атаулы әр елдің ерекшелігіне, халқының дәстүріне, экономикалық даму сатысына сай болуы қажет.
Еске түсірсек, Қытай коммунистік партиясының белді мүшесі Ли Ланьцин неміс баспасөзіне берген бір сұхбатында салық төлемеген кейбір қытай азаматтарының өлім жазасына кесілгені туралы айтқан болатын. Оның пікірінше, қытайдың салық жинаушысы «темір жүзді, темір жүректі және темір қолды» болуы тиіс.
Мұны Шығыс даналығы десек те, өзге елдердің ұстанымы – осының ар жақ-бер жағында. Айталық, Швецияда жұрттың табысы айрықша бақылауда. Кәсіпкер ме, шоу-бизнес өкілі ме, әлде король ма – бәрібір. Жыл сайын әрбір швед тұрғыны пошта арқылы салық декларациясының қағазын алады. Оны толтырып, белгіленген мерзімде кері қайтаруға міндетті. Декларацияға қолы жеткен қаржыны (шетелден келген ақша аударымын да) жасырмай көрсетеді. Бұл елдің жұлдыздары да заңды қатты құрметтейді. Мәселен, 70-80-жылдары аты шыққан АББА тобын салықты мерзімінде төлегені үшін баспасөзде жер-көкке сыйғызбай мақтайтын. Тіпті АББА-ның швед қазынасына төлеген салығының мөлшері «Вольво» автокөлік алпауытымен теңескен кездері болған.
Индонезияда жыл сайын ең ірі табыс салығын төлеген 200-ге жуық жеке тұлға мен жеке компаниялар тізімі жарияланады. Оларды мақтау қағаздарымен марапаттайды және салық жеңілдігін қоса береді.
1913 жылы АҚШ-тың салық заңнамасы 200 парақтан тұрды. Қазіргі кезде бұл елдің Салық кодексіндегі парақ 1000-нан асады. Ал бүкіл салық заңнамасы 17 000 беттен немесе 260 томнан тұрады. Әлбетте, ол тек салық қызметкері үшін ғана қызық екені айтпаса да түсінікті.
1925-1927 жылдары чикаголық гангстер Аль-Капоненің қарақшы тобы 915 адамның өліміне кінәлі болса да, бірде-бірі жазаға тартылған жоқ. Ал Аль-Капоне салық төлемегені үшін темір тордың ар жағынан шыққан.
Жалпы, шетелдің көп елінде мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ салық ұғымын түсіндіруді бастайды. Мәселен, Аргентинадағы мектептер мен колледждерде салық негіздерін түсіндіретін арнайы пәндер өтеді. Жапонияда мемлекеттік салық басқармасы шығарған «Біздің өміріміз бен салық» атты оқулық бойынша сабақ жүргізіледі.
Ал бізде бұл жағы – әлі жабулы қалпында. Қарапайым жұртты былай қойғанда, кәсіпкерлердің салық сауаты төмен екені жасырын емес. Жазда өткен кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Кәсіпкерлерді өздерінің салық мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу керек. Бұл үшін Үкімет «Атамекенмен» бірлесіп, салық кеңесшілері, бірінші кезекте кәсіпкерлікті енді бастағандардың салықтық сауатын арттыру институтын құру мәселесін зерделеуі қажет» деген болатын. Кәсіпкерлерді салықтың мүлде болмағандығы қуантатынын баса айтқан Елбасы: «Немесе олар салықтан әдемі жалтаруды ойлайды. Ал Жәмішевтің тапсырмасы – оларды ұстау. Ол мұны сәтті жүзеге асыруда», – деген еді.
Болат ЖӘМІШЕВ, қаржы министрі:
– Егер 1 қаңтарда бюджетке салық пен өзге де төлемдер есебінен төленбеген түсім 224 млрд теңгені құраса, қазір ол 62 пайызға азайтылды. Үмітсіз «қарыз» 164 млрд теңгені құраса, қазір ол 42 млрд теңге болды, яғни 74 пайызға кеміді.
Ал үмітсіз төлемдер жалған кәсіпкерлердің есебінен ұлғаяды. Ешқандай активі жоқ жалған кәсіпорындардың басты құралы – олардың банкроттығы. Қазір біз соларды қолға алдық».
Ең қымбат салық – Бельгияда
Жеке адамдардың табысына салынатын салық әр елде әртүрлі.
Ергежейлі мемлекет - Монакода салық мөлшерлемесі нөл пайыз болса, қасындағы Францияда – 75 пайыз. Әйтсе де бұл жылына миллион евродан асатын табысқа қатысты. Сондықтан бұл елдің миллионерлері Монакоға табан жалтыратуға дайын тұрады.
Болгарияда табыс салығы 10 пайыздан аспайды, ал Литва мен Чехияда – 15 пайыз. Одан кейінгі орында Румыния (16), Словакия (19), Эстония (21) тұр.
Бұл топқа жуық арада Латвия қосылуы мүмкін. Бұл елде үш жылдың ішінде табыс салығын 25 пайыздан 20 пайызға төмендету көзделген.
Батыс Еуропа елдерінде ең аз табыс салығы – 21 пайызға дейін. Финляндия, Венгрия, Польша, Мальта, Люксембургте табыс салығының мөлшерлемесі – 30 және 40 пайыз аралығында.
Ирландия, Словения, Италия, Швейцария, Грекия, Германия, Португалия, Испаниядағы жеке табыс салығы – 40-50 пайыз.
Ал Англия, Бельгия, Нидерландтар салық төлеушілерін еш аямайды – 50-52 пайыз. Швеция мен Данияда – 60 пайызға дейін.
Сарапшылардың мәліметінше, осылардың ішінде ең жоғарғы табыс салығы Бельгияның еншісінде – 59,2 пайыз. Мұндай тым жоғарғы салық мөлшері Бельгияның инвестициялық тартымдылығын азайтады деген пікір бар.
Табыс салығы жоғары Еуроодақ елдерінде салықтан жалтару мүмкін емес. Мәселен, Италияда биылғы жылдың қаңтарынан Redditometro компьютерлік жүйесі іске қосылған. Ол автоматты түрде салық төлеушілердің кірісі мен шығысын салыстырып отырады. Табыс базасы салық декларациясына қарап жасалады. Ал шығындар жүздеген мәліметке сүйенеді. Оған үй, автокөлік, жиһаз сатып алудан бастап, түрлі клубтарға бару, кабельді телевизияға қосылуға дейін кіреді. Сондай-ақ қайырымдылық мақсатына жұмсалған қаржы да ұмыт қалмайды.
Еуропалық салық салушылар сән-салтанат нарығын жіті қадағалаудан жаңылмай, қымбат автокөлік, картина т.б. мүліктердің саудасын бақылап отырады. Кей кезде мұндай шаралар көпе-көрнеу өткізіледі. Мәселен, өткен жылы салық қызметкерлері Сан-Марино мен Монако арасында тоғыз қымбат автомобильді ұстап алып, олардың иесіне 30 евро көлемінде қосымша салық салған болатын.
Қайсысын таңдаймыз?
Орыс халқында «Түрме мен ақшадан құтылам деп ойлама» деген бір нақыл сөз бар. Сол сияқты қазіргі заманда кез келген адам кез келген сәтте бизнеске бет бұруы мүмкін. Ал бизнес жүргізу үшін ең әуелі оны тіркеу керек. Өйткені заңсыз кәсіпкерлік үшін әкімшілік айыппұл төлеуге немесе тіпті қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін. Бір жақсысы, таңдау бар. Жеке кәсіпкер не заңды тұлға ретінде тіркеліп, кәсібіңді дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік берілген. Сондықтан бұл жолы біз осы екеуінің айырмашылығына, жағымды және жағымсыз қырына тоқталуды жөн көрдік.
+
Жеке кәсіпкер (ЖК)
1. Жеке кәсіпкер салықты аз мөлшерде, көп жағдайда заңды тұлғаға қарағанда, төменгі мөлшерлемемен төлейді.
Салық мөлшерлемесінің көлемі жеке кәсіпкердің қандай салық режимінде жұмыс істейтініне байланысты. Патент негізінде болса – тапқан табысына 3 пайыз деңгейінде, қарапайым декларациямен жұмыс істесе – табыс сомасына қарай 3-7 пайызға дейін төлейді. Егер жалпыға бірдей тәртіппен төлесе, онда оның табысы келесі мөлшерлемемен белгіленеді: жеке табыс салығы 5-тен 30 пайызға дейін табыс сомасының мөлшеріне қарай. Әлеуметтік салық – 3 АЕК көлемінде өзі үшін және әрбір жалдама жұмысшы үшін – 2 АЕК көлемінде.
2. ЖК-тің тауар мен қызмет көрсетуден түскен айналым мөлшері 10000 АЕК-тен асса, қосымша құн салығын төлейді.
3. Бухгалтерлік есебі патент пен қарапайым декларацияны қолданса, анағұрлым жеңіл болмақ. Бұл есеп-қисапты есепші жалдамай жүргізуге мүмкіндік береді.
4. Тіркеу де оңай. Тіркелгені үшін 4 АЕК көлемінде жинақ ақы төлейді. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік өзі тіркелген жергілікті салық мекемесінде беріледі.
-
1. Жеке кәсіпкерлікпен байланысты қызметтегі кемшіліктің бірі – жеке кәсіпкер жалпыға бірдей негізде жауап береді. Басқаша айтқанда, бюджет алдында немесе жабдықтаушы, мердігер, өзге де кредиторлар алдында қарызы болса, сот шешімімен оның жеке мүлкі сол қарызды жабу үшін тәркіленеді. Әрі ЖК-тің мұндай жауапкершілігі шексіз.
2. Кейде заңды тұлғалар (әсіресе шетелдік) жеке кәсіпкермен ынтымақтасуға бара бермейді. Оның себебі – ЖК-тің ҚҚС төлемеуі, қызметін патент негізінде жүргізуі.
3. ЖК заңды тұлға болып қайта құрыла алмайды. Мәселен, ЖШС ретінде.
4. Патент бойынша жұмыс істейтін ЖК жұмысқа жалдама жұмысшыларды алуға құқығы жоқ.
5. ЖК қызметі шеңберінде бірнеше тұлғаның капиталын біріктіруге болмайды. Жай серіктестік түрінде бірнешеуі біріксе де, мұндай бірлесу заңды тұлға болып есептелмейді.
6. Кәсіпкерлік жұмысты жекелендіру қиын. ҚР «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңына сәйкес, ЖК өз кәсібіне фирмалық атау бере алады. Алайда тіркелмеген фирмалық атауды оны басқа біреудің заңсыз пайдалануын немесе өзге де әрекеттерден қорғау тәжірибе жүзінде мүмкін емес.
Заңды тұлға
Мұнда заңды тұлғаның екі түрлі ұйымдастыру-құқықтық формасын қарастырамыз: жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) және акционерлік қоғам (АҚ).
ЖШС мен АҚ – коммерциялық ұйымдардың ішінде ең көп таралған түрі, әсіресе бұл ЖШС-ға қатысты. ҚР «Акционерлік қоғам туралы» жаңа Заңында оларды жабық және ашық деп бөлу алып тасталған.
+
1. ЖШС құрылтайшысының не АҚ акционерінің жауапкершілігі ұйымның міндеттемелері бойынша шектеулі болып табылады. Сіз ЖШС немесе АҚ кредиторлары алдында ЖШС жарғы капиталындағы салымның төленбеген бөлігі (немесе АҚ-тың сізге тиесілі акцияларының) көлемінде ғана жауап бересіз. Алайда егер сіз құрылтайшы ретінде өз қызметіңіз арқылы заңды тұлғаны банкроттыққа ұшыратсаңыз, онда сізге серіктестіктің міндеттемесі бойынша қосымша жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Жарғы капиталында өзіңіз төлеген үлес бөлігінде немесе сізге тиесілі акциялар бөлігінде шығын тәуекеліне тап болуыңыз мүмкін.
2. Егер бизнесте серіктесіңіз болса, онда ЖШС мен АҚ сіздің бірлескен жоспарыңызды жүзеге асыра алады. Өйткені бұл ұйымдастыру-құқықтық формаларға бірнеше құрылтайшы (қатысушы) болуға рұқсат берілген. Құрылтайшы саны шектелмейді. Бұрын ЖШС мүшелері 100-ден аспасын десе, қазір ол норма алып тасталған.
3. Бір формадағы заңды тұлға заңды тұлғаның басқа формасына ауыса алады. АҚ ЖШС болып немесе керісінше. Бірігуге және бөлінуге де болады. Бұл – ірі бизнестің жағдайына қарай бейімделу үшін берілген мүмкіндік.
4. Заңды тұлға басқа қалада, облыстарда, тіпті өзге елдерде өз бөлімшесін немесе өкілдігін аша алады.
-
1. ЖК-ке қарағанда заңды тұлғаға мөлшерлемесі жоғары көп салық салынады. ЖК-та жоқ салық түрі – корпоративтік табыс салығы, жалпы тәртіппен салық төлейтін заңды тұлғаның тапқан табысының 30 пайызы, пайда мен шығынды алып тастағанда (ҚР СК 135-б). Әлеуметтік салық заңды тұлғаның жалақы қорының 21 пайызын құрайды.
Дегенмен арнайы салық режимін пайдаланған кезде қарапайым декларациямен (заңды тұлғаларда шағын бизнес субъектілері үшін) онда заңды тұлғаның табыс сомасының 4-9 пайыз мөлшерлемесімен төлейді. Мұндай жағдайда шығын есепке алынбайды, ал салық сомасы корпоративті және әлеуметтік салық түрінде тең дәрежеде бөліп төленеді.
ҚҚС-ға қатысты шарт та сондай: егер тауар сату және қызмет көрсетуден түскен қаржы айналымы 10000 АЕК-тен асса (12 айдан аспайтын мерзімда), ҚҚС төленеді.
Сондай-ақ заңды тұлға өз қызметкерлерінің жалақысынан жеке табыс салығы мен зейнетақы жинақтаушы қорына жарна төлеуге тиіс. Бірақ бұл сомалар қызметкерлердің жалақысынан ұсталады.
2. Жалпыға бірдей салық төлейтін заңды тұлғалардың бухгалтерлік және салық есебін жүргізуі қиындау.
3. Заңды тұлғаларға салық мекемесінен басқа статистикалық есеп те өткізуі қажет. ЖК мұндай есеп өткізбейді.
4. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуден өткізу ЖК-ке қарағанда күрделі. ЖК тіркелу үшін тек салық мекемесіне барса, заңды тұлға келесі тізбектен өтеді: Әділет басқармасы – Статистика басқармасы – Салық комитеті.
5. Заңды тұлғаны тіркеуге кететін шығын ЖК-тан көбірек. Басқа шығынды айтпағанда, заңды тұлғаның құрылтайшылары оның жарғылық капиталын төлейді. ЖШС үшін жарғы капиталының ең төменгі мөлшері – 100 АЕК. АҚ жарғылық капиталы – 50 000 АЕК.
6. Заңды тұлға толтыратын құжат көп.
АҚ-тың ЖШС-дан айырмашылығы:
1. АҚ жарғылық капиталы акцияларға бөлінген, ал ЖШС – мүшелер үлесімен. АҚ шығаратын акцияларын Құнды қағаздар комиссиясында тіркейді. Сондықтан ЖШС АҚ-қа қарағанда кең таралған.
2. ЖШС-ның құрылтайшылық құжаттары: жарғы мен құрылтайшы келісімшарты (екі не одан көп қатысушы болған жағдайда). АҚ жалғыз ғана құрылтайшы құжаты – оның жарғысы.
3. ЖШС жарғы капиталының шекті көлемі – 100 АЕК, ал АҚ-та – 50 000 АЕК. АҚ-тың ірі кәсіпкерлік форма екені осыдан-ақ көрінеді.
Бетті дайындаған Гүлнәр АХМЕТОВА