Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, филология ғылымының докторы, алаштанушы:
Ұлы далада дүниеге келген «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала конституциясы санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал тартуға болады. Ал одан кейінгі қазақ басындағы жағдайға келсек, үш ғасырдай мемлекеттіктен айырылған кезеңде басқаның саяси үрдісіндегі бағытпен кеттік. Алайда ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дербес конституция әзірлегені белгілі. Бұл құжатты қалың жұртшылық «Алаш» партиясының бағдарламасы ретінде таниды.
– Тарихшылар ХХ ғасырдағы Алаш конституциясы туралы арагідік айтып қалады. Жалпы, Алашорда өкіметінің нақты конституциясы болды ма?
– Тарихшы қауымның біршама бөлігі «Алаш конституциясы бар» деп айтады. Бұл – 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясының бағдарламасы. Рас, мұнда «жоба» деп көрсетілген. Алаш бағдарламасын Алашорданың конституциясы деуімізге себеп – әр ұлттың мемлекет құруының өзіндік ерекшеліктері болады. Бұған қатысты құжаттарды да бір трафаретке салуға келмейді. Мемлекеттілік құрылымын көрсететін осы бағдарлама – нағыз конституциялық мәнге, сипатқа ие құжат. Алайда «маңдайында жазылып тұрған жоқ» дегенге тартып, конституция ретінде қабылдамайтындар да бар. Жалпы, «Алаш» партиясы мен Алашорда өкіметіне қатысты конституция мәселесі қозғалған кезде екі түрлі жайт қылаң береді. Оның бірі – қайсыбір мәселеге еуропалық көзбен, сол негіздегі стандартпен, сынмен қарау. Мысалы, партия туралы айтсақ, оның мүшелерінің болуы, оның тіркелуі мен т.б. шарттарын алға тартатындар бар. Ал екінші мәселе – заманның өзі итермелеген, төңкерістер кезеңі дүниеге келтірген, қиын-қыстауда туған мемлекеттік һәм қоғамдық құрылымдар. Алаштың көп ісін алып қарасаң, жағдайы екіншісіне дөп келеді. Яғни Алаш мәселесі белгілі бір шеңберге, қалыпқа, жасанды стандарттарға сыймайды. Егер мұны ескермесек, онда «Алаш» партиясы болды ма, болмады ма?», «Алаш өкіметі құрылды ма, жоқ па?», «Алашта конституция болды ма, жоқ па?» дегенге саятын қысыр әңгіменің әлі де жалғаса беруі ғажап емес. Алайда біз шынайы тарихты қаласақ, Алаш қайраткерлігіндегі әлеуетті ойлардың, пікірлер мен ұстанымдардың астарын түсінуге, сезінуге тиіспіз. Өйткені бұл ұлт басына түскен нағыз «тар жол тайғақ кешу» кезеңі, «аттың жалы мен түйенің қомындағы» үрейлі заман еді. Тарихымызға сол кезеңнің нақты шындығымен қарасақ, біз «Алаш» партиясының бағдарламасын – Алаш автономиясының мемлекеттік құрылымын, оның бетке алған бағдарын анық танытатын конституциялық құжаты деп қабылдауға тиіспіз. Екіншіден, тарихшылар айтып жүргендей, «Алаш» партиясының бағдарламасы – мемлекеттің, оның даму жолының нағыз конституциялық сипатын түгел көрсете алады. Құжаттың негізгі арқауы – мемлекет құрылымы, жергiлiктi бостандық, басты құқық, дiн iсi, билiк һәм сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, бiлiм-ғылым үйрену және жер мәселесi. Ал сол конституциядағы негізгі тұжырымдама бойынша, Алаш өкіметі Ресейдің демократиялық, федерациялық республика болуын жақтап, өзінің бағдарын ұлттық дербестік һәм әділеттік деп жариялады. Конституцияның бірінші бөлімі мемлекет түрін қамтып, былай жазылды: «Русия демократиялық, федеративтік республика болу (демократия мағынасы – мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративтік республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді)». Сосын барып, Үкімет басындағы Учредительная собрание мен Г.Дума қалауынша келісілген жылға президент сайлауын белгілеу тиістігін, ал Президент халықты министрлер арқылы басқаратынын, министрлер заң шығарушы органға жауапты болатынын айқындаған. Ал екінші бөлімнен бастап ұлттық дербестік – жергілікті бостандық мәселесі қамтылады.
– Яғни Алаш конституциясында негізінен Ресейге қарайтын, соның құрамында болатын мемлекет туралы айтылып отыр ғой?
– ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары, ұлт қайраткерлері Қазақ елін өз алдына дербес мемлекетке айналдырудың немесе болашақ мемлекеттің негіздерін қалыптастырудың бірнеше жолын қарастырды. Мұндағы бірінші бағыт – қоғамды ағарту. Білім арқылы ұлт көзін ашу, сосын баспасөз арқылы тәрбиелеу, халықты жаңа қоғам мүшелігіне даярлау. ХХ ғасыр басында мәселенің осылай көтерілуі іске аспайтын немесе құрғақ қиялдан туған жайт емес еді. Өйткені Қазақ елі қарап тұрған Ресей империясы қанша дегенмен еуропалық жаңашылдыққа, батыстан ағылып жатқан жаңалықтарға қарай бой түзеп келе жатқан-ды. 1905 жылы Ресейде 17 қазан манифесі қабылданды. Сол бойынша Ресей империясында сөз бостандығы, білім алу еркіндігі секілді демократиялық негіздерге мүдделілік танылды. Бұл бағытта патшаның арнайы жарлығы да шықты. Осы тұста Әлихан Бөкейханның: «1905 жылы Ресей алғаш һәм соңғы рет Еуропа болды» деп айтатыны бар. Яғни бір сөзбен айтқанда, мұндай жаңалық сол кезеңдегі ұлт зиялыларына, көзі ашық оқығандарға таңсық емес еді. Өйткені оқыған азаматтардың басым бөлігі Ресей демократиялық бағытты ұстанса, Қазақ елі соның бір автономиясы ретінде өмір сүретінін жақсы түсінді. Бір сөзбен айтқанда, қазаққа ешқандай лапылдаған төңкеріс қажет емес еді, Ресейдің ниетінсіз тәуелсіздік алу да мүмкін емес болатын. Дамудың, ұлттық бірлікті сақтаудың бір ғана жолы – автономия. Сол үшін зиялылар ең бірінші кезекте осы мәселені еуропалық бағдарда ту етіп көтерді. Осы тұрғыдан қарасақ, Алаш конституциясының бірінші бөлімінде Ресей мәселесінің, тағдырының не үшін жазылғаны түсінікті болады. Онда заң шығарушы орган Г. Дума болып, үкіметтің үстінен сол қарауға тиістігі бекітілген. Бұдан кейінгі бөлімде негізгі басымдық жергілікті бостандыққа, автономия болу мәселесіне түседі. Онда: «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Ресейдің федерациялық ағзасы болуы. Реті келсе, қазақ автономиясы сыйбайлас жұрттар мен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы» деп жазылған. Яғни мемлекеттер теңдей, бір-бірінің құқын сақтау және бір-бірімен есептесу қажеттігі айтылады.
– Алаш конституциясы мен бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясынан ұқсастықтар табуға бола ма?
– Бұл екі конституцияның дүниеге келуі де, құрылуы да екі түрлі жағдайда өрбіп отыр. Дегенмен Тәуелсіздіктен кейінгі Конституцияда қамтылған мәселенің барлығы Алаш конституциясында бастапқы деңгейде көрсетіліп отырған. Яғни қазіргі конституция кезінде Алаш салып кеткен жолды жіліктеп, жан-жақты қамтыған деп айтуға келеді. Салыстырып өтсек, ондағы негізгі мәселе де бостандыққа, демократиялық-құқықтық билікке кеп тіреледі. Алаш конституциясында ел Ресейге қарасты болғандықтан, сол негіздегі шындыққа бейім жасалуы да мүмкін. Мәселен, «Негізгі құқық» атты үшінші бөлімінде «Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, кітап басуға, газет шығаруға – еркіндік» делінсе, бұл – бүгінгі тілмен айтқанда, сөз бостандығы. Ал «кісі хатын ашқанға айып, оқығанға жаза болады» деуі –бүгінгі тілге салсақ, кісінің жеке өміріне қол сұқпаушылық. Дін ісіне қараңыз. Мұнда: «Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы. Дін біткенге тең хұқық. Кіру-шығу жағына бостандық. Мүфтиліктің қазақтың өз алдына болуы, неке, талақ, жаназа, балаға ат қою секілді мәселелер молдада болады, жесір дауы сотта болады» деп жазады. Бұл – зайырлылықтың белгісі. Екінші жағынан қарағанда, ұлттың әдеп, дәстүрлі заңдарынан демократиялық заңдардың айырылу үдерісінің жүріп жатқанын байқаймыз. Шынында да, қазақ үшін қай кезде де жер дауы мен жесір дауы ең үлкен мәселе болса, соның сотта әділдік тұрғысынан қаралуы құпталған. Тіпті кейін Алаш қайраткерлерінің мұндай тәжірибесі Кеңес өкіметі толық орнағаннан кейін қолданылды. Шәкәрім қажы, Міржақып Дулатұлы т.б. сот жүйесінде қызмет атқарған.
Әрине, тарихи-мемлекеттік құжаттарды заңгерлеріміз салыстырып, талай дүниені анықтап, бағасын беріп жатса, бәріміз де қуанамыз. Алайда бір белгілісі, демократия – халықтық билік, жұртшылықтың сайлауы және халық алдында есеп беру мәселелері Конституцияның негізгі бағытын айқындаса, бұл дүние Алаш конституциясында кең қамтылған. Ұлтаралық мәселеге дәл демократиялық көзқарас ұстанды. Яғни Алаш өкіметі өз қол астындағы халықты ұлтына, дініне, сеніміне қарап бөлмеді. Олар тіпті ұлттық кеңес құрғанда да, жоғары атқарушы билікке басқа ұлт өкілдерін тартты.
Алашордашылар армандаған Ата Заң
Последние статьи автора