Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 21 шілдедегі № 118 жарлығымен 2020 жылға дейінгі еліміздің аймақтық-кеңістік дамуының болжам кестесі қабылданды.
Бұл кесте тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді орналастыруға бағытталған. Соның нәтижесінде үздік экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр.
2009 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстандағы экономикалық тығыздық 40,4 мың долларды құраған. Бұл көрсеткіш Венгрия (1466 мың доллар, Польша – 1322 мың доллар), сондай-ақ ТМД-да Ресеймен (75,4 мың доллар) салыстырғанда біршама кенжелеп қалғанымызды көрсетеді. Сондықтан елімізде экономикалық жағынан болашағы зор аудандарда және табиғи-климат жағдайы өмір сүруге қолайлы аймақтарда экономикалық белсенділікті жандандырып, біртұтас ішкі экономикалық кеңістік құру өзекті бола түсуде.
Жыл сайынғы статистика біздегі аймақтардың экономикалық дамуы да біркелкі емес екендігін көрсетеді. 16 аймақтың ішіндегі төртеуі - оның ішінде республикалық маңызы бар Алматы, Астана, Атырау мен Қарағанды облыстары – 2009 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің 47,2 пайызын құрады. Осы аймақтарда инвестиция да, өзге де экономикалық ресурстар барынша шоғырланған. Екінші жағынан, аймақтық дамудың әркелкі болуы жалпы әлемдік үрдіс екенін де ескерген жөн. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қарқынды дамыған елдерде өндірістің, капитал мен адам ресурсы қалаларда шоғырлануы жағдайында өткенін дәлелдейді. Сөйтіп қазіргі заманда кеңістік пен жайғасу мәселесі мемлекеттік саясаттағы әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды факторына айналды. Қалалардың өсуі мен шоғырлануы, сауда мен қызмет көрсетуді дамыту соңғы жиырма жылдың ішінде дамыған елдердің катализаторы болса, бүгінде дамушы елдердің қозғаушы күшіне айналды. Сондықтан күні кеше қабылданған аймақтық-кеңістік дамудың Болжам кестесі бірқатар міндеттерді қамтиды. Олар:
- «өсім орындарында», яғни экономикалық келешегі бар және өмір сүруге қолайлы аудандарда өндірістік және еңбек ресурстарын шоғырландыруды ынталандыру;
- урбанизация процестерінің реттелуі мен шоғырлануын ынталандыру ірі қалаларда өндіріс ауқымын ұлғайту және инновациялық экономиканың негізін қалыптастыру мақсатында жүргізіледі;
- әр аймақтың, жалпы елдің ресурстық әлеуеті мен артықшылықтарын тиімді пайдалану;
- республикалық еңбек бөлінісінде аймақтардың бәсекеге қабілетті экономикалық мамандануын құру;
- инженерлік инфрақұрылым нысандарын (көлік, энергетика және сумен жабдықтау), өндіріс күші мен тұрғындардың орналасуын реттеу;
- жұмыссыздарды болашағы бар аймақтарға бағыттау, тұрғындардың (әсіресе, шалғайдағы елді мекендердегі) мемлекеттік кепілдендірілген әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін қамтамсыз ету.
- шекара маңындағы аймақтарды өркендету;
Болжам кестесі төрт бөліктен тұрады.
Біріншісі - аймақтар дамуының әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы сипаттамасы, демографиялық әлеуеті, еңбек ресурсымен қамтамасыз етілуі, тұрғындар санының өзгеруі көрсеткіштерінің кешенді талдауына негізделеді. Екінші бөлігінде 2020 жылға дейінгі кеңістік-аймақтық дамудың міндет-мақсаттары белгіленген. Үшінші бөлікте индустриалдық сала мен агроөнеркәсіп кешенін дамытудың болжамдық кестесі келтірілген. Төртінші бөлікте алдағы он жыл ішінде аудандардың даму көрсеткіштері – оның ішінде жалпы аудан өнімі өсімін қамтамасыз ету, өңдеуші сала үлесін арттыру бар. Сондай-ақ салалық өндіріс болжамы, оның ішінде 2020 жылы газ конденсатын қосқанда мұнай өндіруді 163,5 млн тоннаға, көмір өндіруді 152 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Еңбек өнімділігін арттыру да қамтылған.
Тұтас алғанда Болжам кестесі барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын дайындауға негіз болады.
Аймақтық біркелкі даму – ел тұтастығының кепілі
Последние статьи автора