Агроөнеркәсіп қалай дамып келеді?
Бүгінгі таңда елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қамқорлық көрсетіліп келеді. Бұл бағытта көптеген бағдарлама қабылданып, қажетті іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде ауыл өмірінде айтарлықтай игілікті істер атқарылды. Елдегі ағайын еңсе жазып, өз тірлігін жүргізуге мүмкіндік алды. Осындай көрікті істер Сыр өңірінде де көрініс берді. Соның нәтижесінде егін мен мал шаруашылығы саласында еңбек ететін жұртшылық бүгінгі заман талабына сай тірлігін жүргізе бастады. Сол жұмыстар біздің өңірдегі агроөнеркәсіп саласының тыныс-тіршілігінен айқын аңғарылады.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімінің өндіріс көлемі арта түскен. Былтыр саланы қолдауға 3,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 15 пайызға артық. Бұл қолдау ауыл шаруашылығы өнімдері жалпы көлемінің 2,5 пайызға көбеюіне жол ашты. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 5 млрд 266 млн теңге қаралған. Сонымен қатар ауыл шаруашылық тауар өндірушілері барлығы 765,2 млн теңге несие қаражатын игерді. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы – 207,4, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 557,8 млн теңге берілген.
Жаңа бағдарламадан үміт күтеді
Атап кетерлігі, биыл еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданды. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа бағдарламаның бұрынғыларынан біршама айырмашылығы бар. Атап айтқанда, онда агроөнеркәсіп нысандарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасауға басымдық берілген. Осыған байланысты облыста агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шаралары және дамыту перспективасы бағытында игілікті істер қолға алынып отыр. Соның көрінісі ретінде облыс әкімінің қолдауымен биыл күріш кластерін құру жұмыстары басталды. Осыған сәйкес, күріш консорциумын ұйымдастыру мәселесі қолға алынып, жұмыс тобы құрылып, іс-шара жоспары әзірленді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жалғасын тауып келеді. Сонымен бірге күріш кластерін қалыптастыру мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ жанынан «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС құрылды. Серіктестік өз кезегінде материалдық-техникалық қажеттіліктермен қамтамасыз етеді, шаруашылықтардың көктемгі егінін дер мерзімінде егіп, өнімін уақытылы жинап алуды ұйымдастырады. Облыстағы күріш өнімінің сапасын арттыру бағытында ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып бәсекеге қабілетті сорттарды өндіріске енгізу мәселесі де қолға алынбақ. Сондай-ақ күрішті қабылдау және өткізудің логистикасын талапқа сай жүргізу шаралары жасалады. Үстіміздегі жылдың наурыз айында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ, «Қазақ балық шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-мен бірлесе отырып, Арал, Қазалы аудандарынан 17 балық аулау, өңдеумен айналысатын шаруашылық бірігіп консорциум құрды.
Дала төсін дүбірге бөлеген
Мұндай игілікті істер егін шаруашылығы саласында да байқалуда. Облыс диқандары биыл 159,9 мың гектарға егiс екті. Оның ішінде дәндi дақылдар – 79,8 мың, мал азығындық дақылдар – 55,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша – 22,6 мың, майлы және техникалық дақылдар 1,9 мың гектарды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда, күріш көлемі 1,4 мың гектарға азайтылды. Есесіне, мал азығындық дақылдар егісі бұрынғыдан 5,0 мың гектарға ұлғайды.
Биылғы егіске облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өткен жылдың күз айларынан дайындалып, 2,9 мың гектар күздік бидай егіліп, 47,8 мың гектар сүдігер көтерілді. Күріш егісіне қажетті тұқым көлемі толығымен қамтамасыз етілді. Минералдық тыңайтқышқа деген сұраныс облыс бойынша 50,5 мың тонна, оның ішінде азотты тыңайтқыш 40,9 мың тонна, фосфорлы 9,6 мың тоннаны құрайды. Олардың біршама бөлігі жеткізілсе, күріш егісін үстеп қоректендіруге қажетті минералдық тыңайтқыш сатып алу жұмыстары жалғасуда.
Көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолындағы 1812 трактор, 250 тұқым сепкіш, 494 соқа, 932 трактор тіркемесі және 418 автомашина қатыстырылды. Биыл наурыз - мамыр айларына бөлінген 14 мың тонна дизель отыны операторлар арқылы облысқа толық жеткізді. Бүгінгі күнге облыс бойынша 18,4 мың гектар, 1361 гектар жаздық бидай, 130 гектар арпа, 1657 гектар мақсары, 40 гектар соя, 1000 гектар жүгері сүрлемі, 100 гектар сорго, 100 гектар мал азығындық асқабақ, 208 гектар күнбағыс, 702 гектар дәндік жүгері және 716 гектар тары егілді. Сонымен қатар, 7794 гектар картоп, 6357,5 гектар көкөніс және 8470,5 га бақша дақылдары егілді. Облыс бойынша 6 маусымға облыста 74,0 мың гектар күріш егілді. Қазіргі уақытта жоңышқа дақылының бірінші орымы басталуда.
«Сыбаға» сыбағасыз қалдырмайды
Агоөнеркәсіп саласының бірі – мал шаруашылығын дамытуда облыс көлемінде біршама келелі істер атқарылуда. Осы жылдың 1 мамырына дейінгі мәлімет бойынша, барлық құрылымдар бойынша 260,2 мың мүйізді ірі қара, 803,9 мың қой мен ешкі, 81,5 мың жылқы, 36,3 мың түйе, 3,7 мың шошқа, 118,5 мың құс бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мүйізді ірі қара басының саны – 0,4, жылқы – 6,9, түйе 3,2 пайызға көбейген. Асылтұқымды мал басын көбейту арқылы мал өнімдерінің сапасын арттыруға басым бағыт беріліп отыр. Бүгінгі күні облыста асылтұқымды мал өсірумен 63 шаруашылық айналысады. Оларда асылтұқымды 3,7 мың сиыр, 54,3 мың қой, 3,6 мың жылқы және 2,9 мың бас түйе малы өсірілуде. Облыста «Сыбаға» бағдарламасын іске асыруда ілкімді істер жүзеге асырылуда. Биыл облыста «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасы» («Сыбаға» бағдарламасы) аясында фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыруға мән берілуде. Осы мақсатта 2400 мүйізді ірі қара малының аналығын, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңдарын және репродуктор-шаруашылық ұйымдастыру жоспарланған. Осы жылдың 1 маусымына облыс бойынша «ҚазАгро» АҚ-на 48 шаруашылық аналық сиыр мен асылтұқымды бұқа алу үшін барлығы несие алуға өтінімдер берген болатын. Оның ішінде бүгінгі күнге 28 шаруашылық 191,9 млн теңге несие алды.
Мүйізді ірі қара малын асылдандыру мақсатында Жаңақорған ауданындағы «Бақытжан» шаруа қожалығы өз қаржысы есебінен 100 бас ет бағытындағы асылтұқымды ақбас сиыры мен 20 бас бұқасын сатып алды. Сондай-ақ Сырдария ауданының Аманкелді ауылдық округінде «Көктөбе» шаруа қожалығы биыл «ҚазАгроөнім» АҚ-на еншілес KazMeat ЖШС-нен ет бағытындағы мал шаруашылығын ұйымдастыру мақсатында 37 млн теңге несие алды. Жемшөп қорын жасақтау мақсатында биыл облыс бойынша мал азығындық дақылдарды 55,4 мың гектарға егу межеленуде.
Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін арттыруда облыста бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биылғы қаңтар айында Шиелі кентінде құны 22 млн теңгені құрайтын мал сою пункті іске қосылды. Сонымен қатар жалпы құны 704 млн теңгеге жуықтайтын төрт жоба жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Оның қатарында Жалағаштағы ауысымдық қуаттылығы 100 тонналық күріш ақтайтын зауыты, Шиелідегі 3 тонналық сүт өңдеу цехы және Қызылорда қаласындағы жылыжай құрылысы бар.