Ағаш өңдеу саласы ақсап тұр
2008 жылы еліміздегі жиһаз бизнесінің айналымында жүрген қаржы 1 млрд долларды құраған болатын. Дағдарысқа дейін бұл салада көптеген шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істеп, мыңдаған адамды жұмыспен қамтыды. Бүгінде Ресей мен Қытайды айтпаған күннің өзінде, елімізге Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Пәкістаннан жиһаздар тасымалданып жатыр. Орманы жоқ елдердің өзі біздің нарыққа ауыз сала бастағаны бізді қатты алаңдатуы тиіс.
Бұл күндерi жатын бөлме, асүй жиһаздары, парталар, жұмыс үстелі мен орындықтар, орынтақтар, компьютерге арналған үстелдер, мектептер мен балабақша жиһаздары аса сұранысқа ие. Жалпы, елімізде жиһаз өндірісі 1999 жылдан бері даму жолдарын бастан кешкенін айта кетуіміз керек. Мамандар дағдарысқа дейін бұл сала жылына 20-45 пайыздық көрсеткішпен дамығанын алға тартып отыр. Ал дағдарыс басталған 2008 жылы жиһаз саласында кері кетушілік орын алып, 4 пайызға дейін төмендесе, 2009 жылы бұл көрсеткіш 28 пайызға бір-ақ құлдыраған. Бүгінде еліміздегі жиһаз саласының 70 пайызын сырттан келетін өнім құрайды. Отандық өндірушілердің шетелдік өндірушілермен бәсекеге түсе алмайтыны белгілі. Еліміздің Жиһаз және ағаш өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының президенті Михаил Глухов елімізге контрабандалық жолмен келетін сапасыз жиһаздар отандық өнім өндірушілерге қатты кесірін тигізіп жүргенін айтып отыр. Кедендік одақ құрылғалы бері шеттен келетін тауарларға біршама шектеу қойылған. Бірақ бұл жай алдымен Ресей мен Беларусь өндірушілеріне пайдалы болмақ. Өйткені аталған елдердің жиһаз өндірушілері Кедендік одақ құрылмай тұрып-ақ Қазақстандағы өздерінің позициясын айқындап алғаны белгілі.
Елімізде ағаш өңдеу саласы Шығыс Қазақстан облысында дамығаны белгілі. Бүгінде облыста ағашты қайта өңдеу саласымен төрт ірі кәсіпорын – «Ертіскөлікойл», «ЖаңаСемейшпалзауыты» АҚ, «Өскемен Иннотекс», «Өскемен жиһаз комбинаты» айналысуда. Бұл саланың үлкен бөлігі шағын бизнес субъектілеріне тиесілі. Олар ағаш материалдарын, жартылай дайын өнімдерді, үй салу үшін цилиндрлендірілген бөренені, терезе және есік блоктарын, жиһаз өндіруге маманданған. 2004 жылғы желтоқсанда «Ертіскөлікойл» ЖШС-і арнайы өңделген ағаш жаңқалары плиталарын өндіру желісін іске қосқаны белгілі. Бірақ шикізат тапшылығынан 22 пайыз өндірістік қуатпен жұмыс істеуге мәжбүр. Зауыт технологиялық регламентті бұзып, жас жапырақты сүректі қоспай, Семей қарағайлы орманының өрттен қалған қалдықтарын ғана пайдаланады, бұл шығарылатын өнімнің сапасына және бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етеді. Саланың инвестициялық тартымдылығының болмауы оны қалпына келтіруге кедергі болуда. Несие берудегі жоғары ставкалар кәсіпорындарға банк кредиттерін пайдалануға мүмкіндік бермеуде. Өз кезегінде банктер де тәуекелге сілтеме жасап, сала кәсіпорындарына несие бермей отыр.
Осы ретте, іргеміздегі көршілерден орман-тоғайды қорғау мақсатындағы іс-әрекеттерінен үлгі алуымызға болады. Айталық, Алтай аумағының Орман басқармасының бастығы Михаил Ключников: «Біз 2020 жылға дейін Алтай аймағында ағаш өңдеу саласының дамуына 5 млрд рубль мөлшерінде инвестиция салуды көздеп отырмыз. Бұл шығарылып жатқан өнімді 10 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Яғни 16 млрд рубльге бағаланатын терең өңделген өнім алатын боламыз. Ламинаттық USB плитасын шығаратын екі зауыт тұрғызылды. Онда жылына 70 мың текше метр көлемінде дайын өнім шығарылуда», – деген болатын. Дерек көздеріне сүйенсек, Алтай аймағының кәсіпорындарында кесілген ағаштардың 89 пайызы аймақта өңделеді екен.
Ағаш өңдеу саласын дамыту мақсатында Шығыс Қазақстан облысының ағаш өңдеу саласын дамытудың 2007- 2015 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленіп, бекітілген. Бағдарлама шеңберінде облыстағы орман ағаштарын қиюға қойылған шектеуді алып тастау мәселесі де көтерілген болатын. Осыдан біраз жыл бұрын енгізілген мораторийдің салдарынан қазір өңірде ағаш шикізатын дайындау мәселесі тоқтап қалды деуге болады. Осылайша ағаш өңдеу саласын дамытатын аймақта бірқатар түйткілді мәселелердің түйіні тарқамай тұр.
Михаил ГЛУХОВ, Жиһаз және ағаш өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының президенті:
– Қазіргі таңда Алматы қаласында ағаш өңдеу ісі бойынша тіркелген ірілі-ұсақты 1501 кәсіпорын бар. Олардың 12 пайызы, яғни 180-і таза жиһаз жасау ісімен айналысатынын айта кетуіміз керек. Егер қаламыздағы жиһаз шығаратын кәсіпорындар толықтай жұмыс істеген жағдайда, еліміздегі жиһазға деген мұқтаждықтың 50 пайызын өтейтін мүмкіндікке ие болады. Қазіргі таңда өздерінің жиһаздарымен әлемді тамсандырып отырған Италияда жиһазға қажетті әрбір затты әртүрлі компаниялар дайындайды. Біз де осындай әдіспен жұмыс істейміз. Елімізде шығарылған жиһаздардың азғана бөлігі экспортқа шығарылады. Бүгінде жиһаз өндірушілердің алдында алғашқы кезекте еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз ету мақсаты тұр. Уақыты келе өндірген өнімді сырт елдерге экспорттау мәселесі өздігінен шешілетін болады. Менің есебімше, еліміздегі жиһаз өндірушілер ішкі нарыққа қажетті жиһаздардың 60-70 пайызын шығармайынша, экспорт жайында сөз қозғаудың жөні жоқ. Мәселен, АҚШ, Жапония, ЕуроОдақ елдері ішкі нарыққа қажетті жиһаздың 70 пайызын өздері өндіріп, қалғанын сырттан тасымалдайды. Мұндай көрсеткіш жиһаз өндірісінде қалыпты жағдай болып саналатынын айта кетуіміз керек.
Азат ПЕРУАШЕВ, «Атамекен» одағының» төрағасы:
– «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасына еліміздегі ағаш өңдеу және жиһаз өндірісі енбей қалғанын Үкіметтің есіне салдық. 2009 жылдың есебі бойынша, еліміздегі жиһаз саласы 7 пайызға ғана өскен. Осы ретте, бұл салада ілгерілеудің мардымсыз болуының сырын ғаламдық қаржы дағдарысынан іздеуге болады. Бүгінде дағдарыстың салқыны әлі қайта қойған жоқ. Мұндай жағдайда Үкімет еліміздің ағаш өңдеу және жиһаз саласына қолдау көрсетуі тиіс. Меніңше, Кедендік одақтың құрылуы да бұл салаға оң өзгерістер әкелуі мүмкін. Одақ шеңберінде еліміздегі жиһаз өндірісіне қажетті шикізат енді ешқандай кедергісіз келетін болады. Бұл жағдай жиһаз саласының өркендеуіне жол ашатыны анық. Сондай-ақ Қытайдан келетін сапасы төмен жиһаздарға шектеу қойылады. Алдағы уақытта елімізде жиһаз бұйымдарына деген сұраныс арта түсуі ықтимал. Сұраныстың артуына Үкімет қабылдаған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы мен жаңадан салынып, ашылып жатқан балабақшалар әсер ететін болады. Жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандарды жиһазбен қамтамасыз етуде отандық жиһаз өндірушілерге қолдау көрсетілуі керек. «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасында отандық өндірушілерді қолдау үшін мемлекеттік сатып алуда жергілікті өндірушілердің мүддесі қатаң ескерілуі тиіс. Біз осы мәселеге қатысты ойымызды билікке ұсындық. Олардың біздің ойымызды қолдайтынына үміттенеміз.