Бұл туралы бүгін Бірінші кредиттік бюро хабарлады. Айтуларынша, кепілмен берілген кредиттің саны азайғанымен, жалпы сомасы 26,1 пайызға артып, 298 милилардқа жақындап қалған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Бірінші кредиттік бюро ақпаратына сенсек, несиесі бар 3 жарым миллион адамның қарызы 500 мың теңгеден аспайды. Алайда, бұл жалпы кредиттік портфельдің 10 пайызы ғана. Сөйте тұра бюро өкілдері "халық несие шырмауында" дегенді жоққа шығарғандай болды.
"Несие алушылардың 50 пайызы 10 процентке ғана өсті. Бұл инфляциядан 2 есеге аз. Ал, несие алушылардың 90 пайызы немесе портфельдің 55 пайызы 16 процентке ғана өсті", дейді Бірінші кредиттік бюро директоры Руслан Омаров.
Портфель сапасы да жақсарыпты-мыс. Мәселен, мерзімі 90 және одан да көп күнге кешіктірілген несиенің үлесі 6,1%-дан 4,2%-ға дейін төмендеген. Мұндай несиелердің жалпы көлемі 219 млрд теңгені болса, оның жартысынан көбі 2010 жылға дейін берілген. Алайда, бұл ресми ақпараттарға сала сарапшылары сенбейді.
"Бізде соңғы уақытта халық тіпті, азық-түлік сатып алуға да несие рәсімдейтін болған. Демек, инфляция мен халықтың қарыздық жүктемесін байланыстыруға келмейді деген сөз. Екінші мәселе, жеке банкроттық науқаны басталғанда заңсыздыққа баратындар көбеюі мүмкін", дейді Тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев.
Шынында қолда бар ақпаратқа сенсек, 5 жарым миллоннан аспайтын қарызы бар 1 миллионнан астам адам банкроттық өтінім бере алады. Берешегі барлар кірісін жасырып, мүлкін өзгенің атына жазуға дейін баруы мүмкін. Мамандар осындай құйтырқы әрекет анықталса, жеке тұлға үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертеді.