1 сәуірден бастап блогерлерге салық төлетпекші
Тәжікстанның Салық комитеті жергілікті блогерлерді әлеуметтік желілер мен YouTube-тен түскен кірістерінен салық төлеуге міндеттеді деп хабарлайды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Мекеме басшысы Шамсулло Кабирзоданың айтуынша, елдегі блогерлер 1 сәуірге дейін тіркеуге тұрып, әлеуметтік желілер мен YouTube порталынан түскен кірістері бойынша салық төлеуді бастауы керек. "Салық комитетінің қызметкерлері блогерлердің қызметін тексеріп, оларды салық төлеушілердің тізіміне кіргізу керек деген шешімге келген. Бұл тек блогерлерге ғана емес, жеке тұлғаларға да қатысты. Олар жеке парақшалары және каналдары арқылы ірі компаниялардың тауарларын жарнамалап, ақша тауып келеді. Сондықтан салық төлеуі керек. Қателеспесем, бүгінгі күнге дейін төрт блогер салық органдарына тіркеуге тұрды", - деді Кабирзода. Тәжік блогерлері болса, табыстары көп емес екенін айтып, салық төлей алмағандықтан әлеуметтік желілердегі парақшамызды жабуға мәжбүр боламыз дейді. Еске сала кетсек, Тәжікстанда 1 ақпаннан бастап бір жыл бұрын карантинге жабылған мешіттердің қайта ашылғанын жазған едік. Сонымен бірге, бұған дейін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзінің жыл сайынғы парламентке жолдауында Тәжікстан коронавирусты толығымен жеңгенін мәлімдеген еді. "Қазір Тәжікстанда коронавирус жоқ, біз оны толығымен жойдық", &ndash дейді мемлекет басшысы. Дегенмен ол елдегі барлық тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтауы керек екенін атап өтті.