«Жұлдызды әуендер» – жаңа музыкалық жоба
«СТВ» телеарнасының тағы бір музыкалық жобасы дүниеге келді. «Жұлдызды әуендер» деп аталатын концерт қазанның 23-і күні Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтеді.
Эстрадалық әуендер концерті қазақ әншілерінің шығармашылығын насихаттауды көздейді. Кешке Бағдат Сәмединова, Гүлбаршын Тергеубекова, Өмірқұл Айниязов, Ақбота Керімбекова, Ұлту Қабаева, Нұрлан Әлімжан, Гүлхан Сіргебаева, Дәулет Болатбаев, Әділ мен Дана, Әли Оқапов, Бейбітгүл Нұрымхожина және басқа да әншілер мен «Серілер», «Достар», «Денар», «Сарын» топтары қатысады. Арнайы қонақ – Қырғыз Республикасының этно-эстрада әншісі, The Spirit of Tengri фестивалінің қатысушысы Гүлзада. Концерт сағат 16.00-де және 19.00-де болады. «СТВ» телеарнасының алғашқы төл музыкалық жобасы дыбыс пен жарық және сахнаның безендірілуі жағынан өте сапалы концерт болмақ. Кеш жүргізуші Нұрлан Әлімжанның айтуынша, орындау шеберлігі жөнінен әншілерге де жауапкершілік күшейтілген. Жобаның ақпараттық демеушілері: «Алаш айнасы» газеті, Tengrinews.kz порталы, Massaget.kz ойын-сауық порталы, Tengri FM радиосы. Билеттер Республика сарайы, Студенттер сарайы, «ЦУМ» орталығы кассаларында және «Меломан» сауда желісі дүкендерінде сатылады, сондай-ақ kassir.kz сайтынан да алуға болады.
Бағдат СӘМЕДИНОВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Елімізде қазақ әншілерін қолдайтын және олардың өнерін кең насихаттайтын телеарналар аса көп емес. Солардың бірі – «СТВ». Бұл арна сахнаның сәніне айналған өнер тарландарымен қатар, өнерге жаңа қадам басып жатқан жас орындаушылардың басын қосып, «Жұлдызды әуендер» атты кешін ұйымдастырып отыр. Кеш көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамын.