Жеңіс –шеберде!
Қалай десек те, ауызша айтылатын өлең мен жазба өлеңнің арасында бірталай айырмашылық бар. Айтысқа жазып дайындалатын, жазба поэзияға машықтанған ақындардың қолтаңбасын бірден тануға болатыны сондықтан. Ал тар жерде – табан астында суырып салып өлең айтатын айтыскерлер дәстүрлі қара өлеңге қара тартып тұратынын түсінуге де, қолдауға да болады. Бірақ қағаз бетіне түскен кезде екі машықтың ерекшеліктері көрініп тұратыны рас. Өткен сенбі күні аяқталған Сара Тоқтамысова мен Бекарыс Шойбековтің сөз сайысында өлеңнің екі түрінің осы айырмашылығы анық байқалып тұрды. Сөз жоқ, Сара Тоқтамысова – қазақ айтыс өнеріндегі айрықша тұлға, тіпті қайталанбас құбылыс десе де болады. Соңғы бес-алты жыл ішінде Сараның дара келбеті айтысқа ерекше өң бергенін, ажар қосқанын бірауыздан мойындауымыз керек. Өлеңді еш қиналыссыз төгіп айтатын, мол айтатын, сөзге уәж қайтарып, қиыннан жол табатын Сара – сахнаның сәні. Өз еліміздегі, Мәскеу мен Париждегі айтыстарда талай айыз қандырған, әлі талай олжа саларына күмән жоқ. Ал бүгінгі жазба айтыста ол кәнігі тарлан Бекарысқа да лайықты қарсылас бола білді.
Ел едік, бұрыннан-ақ іргелі едік,
Сондықтан не көрсек те, бір көрелік.
Қайтемін дағдарысқа қарғыс айтып?
Жарықтық жатқан жоқ қой күнде келіп.
Дағдарыс деген, шіркін, аты қандай,
Ашуын адамзаттың шақырғандай.
Тезірек қайтып кетсе болар еді,
Сен құсап төркінінде жатып алмай, – деп бірден қусыра келіп, төркіндеп жүрген Сараның сапарынан әлеуметтік астар таба қойған Бекарысқа:
Мен секілді төркіндеп жатып алмай,
Сен секілді ел кезіп, қаңғып кетсін, – деп ұтымды жауап қайтаруы шын сүйсінтті. Әрине, шебердің аты – шебер. Тас жарған талантын тәжірибемен ұштаған Б.Шойбеков Алматыдағы су тасқынын да, Тіл комитетіндегі жымқырылған ақшаны да, діни миссионерлерді де тілге тиек ете отырып, бірталай ушығып тұрған мәселелерді қозғап, өзіне тән әзілмен өрнектеді. Сөздері – шымыр, ойы – өткір, қиялы – ұшқыр. Өлең өрнегі – кестелі. Жазба поэзияға да ден қойып жүрген Бекарыстың бес қаруы түгел. Сол себепті де бұл жекпе-жектегі жеңісті Б.Шойбековтің қанжығасына байлағалы отырмыз. Келесі сөз майданына Күмісай Сәрсенбаева мен Ринат Зайытов шығады.