Тобанаяқ, ақи көз, су мұрын сүмелек, өзі қырма таз Түгелбайдың өзі ақсақ, сынық мүйіз сары сиыры Қоқымға құтылмас пәле болып жабысты. Қарасан келгір мәлікті ұрлайын деген жоқ. Мұны ұрлыққа итермелеген тобанаяқ тоғышардың өзі. Үйіне келіп отырып көзі аққанша жылап:
– Қоқа, былтыр түскен келінім қарным шермигенше той жасаған жоқсыз. Енді екі айдан кейін босанамын. Соған дейін той жасамасаңыз, бүйтіп масқара болғанша төркініме кетемін, – деп қиғылықты салып жатыр. Өзі шешесіне тартқан бір бет. Айтқанын істейді. Құдалардан да ұят болды. Сен азаматтық қылып, маған ақша бер.
Қарызыңды тойға түскен ақшадан қайырамын. Ол жетпесе қарагер қатынымды сатсам да құтыламын, – деп зар еңіреді.
Оның көк долы қатынын ешкім тегін алмайтынын біле тұрса да жаны ашыған Қоқым сұраған ақшасын берді. Содан бері, міне, бес жыл болды. Түгелбай сиырқұйымшаққа салып қарызын қайтармай келеді. Бермеймін демейді, беремін дейді. Бірақ бермейді.
– Үш баласының біреуі де өзіне ұқсамайтын сол сүмелекке жем болып отырсың. Сенде намыс жоқ. Мен барып қаққанда қанын, соққанда сөлін алайын, – деп әйелі Қатира жұлқынды. Сол ашумен барып қарагердің шашынан ала түсті. Анау да «сен тұр, мен атайын» нағыз бетпақтың өзі еді. Жабайы мысықша баж етіп тырнағын тарбитып қарсы ұмтылды. Түгелбай екеуін сүт пісірім уақытта әзер ажыратты. Қоқым да ашуға булығып «сен сөйтсең, мен бүйтейін» деп бір түнде сары сиырын шығарып алып, алыпсатар Гаубас Жиенбекке сатты да жіберді. Қоқым ар-ұяттан безген, пайдакүнем ұры емес еді. Өзіне тиесілі ақшасын санап алып артылғанын Түгелбайға апарып берді. Сары сиырдың айықпас дауы осылай басталды. Сол күні Түгелбайдың қой дегеніне қоймай қарагер қатыны сотқа арыз берді.
«Сиырым бұлақтай ағып тұрған сүтті еді. Өзі Граф деген асыл тұқымды бұқаның ұрпағы еді. Қаскөй Қоқым балиғатқа толмаған бұзауын тас жетім қалдырып, сиырымның өмірін қиды. Қарақшы ұры һәм жауыз жүректі Қоқымды қайтып келместей қылып соттауыңызды сұраймын» деп жазыпты. Өте өткір, әрі шешен тілмен жазылған осы арызды оқығанда сот та жылап қалыпты деген сөз бар.
Осы арыз бойынша екі ай тергеу, тексеру жүрді. Міне, бүгін сот отырысы. Қоқым қорыққаннан көзі алақтап, айыпкер орындығында отыр. Көлденеңі мен биіктігі бірдей хатшы әйел жуан денесіне жүдә жараспайтын жіңішке дауыспен:
– Тұрыңдар, сот келе жатыр! – деп шар ете қалғанда Қоқым селк ете түсті.
Сот төрағасы инеліктей қатқан арық, құрықтай ұзын бойлы адам екен. «Япыр-ай, пәтшағардың түсі неткен суық еді. Жұттан шыққан неме ме? Сот деген былай... Қарындылау, жуан бөкселеу болушы еді. Мынау ішкен-жегені бойына жұқпайтын, ішінде жыланы бар Кащей сияқты біреу ғой. Сықпыты жаман екен аямас, аямас», – деп ойлады Қоқым үрейленіп.
Жуан прокурор бұған тағылған айыпты оқып берді.
– Айыпталушы Қоқым Қотырашов тұр орныңнан! – деді сот денесіне жараспайтын жуан дауыспен. – Сен өзіңе тағылған айыпты мойындайсың ба?
– Жо... жо... жоқ ойбай! Мен емес, бұған Түгелбай төбет айыпты. Бес жыл болды қарызға алған ақшамды қайтармаған соң былай... өзімше... кетіп едім.
Осыдан кейін прокурор мен Қоқымның жалдап алған адвокаты кезек сөз салып, салғыласып кетті.
– Мұндай қанішер, кәззәп ұрыны қоғамнан аластатып алты жылға айдау керек, – деді прокурор.
– Жоқ, бұл айыпты емес, қайта жапа шегуші. Түгелбай төбет... Кешіріңіз, арыз беруші Түгелбай алған қарызын бес жыл қасақана қайтармай, бұған материалдық һәм моральдық шығын келтірді. Қоқым осы болмашы әрекетімен әділдік орнатқысы келді. Мынаны қараңыз, ол сиырдан түскен ақшаның өзіне тиесілі бөлігін ғана алған. Қалғанын сиыр иесіне қайтарып берген. Қоқым қандай кристальный таза адам. Неткен ақжүрек азамат. Соның үшін мұны айыптан босатып, Түгелбайдың өзін біреудің меншікті мүлкін ұзақ жыл өз пайдасына жаратқан зиянкестігі һәм жалақорлығы үшін соттау керек, – деді адвокат өз кезегінде.
Сот екі жақтың куәгерлерін тыңдап болған соң, үкім үйіне кетті. Не болар екен деп ел сілтідей тынып отыр.
– Тұрыңдар, сот келе жатыр! – деді жуан хатшы. Қоқым үміт пен күдік аралас ойда отыр.
– Сот сиыркрад Қоқым Қотырашовты айыпты деп тапты. Пәлен баптың, пәлен тармағы бойынша оны екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті, – деген сөздер құлағына күңгірлеп жетті. Одан әрі тұман. Қоқым естен танды.
Таңертең қоштасуға келген әйелі бұған жанашырлық көрсетудің орнына:
– Мен саған айттым ғой, адвокат оттайды, сот соттайды деп. Адвокатқа берген ақшаңды сотқа бергенде мұндай болмас еді. Бақандай екі жыл бай қызығын көрмей қалай өмір сүрем, ойбай! – деп тепсінді.
– Кейде қатынның да сөзін тыңдау керек екен-ау, – деді Қоқым қамығып.
Тұрыңдар, сот келе жатыр!
Последние статьи автора