Төстегі жүннің сиқыры

Төстегі жүннің сиқыры

Табиғат Қоқымға еркек адамға ауадай қажетті сұлулықтың бәрін аямай үйіп-төгіп бере салған. Бойы он қарыс, салмағы сексен сегіз келі. Екі иығы екі кісі мінгендей кең, кеудесі қостың туырлығындай, қысы-жазы үнемі быршып, терлеп тұратын қолы мен шуаш иісі аңқып жүретін аяғы Қарабайдың тоқсан мың жылқысына арнап тоқсан қудың қазған құл Қодардың кетпеніндей жалпақ. Қозғалған сайын шиыршық атып тұратын білем-білем бұлшық еттері Геркулестің тас мүсінін көзге елестетеді. Бет ажары да онша жаман емес. Жоталы Кавказ мұрыны, қалыңдығы екі еліге жуық еріндері, кішкене өткір тышқан көздері оған еркектік рең беріп тұр. Бала кезінде есек тепкеннен қалған маңдайдағы алақандай ай тыртығы оның жүзін сұстандыра түседі. Қас жүні ұйпа-тұйпа қалың, кірпіктері садақ жебесіндей ұзын, бұйра шашы тарақ түгілі саусақ батпайтын ұйысқан қою. Бір кемістігі сол – жаялықтай жалпақ бетінде бір тал қылтанақ жоқ... көсе. Бас терісі құнарлы болғанда, бет терісіне сапалы тыңайтқыш жетпей қалған сияқты. Бірақ оның есесіне, кеудесіне, қарынына қалың жүн өскен. Жүндерінің ұзындығы бұлақ басындағы бетегедей.

Қоқым өзінің осындай бөлек тұлғасын, кеудесін түгел жапқан қалың жүнін іштей мақтаныш етеді. Танымайтын ортада, Қатира жоқ жерде түймелерін түгел ағытып, кеудесін айқара ашып тастап отыратын әдеті бар. Оның құпия, сырлы себебі де жоқ емес...

Бірде өзі жұмыс істейтін депоның асханасында бейтаныс сұлу келіншекпен табақтас болып қалды. Мұның жүні будыраған кеудесіне таңдана қарап отырған келіншек өзі бастап таныстыққа шақырды. Ол адам анатомиясын зерттейтін институттың ғылыми қызметкері екен. Жақында кандидаттық диссертация қорғамақ ниетін де жасырмады. Соған бола дене бітімі, құрылысы өзгелерге ұқсамайтын адам іздегеніне көп болыпты. Көктен іздегені жерден табылғанына қуанышты екенін айтты. Дауысы да әуезді, сандуғаш үніндей екен.

– Ағай, мың-миллион құпиясы бар адам ағзасын зерттеп жүргеніме көп болды. Бірақ сіздей жүндес адамды бұрын-соңды көрген емен. Кешіре көріңіз, менде бөтен ой жоқ, тек ғылым үшін қажет болып тұр, кеудеңізді толық ашып көрсетіңізші, – деді қиылып.

– Ғылымға пайдам тиіп жатса, көре ғой қарындас, – деді барлық түймесін ағытып тастап. Ғалым келіншек көзілдірігін бір шешіп, бір киіп, мұның кеудесіне таңдана қарады. Тура кеңірдегінен басталатын табиғи жүн орманы бүкіл кеудесін, қарынын тұтас жауып ышқырына дейінгі кең алқапты алып жатыр екен. Одан төмен қанша жерге созылатыны Қоқымның өзіне ғана аян. Оқыған, әдепті келіншек арғы жағын қазбаламады. Тағы бір өтініш айтты:

– Ағай, айып болмаса кеудеңізді сипап көрейінші. Ғылым үшін ғой...

– Ғылым үшін болса сипай ғой, қарындас, – деді Қоқым мардымсып.

Келіншек бөтен еркектің кеудесін сипау ыңғайсыз әрі әдепке жатпайтынын білсе де «ғылым үшін» тәуекелге барды. Тап сол сәтте бұлар оңаша отырған асханаға Қатира асыға басып кіріп келді де тапайдың тал түсінде жекеменшік күйеуінің кеудесін сипап отырған келіншекті баспасөзде небір батыл жазушының да батылы бармайтын айшықты сөздермен сыбап бездіріп жіберді.

– Бөтен қатынға кеудеңді неге сипатасың, – деді Қатира тепсініп.

– Ғылым үшін, – деді Қоқым күмілжіп.

Келесі бір ыңғайсыз оқиға да осы асханада орын алды. Ашқарақ Қоқымның жұмыстан қолы қалт еткенде асханаға келіп, бір бөлке қара нанды пияз қосып қарбытып алатын әдеті бар еді. Оның бұл әдетін білетін даяшы тетя Варвара оның алдына нан мен пиязды әкеліп қойды. Қарсы алдында отырған инеліктей қатқан арық әйел нанды пышақпен турап әуре болмай-ақ, шетінен тісімен жұлып алып, пиязға қосып қашырлата шайнап отырған жігітке есі кете, таңдана қарайды.

– Ағай, түйіліп қалмаңыз, – деді әйел шидей арық денесіне мүлде жараспайтын жуан дауыспен. Зерек Қоқым бейтаныс әйелдің өз кеудесіне көз салып отырғанын мана байқаған. Байқаған да тағы бір түймесін ағытқан. Момын мінезді, ынжықтау Қоқым өз бетінше әйелдерге тіл қатпайтын. Олардың өзі тиісуін күтіп отыра беретін. Оқиға көбіне Қоқым ойлағандай болып шығушы еді... Ол жайымен әйелдің жүзіне жанарын аударды. Өзін ағай деп атаған әйелдің жасы біразға келіп қалған болуы керек. Өңі кетіп,шикі тулақтай тоза бастаған бет терісінің сай-сай терең әжімдерін баттасқан қалың макияж да толық жасыра алмай тұр. Қолдан жапсырылған ұзын найза кірпіктері, қобыраған жасанды бөрік шашы әйелге көрік беріп тұрған жоқ. Тіпті құлағындағы алтын салпыншағы да, қыл мойнындағы қабат-қабат алуан моншақтары да, асыл тасты жүзік, білезіктері де жараспайды екен. Ұсқынсыз әлеміш бояма бет пен қымбат әшекей заттар бірін-бірі жатсынып, бір-бірінен үркіп тұрғандай. Контраст жоқ.

– Ағай, ана тұз қалбырыңа қол жалғап жіберіңізші, – деді әйел мейлінше мәдениетті сөйлеуге тырысып.

Сұлулықты сүйетін кірпияз Қоқымға мынау әйел салған жерден ұнамады. «Әкеңнің... өзі менің енеммен қатар, ағай дейді ғой ұялмай» деп ызалана ойлады. Сонда да сыпайылық салтымен тұз қалбырын алып ұсына берді. Әйел де осы сәтті асыға күтіп отыр екен, шап беріп қолына жармаса кетті.

– Ағай, қандай ірісіз. Қалың жүн кеудеңізге соншалықты жарасып тұр. Әйеліңіздің қытығы келетін шығар. Жалынамын, кеудеңізді бір сипайыншы, – деді үздіге, алқына үн қатып.

Алақанының жылуы кеудесінен әлі кетпей жүрген анадағы әдемі ғалым келіншек болса бірсәрі, мына сойдақ сүйекті, маймыл тектес ұсқынсыз әйелге кеудесін сипату Қоқымның жоспарында жоқ болатын. Әйел жігіттің тартыншақтағанына қарамай, кеудесіне қол салды. Бір салғанда мол салды. Әйелдер тарапынан мұндай шұғыл шабуылды бұрын көрмеген Қоқым қатты сасып, абдырап қалды.

– Апай, қойыңыз. Мен әйелі бар адал еркекпін. Бөтен әйелге денемді ұстата алмайын, – деді абыржып.

– Апай демей, замандас деңіз. Сіздей жүндес, алып еркек бір әйелдің құшағына қалай сыйып жүр. Тым болмаса, ашынаңыз бар шығар, – деді әйел өліп-өшіп.

Құдай жар болғанда тап сол қауіпті сәтте асханаға Қатира кіріп келді. Келді де өндіршектеп Қоқымға жармасып жүрген әйелдің шашынан ала кетті.

– Басқаның еркегіне желімдей жабысқан жезөкше, мыстан кемпірден аумайтын жиіркенішті жәлеп, менің байымда не әкеңнің құны бар? – деп айғай салды.

Зәресі кеткен «мыстан» бас сауғалап, асханадан шыға қашты. Бөрік шашы Қатираның қолында қалды. Ол оны қоқыс салатын жәшікке атып ұрды. Қатира жұптысының кеудесіндегі қалың жүннің қарсы зарядты адамдарға қатты әсер ететін сиқырлы күші бар екенін бұрыннан сезетін. Амалы таусылып, діңкесі құрып жүретін. Осы жолы төзімі таусылды...

Қоқым аузына жүз грамм тисе, жетекке жүргіш, жуас, әсіресе, әйелдердің көңілін қалдырмайтын ақкөңіл, жұмсақ мінезді жігіт болатын. Сондықтан айлық алған күні оны көзден бір сәт те таса қалдыруға болмайды. Егер сәл кешіксе алып шаһардан Қоқымды табу – маяға түсіп кеткен сынық инені табудан да қиын соғар еді. Қатира депода қай күні, қай сағатта айлық беретінін жақсы біледі. Сол кезде сарт ете түседі. Қоқымның анадағы ғалым келіншек пен мына «мыстанмен» кездейсоқ кездесіп қалуы сол айлық алатын кезбен тұспа-тұс келіп еді. Екеуінде де Қатира мұны мүмкін болатын «күнәдан» құтқарып қалды.

Қатира бүгін басқа қырынан көрінді: «Мыстан кемпір» оқиғасын тез ұмытып, дастарқан жайды. Қоқымға аса ұнайтын «орыс арағының» екі шөлмегін қылтитып қойды. Өзі «іш-же» деп бәйек болып отыр. Бұл Қоқым үшін сенсация еді. Қатира толтырып құйған арақты дембіл-дембіл тамшы қалдырмай сылқытып жұта берді.

Екінші шөлмек орталанған кезде Қоқым әдетінше жуан дауыспен Бекежанның ариясын айтты. Шөлмек таусылып, жамбасы жерге тигенде бұл да сұлап түсті.

Қоқым қаталап, шөлдеп оянды. Бала күнгі әдеті бойынша кеудесін тыр-тыр қасыды. Ойбай-ау, мынау не сұмдық? Жайшылықта саусағының басына ілігіп тұратын төс жүндері қайда кеткен. Жүн жоғалып, орыны шайтан тайғандай жып-жылтыр қу тақырға айналыпты. Атқып тұрып айнаның алдына барды. Қараса, төсінде бір тал қылшық қалмапты. Япыр-ай, барлық жүні бір түнде жидіп түсіп қалған ба?

– Оны қырып тастаған мен, – деді Қатира есіктен басын сұғып. – Ғалымдар мен мыстандардың көзіне күйік болмасын деп солай еттім.

– Әу, әу Қат... Қатеке, бұл үйде ұстара жоқ еді ғой, – деді Қоқым көселігі есіне түсіп.

– Бір емес, он ұстара әкеліп қойдым, – деді Қатира.

– Өмірі сақал қырып көрмеген сенің опытың жоқ, бір жеріңді кесіп алуың мүмкін. Сондықтан кеудеңдегі сиқырлы қылшықтарыңды апта сайын өзім қырып тұрамын...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста