«Отырар сазы» халық музыкасы кешіне шақырады
Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі Алматыда өзінің кезекті концертін өткізеді. Атақты өнер ұжымымен бірге елімізге белгілі әншілер өнер көрсетеді.
Халық музыкасының жауһарларына арналған кеш Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында қарашаның 22-сі күні болады. «Отырар сазы» оркестріне бұл концертте бас дирижер Дінзуһра Тілендиева мен белгілі музыкант Мүсілім Әмзе жетекшілік етеді. ҚР еңбек сіңірген әртістері Бағдат Сәмединова мен Құрманбек Әлімғазы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлзия Стамбек жеке орындауда өнер көрсетеді. Сондай-ақ фольклорлық-этнографиялық ұжымның сүйемелдеуімен халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері Салтанат Жұбаныш, Фархат Құбиев, Лариса Насретдинова, Талғат Қожбановтар ән шырқайды. Еске сала кетейік, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық оркестрі Жамбыл атындағы филармонияда осыдан бір ай бұрын да концерт берген болатын. «Сырлы саз» атты кешке дәстүрлі ән өнерінің айтулы өкілдері қатысқан еді.