Бұл айтыс та өз мәресіне жетіп қалды. Бірі елорданың, бірі Қарағандының намысын қорғаған екі ақын да жазбаша айтысты жаңғыртып, жалғастыруға кәдімгідей үлес қоса бастады десек те болады. Әйтсе де жарыс болғаннан соң біреу озып, біреу қалады. Тартысты аламанда мәре сызығын бірінші болып кім қиып өтер екен? Біз алдын ала бал ашудан аулақпыз. Мұны мәртебелі уақыттың өз еншісіне қалдырайық. Бүгін Еркебұлан не айтар екен?
Қоянды мен Қараөткел – жаңа ауылдар,
Көркейтсем деген соны талабым бар.
«Астана бір-ақ күнде салынбайды»,
Ал енді бұған қандай жауабың бар?
Ақыры бір мәселе қозғап қалдың.
...Кеншіні жер астында сорлатқан кім?
Майшам алып, мәселе іздеп жүрсең
Митталдан құнын сұра боздақтардың...
Кей ауылда жарық пен су қат боп тұр,
Бұл жағы біздерге де жұмбақ боп тұр.
Ал сіздің шахтаңыздан шыққан көмір,
Адамның өмірінен қымбат боп тұр.
Жә, жетер, таға бермей сырттан айып,
Екеуміз ұл болайық ұлтқа лайық.
Қор қылмай көзге шұқып саусақтарды,
Жұмылған жұдырықтай жұрт болайық!
Жазба айтыстан көз жазбайтын құрметті Алаш оқырмандары! Сіздердің пікірлеріңіз міндетті түрде ескеріледі. Ақындарға қатысты талап-тілектеріңізді телефон қоңыраулары және хат арқылы білдіруге болады. Газет бетінде күнделікті жарияланып тұратын сөз сайысын қалт жібермей, қадағалап отырыңыздар!
e-mail: alash_ainasy@mail.ru Факс: 8(727) 388-80-61. Тел: 388-80-64
Сондай-ақ жазба айтыстың электронды нұсқасын www.alashainasy.kz сайтынан күнделікті оқып тұра аласыздар.
Еңсеміз биік, сөзіміз түзу, рухымыз мықты болсын!
Редакция
Майшам алып, мәселе іздеп жүрсең Митталдан құнын сұра боздақтардың...
Последние статьи автора