Базардағы есек саудасы

Базардағы есек саудасы

«Арбакеш Қоқым «әңгі қара» деп аталатын атақты қара есегін аукционға шығарып сатады екен» деген хабар базар жұртшылығын таң қалдырып, жағасын ұстатты.

– Сұмдық-ай, – деді есек арбашы Қыранбай, – бір өзі екі есектің жүгін тартатын «әңгі қараны» сатамын дегені қай сасқаны? Сол рас болса, оны мен-ақ сатып алайын.

Қыранбай екі өкпесін қабындырып жүгіріп отырып базардағы аукцион өтетін жерге келді. Бір қауым ел жиналып қалған екен. Ортада Қоқым мен «әңгі қара». «Әңгі қара» қара алып күшімен, шаршамайтын еңбекқорлығымен атақты болатын. Талмай арба тартып, Қоқымды тез байытты. Елдің есегімен екі рейс жасайтын жүкті бұл бір-ақ сүйреп апаратын. Бірақ Қоқым бір-ақ рейстің ақысын алады. Сондықтан саудагерлер мен алармандар таң атпай «әңгі қараға» өшіретке жазылып қояды. Сол табысты есек бүгін сатылмақшы.

– Алғашқы бағасы бір мың бакс, – деді Қоқым, – бағаны өсіруге шек қойылмайды. Қай жеңгенің аласың.

– Өй, көксоққан, мынауың арғымақ аттың құны ғой. Мұның аты  – есек, сен есектің құнын айт, – деп айғайлады Қыранбай. – Мен 500 бакс беремін!

– Аузыңа келгенді оттап елдің саудасын бұзба, – деді Қоқым түсін суытып. – Алмасаң жайыңа жүр. Мен «әңгі қараны» америкалық жүйе бойынша аукционға шығарып тұрмын. Мал иесі ретінде алғашқы бағасын қоюға правом бар.

Ел гуілдеп тұр. Барлығы есекке қызықса да, оның бағасы қалтаға ауыр соғады. Қоқымның райынан қайтатын сыңайы жоқ.

– Өздерің білесіңдер, – деді Қоқым, – бұл – есектердің пырағы. Жиенбеттің жаман жирен аты сүйрете алмаған арбаны қиналмай тарта жөнелгенін көздерің көрген. Босқа даурықпай бағаны көтеріңдер. «Әңгі қара» алған адамды байлыққа батырады, бақытқа бөлейді.

– Есекке осынша құн сұрап тұрған мына Қоқымда сәбсім ұят жоқ екен ғой. «Гиннесс кітабына» жазылатын баға ғой мынау. Сен алғашқы бағаңды шиыр, мен алты жүз бакс беремін, – деді Түксен.
Қоқым енді ашуға басты.

– Шиыра алмаймын. Мен сенің алты жүзіңмен артымды да сүртпеймін. Жаман-жәутік есектің құнын айтып, «әңгі қарадан» ұялмайсың ба?

Біреу жеті жүз деді, біреу сегіз жүз деді. Бірақ Қоқым райынан қайтпаймын деп тұрып алды. Ел не десе о десін, Қоқым «әңгі қараның» достойный бағасын айтып тұр. Қоқым бұл есекті тайқар кезінде көршісі Тәшматтан бөрте лаққа айырбастап алған. Есек тез өсті. Бірақ ауылда Қоқымға да, есекке де жұмыс табылмады. Іші пысқан күшті есек ауылдағы есек атаулыны, оның ішінде тайқарларды тырағайлата қуатын мінез тапты. Шайқаста жеңілген еркек есектер бұдан қашып, маң далаға безіп кетті. Сол алапат күшінің арқасында бұл жыл сайын жиырма-отыз қодыққа әке болып жүрді. Қайраты мен тентек мінезіне сай «әңгі қара» деген атақ алды.

Ауылда «күрекке боқ табылмай» тұрған кез. Қоқым ағайын-туыстарына:

– Қалаға барып есек арбамен таксавайт қыламын, – деді. – «Түк сауатың, мамандығың жоқ, қалаға барып, кәсіп таппай қаңғырып қалмайсың ба?» дегендерге айттым ғой, есек арбамен елдің жүгін тасимын, балаларды қыдыртамын. Ақша табамын.

Қоқым көріпкелдік танытты. «Әңгі қара» өзіне көрсетілген зор сенімді ақтады. Күшті есекке сұраныс көп болды. Қоқым тез байыды. Аз уақыттың ішінде қала сыртынан үй салды. Енді он тонна жүк көтеретін «КамАЗ» алмақшы. Арманы – «КамАЗ»-бен Қытайға барып, арзанға тонналап тауар алып келіп, қымбатқа сату. Есек арбамен Қытайға бара алмайсың. Сондықтан қимаса да «әңгі қараны» сату керек болып тұр.

– Неменеге таңданасыңдар? – деді есекті қымбатсынып шулаған алармандарға, – бұл қасиетті есек. Арғы атасы Қожанасырдың өзі мінген «Бухарская порода». Егер мұны Тәшкенге апарсам, бес мың бакске алып кетер еді. Мұны қодық кезінде көршім Тәшмат Тәшкенге туыстарына барған сапарында алып келген. Мен оны тайқар кезінде тайға айырбастап алғанмын.

Сол кезде топ ортасынан:
– Жаның шыққыр Қоқым, неге өтірік айтасың? – деген дауыс саңқ ете қалды. Ел жалт қараса, ала тақиялы, ала шапанды біреу ентелеп келеді екен.

– Бетің бүлк етпей тайға айырбастап алдым дейсің. Сен қалаға көшерде мұны ұрлап әкеткенсің. Уа, жұрт, бұл есек менікі. Тәшкеннен әкелгенім рас. Екі құлағының артқы жағында екі ойық тілігі, жамбасында «Т.Қ.» деген күйдіріліп басылған таңбасы бар. Нанбасаңдар, көріңдер. Көріңдер де, ақ адал малымды өзіме қайтарып алып беріңдер. Мына бетпақ ұрыны жауыр есекке теріс мінгізіп масқаралаңдар.

– Әй, Тәшмат, өй әкеңнің... Мен сені өліп қалды ғой деп жүрсем, тірі екенсің ғой. Ұрлады деп неге жала жабасың, саудагер сарт. Айырбастап алып едім ғой.

– Ана қазақ өтірік айтады.Ұрлап әкеткен...

Есек арбашылар арасында сиқыршыдай тез байып кеткен Қоқымды көре алмаушылар көп болатын. Солар дуылдасып келіп «әңгі қараның» құлағын тексерді. Тәшматтың айтқан тұп-тура, екі құлағында ойық ен бар екен. Шашын алдырғанда оның жарты-ақ құнын төлейтін Қоқымға зығырданы қайнап жүретін шаштараз шал ұстарасын жанып-жанып жіберіп есектің жамбас жүнін лезде қырып тастады.

Шынында, терісіне күйдіріп басылған «Т.Қ.» деген екі әріп шыға келді.

– Әне, көрдіңдер ме? – деді Тәшмат даурығып. – Бұл – «Тәшматтың қодығы» деген сөз.

– Мынау нағыз қаныпезер ұры екен ғой.

– Жылқы емес, қой емес, есек ұрлаған деген не сұмдық? Есек ұрлағанды соттайтын заң бар ма екен өзі? Біздің де есегімізді қолды қылмай тұрғанда Қоқымның көзін құрту керек.

Ел осылай шуласып жатқанда жазықсыз жалаға ұшыраған Қоқымның жүрегі шыдамай талып кетті. Есін ауруханада жинады. Қасында Қатира отыр екен. Алғашқы сұрағы:

– «Әңгі қара» қайда? – болды.

– Қу Тәшмат оны Қыранбайға жүз долларға сатып, өзі тайып тұрды. Сен шіренбей-ақ бес жүзге сата салуың керек еді. Аңқаусың Қоқым, аңқаусың, – деді Қатира күрсініп. – Сені психикалық ауруға ұшыраған, емдеуге мың доллар керек деп отыр дәрігерлер...

– Ах, ох, Тәшмат, әлі-ақ әкеңді танытармын, – деді Қоқым қаһарланып.

– Әкесін таныта алмайсың. Ол әлдеқашан Тәшкенге көшіп кетіпті, – деді Қатира.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста