Өнер – өмірдің көркем бейнесі, өнер тұлғасы мәдени үлгінің көшірмесі, әлеуметтік-мәдени жүйенің элементі ретінде қарекет етеді. Адамгершіліктің қадірі қашқан, рухани құндылықтарға сусаған қазіргі модернизация дәуірінде режиссердің көркемдік әлемінің дәстүр мен жаңашылдықты қабыстырып, уақыт аясында үзілген алтын өзекті жіпсіз байлайтын құдіреті сахнаны тамашалай келген кез келген жанды бас игізбей қоймайды.
Шынайы өмірдің көріністерін театр сахнасында шебер өргізген Әзірбайжан Мәмбетовтің естен кетпес қойылымдарының куәсі болғанымыз кеше ғана еді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйытқы болуымен КСРО және Қазақ КСР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық Қаһарманы, профессор Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің 80 жасқа толуы қарсаңында және Алматыдағы мәдениет жылы аясында философия ғылымының докторы, профессор Молтобарова Күмісбала Ищанқызының «Режиссер Мәмбетов феномені» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Театр тарланы туралы жаңа кітап ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен – Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің есімін ел тарихында қалдыру мақсатында «әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығару» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарияланған. Бұл еңбекте Қазақстанда алғаш рет режиссер тұлғасы мен шығармашылығына мәдени-философиялық тұрғыдан талдау жасалған.Тұсаукесер аясында режиссер туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Шараға КСРО және Қазақ КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Әшімов, ҚР Халық әртісі Е.Обаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры, философия ғылымының докторы, профессор А.Құлсариева, филология факультетінің деканы Қ.Әбдезұлы, факультет деканы Ә.Масалимова, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі А.Құрманалиева және өзге оқытушы профессорлар қатысты.
Мұқан Нұрзат Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы
Әзірбайжан Мәмбетов феномені
Последние статьи автора