Ақша көрсең, айналып қаш...

Қоқымның қалаға қоныс аударуы өте сәтті басталды. Ауылда оның алаңдайтын ештеңесі жоқ еді. «Ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып, ата-аналық борышын абыроймен атқарып шықты. Құдайға шүкір, мектепті шала-пұла бітіре салып сразы үйленгені сәбсім жақсы болды. Қыранбайдың басын жарып, Жиенбеттің жағасын жыртып, ұрыс салып жүріп алған жары Қатира мұның шексіз, құштар махаббатына лайықты, өнімі мол әйел болып шықты. Махаббат қызық мол жылдары, дәлірек айтқанда алғашқы онжылдықта жеделдетіп жеті баланы дүниеге әкелді. Келесі онжылдықта балаларының біразы үйленіп, тұрмыс құрып өз алдына отау тікті. Соңғы бесжылдықта қыздарының кішісі күйеуге қашып, кенже ұлы қыз алып қашып келді. Сөйтіп, үйде Қатира екеуі ғана қалды. Балаларының міндетінен құтылған ерлі-зайыптылар «уһ» деп демін бір-ақ алды.

Жасы төрт мүшелге жақындаған Қатираның енді клон жасаса да бала тумайтыны айдан анық болды. Ерте үйленген Қоқым да әбден қажып, шаршаған болатын. Бұйырса, енді демаламыз десті. Бірақ ұлдың қалың малын, қыздың төсек-орнын беріп жүріп, барлық жиған-тергені таусылып еді. Ауылда «күрекке боқ жоқ», зейнетке шығуға жастары жетпей, біраз қиналып қалғаны рас. Тап сол кезде бауыздау құдасы Амандос көмек қолын созды:

– Жайыңды түсінемін, – деді құрдасы. Балаларыңның бәрін үйлендіріп, үлкен ерлік жасадың. Міндеттен құтылдың. Енді қалаға келіп менің таудағы саяжайыма кіріп, тегін тұра бер. Қатираның міндеті – бау-бақшаны күту, өнімін тең бөліп аламыз. Екі алабай төбет, төрт қаншық ит бар. Соларды мезгілімен тамақтандыру. Иттер жылына екі рет күшіктейді. Төртеуінен кемі он алты күшік туады. Қазір қабаған алабай тұқымды иттерге қалада сұраныс көп, қымбат тұрады. Қатира сол күшіктерді қалаға апарып сатып тұрады. Бір күшіктің құны – оның жалақысы. Ал сені өз фирмама күзетшілікке аламын. Тұрақты айлығың болады.

Өмірі бейнеттен көз ашып көрмеген ерлі-зайыптылар үшін бұл жұмыстар онша қиын емес. Қуана келісіп, қуана көшіп келді. Шіркін, тау бөктеріндегі саяжайдың ауасы қандай таза. Екеуі жұмаққа келгендей рақаттанып қалды.
 
Бүгін Қоқымның көңіл күйі көтеріңкі, алғашқы айлығын алды. Онша көп болмаса да Қатира екеуіне жетерлік. Кеше екі ит аман-есен босанып, сегіз күшік тапқан. Енді бір он бес күн өткенде Қатира күшіктерді базарға шығарады. Бір күшіктің ақшасын өзі алады. Сөйтіп, ақшадан қысылып жүрген Қоқым бірер жылда едәуір дәулетті адам болмақ.

Осындай тәтті оймен келе жатқан Қоқым бірдеңеге сүрініп кетті. Бұл не деп қараса, алдында «қарыны тоқ» кошелек жатыр. Сәл ашылып қалған аузынан ақшаның шеті көрінеді. Алғашқы айлығына Қатираға халат аламын деп базарға ене бергені сол еді, алдынан ақша толы кошелек кездесе кетті. Бұл – жақсы ырым. Кошелекке ешкім назар аудармаған, көрмеген сияқты. Жоқ әне бір жігіт көрді, сәл тоқтап тұрды да, оны аттап өтіп базарға кіріп кетті. Мына бір әйел де байқады, бірақ алмады. Айналып өтті.

Қоқым аң-таң, бұлардың ақшасы қалтасына сыймай жүрген байлар ма? Бірақ бұл әзір бай емес. Ол еңкейіп кошелекті көтеріп алды. Жан-жағына қарап еді, назар аударған ешкім болмады. Кошелектің аузы жабылмай тырсылдап тұр. Құдай аспаннан сұрағанды терезеден бере салды деген осы шығар. Қанша ақша бар екенін білуге құмартқан Қоқым жүгіріп отырып қалтарыстағы туалетке келіп кірді. Жолы болды деген осы. Туалетте өзінен басқа тірі жан жоқ. Ол дереу қалыңдығы екі елідей ақшаны суырып алды. Қызыл, жасыл, көк көп ақша. Оның көздері тұманданып кетті. Қуанғаннан жүрегі кеудесін тепкілей жөнелді. Біреу танып қояр деген күдікпен кошелекті қағаз салатын жәшікке лақтыра бергені сол еді, білегінен біреу шап беріп ұстай алды. Жалт қараса, артында екі жігіт тұр екен.

– Ә, бәлем, қолға түстің бе? – деді қолын ұстап тұрған шой қара. Біреудің адал ақшасын алып, кошелегін лақтырып кетпекші. Әй, Баха, тап осындай ар-ұяттан жұрдай ұрыны көрдің бе?

– Жоқ, – деді анау бұқаша гүжілдеген дауыспен. Өзінің беті бұж-бұж, маңдайында ай тыртығы бар ұсқынсыз, түсі суық жігіт екен. – Мұндай кәззап ұрыны, қандықол қарақшыны көрген емеспін. Бұл талайды қанқақсатып жүрген кәнігі ұры, бандит болуы керек, сондықтан қол-аяғын қаусатып, екінші рет ұрлық жасамайтындай етейік.

– Оу, оу, қазақтарым, мен бұл кошелекті ұрлаған жоқпын, жолдан тауып алдым, – деді азар да безер болып.

– Тауып алсаң Қожанасыр сияқты үш рет неге «мынау кімдікі?» деп сыбырламадың, а? Міне, қара, мына сумкада жатқан ақшаны қалай алдың, – деді шой қара сумканың жыртығын көрсетіп. – Сен барып тұрған алаяқ сұмсың. Балаларыма тамақ, киім аламын деген соңғы ақшаны тонап тұрсың.

– Мұнымен тәжікелесіп тұратын уақыт жоқ, – деді құж қара. – Бұл әлгі талай сорлының сорын қайнатады. Сондықтан кездікпен тамағынан қиқ еткізіп шаруасын бітіре салайық.

– Ойбай, өлтірмеңдер, – деп жалынды Қоқым. – Мен мұны рас тауып алдым. Ақшаға қызыққаным рас, оған айыптымын. Қатыным, жеті балам, он жеті немерем бар еді. Солар үшін аяңдар... Мә, мә, алыңдар, бүгін ғана айлығымды алып едім, бәрін алыңдар.

– Баха, – деді шой қара. – Мына қарақшы айыбын мойындап тұр ғой, қанын жүктеп қайтеміз. Ат-шапан айыбына ақшасын алайық та қоя берейік. Анау басын изеді.

Түсі қашып үйіне әзер жеткен Қоқым Қатираға: – Жолда алтын, миллион ақша жатса да алма, айналып қаш, алды-артыңа қарама, – деді демі таусылып.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста