Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, мифологиялық түсінігі мен ырым-тыйымдарының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ЖЕТІ ҚАТ КӨК — қазақ халқының көне заманнан келе жатқан мифологиялық түсініктерінің бірі. Айқын мифтік мәнге ие бола тұра, бүгінгі қазақ тілінде «шырқау биік, шексіз аспан» дегенді білдіретін жай ғана астарлы, орнықты сөз тіркесі ретінде сақталып қалған. «Жеті қат көк» ұғымының үш мағыналық сипаты бар.
Біріншісі – мұсылмандық мифологиясында аспанның жеті қабатты болып түсіндірілетіндігі. Алла тағала аспанды жеті қабаттан тұратын етіп жаратқан, бұл туралы Құран Кәрімде: «Алланың жеті аспанды қабат-қабат жаратқанын көрмедіңдер ме?» (72-сүре, 14-аят), Алла тағала аспанға «айды нұр, күнді шам қылды» (72-сүре, 15-аят) деп айтылады. Мұсылмандық түсінік бойынша, Алла тағаланың тағы жетінші аспанның үстіне орналасса, жетінші аспанның өзінде жұмақ — джанна, бірінші аспаннан төменірек тозақ — жаһаннам орналасқан делінеді. Аспанның басқа қабаттарында нұрдан жаралған, Алла тағаланың еркін адам баласына жеткізуші мәлеиктер мен періштелер тұрады.
Екінші, кітаби түсіндірме бойынша, жеті қат көк дегеніміз — жалпы мұсылмандық астрономиялық танымдағы белгілі жеті жұлдызға байланысты атау. Олар — Ай, Меркурий (Ғұтрад), Шолпан (Зуһра), Күн, Марс (Миррих немесе Қызыл жұлдыз), Юпитер (Мүштари), Сатурн (Зұхал).
Үшінші мағынасы ежелгі түркілік мифологиясындағы түсінікке негізделеді, бірақ ол кейінгі мұсылмандық ұғымдардың астарында қалып қоюына байланысты, толықтай ұмытылып кеткен. Ол түсініктердің қандай сипатта болғандығын басқа мифтік дәстүрлердегі, ең алдымен түркі, моңғол мифологиясындағы аспан қабаттары туралы аңыздарға қарап аңдауға болады. Аспан әлемін үш, жеті, тоғыз қабатты етіп көрсету жер бетіндегі халықтардың басым көпшілігінің мифологиялық дәстүріне тән. Аспан қабаттарын жетіден де көп деп түсіну мысалдары да жеткілікті, мәселен, үнділік джайн мифологиясында аспан қабатының саны 63 болса, ламашылдықты қабылдағаннан кейінгі моңғол халықтарының түсінігінде аспан 99 қабатты болып та кейіптеле бастаған. Ал Орталық Америкадағы науа, майя мен ацтек тайпаларының мифологиясында көк 13 қабатты болып, оның әр қабаты әлдебір құбылыстың, не тәңір-иенің тұрағы ретінде бейнеленеді. Көне түркі және моңғол мифологиясында аспан күмбез немесе төңкерілген қазан түрінде, оның жиектері жер бетіне тақалып тұрады делінеді. Аспанның тесігі болады, ол тығынмен бекітіліп тұрады деп түсіндіріледі және оны Темірқазық деп атайды. Аспан тесігі — Темірқазық арқылы аспанның барлық қабаттарына өтуге болады. Түркі мен моңғол мифологиясын зерделей келе, қазақ халқы мұсылмандықты білмей тұрған дәуірде де аспан туралы осыларға ұқсас түсініктерге ие болғандығын аңғаруға болады.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062