Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы–осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейміз. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөзден көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «айт» және «алаш» сөзін алып отырмыз.
«АЙТ» сөзі араб тілінен алынған, яғни «қайту, оралу, мейрам, қуанышты күн» деген мағыналарды береді. Қуанышты күн деп аталуының бір себебі отыз күн бойы ораза ұстап, кейін ауыз ашу мейрамы болған үшін де осылай аталған.
Әбу Ханифа мәзхабы бойынша айт намаздың үкімі – уәжіп. Құтбасын оқу сүннет. Айт намазының құтбасы намаздан кейін оқылады. Алғаш рет ораза айт намазы һижреттің екінші жылында оқылған. Ибн Аббастан жеткен мына бір хадисте: «Ораза айт намазында Алла елшісі (с.ғ.с.) және Әбу Бәкір (р.ғ.), Омарлармен (р.ғ.), бірге болдым. Барлығы ораза айт намазын құтбадан бұрын оқыды» (Байһақи, Сүнәну-кубра, 3/297; Мүслим, 3/18) деген.
Айт күндері ерте тұрып, мешітке барардың алдында ғұсыл алып тәкбір айту, бір немесе оданда көп құрма жеу, яғни бір нәрсе жеп ауызды ашып шығу, хош иіс сулар себу, жаңа немесе таза киім кию, қолынан келгенше жағдайсыздарға садақа беру, балаларға сыйлық таратып қуандыру, марқұмдарды еске алып оларға құран оқып қабірді зиярат ету, көп дұға оқу, тәубе ету, мұстахаб амал болып табылады. Сондай-ақ араздарды татуластыру, барлық адаммен тату болу, туысқандарға қыдыру, оларға сыйлық апару, қонақ күту, елдің тыныштығы, бірлігі үшін дұға жасау да мұстахаб, яғни сауапты іс. Ал айт түндерін ғибадатпен өткізген адам үлкен бақытқа қауышады. Бір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):
«Кімде-кім ораза айт түні мен құрбан айт түнінің сауабын Алладан тілеп, сол түнді құлшылықпен өткізсе, жүректер өлетін күні оның жүрегі өлмейді дейді. Яғни оның жүрегі иман нұрынан нұр алып тұрады» (Марақи әл-Фәлах, 1/89; Фәтхул-қадир, 1/423).
АЛАШ (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Орта ғасырлық және одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы. Алаш аты тарихта кездесетін ең көне атаулардың қатарына жатады. Моңғол – татар – қазақ шежірелерінде Алаш (Алаша) хан туралы айтылады. Алтай тауының Сібір жағында (Тува) «Алаш» атты өзен мен «Алаш» атты тау сілемдері бар. Кеген тас жазуында «алты бөріг» («алты қасқыр») деген сөздің «алты алаш» мағынасын беретіні жөнінде (үйсін, қаңлы, қырғыз, хақас, татаб-татар, сяньби-ғұн тайпалары) ғылыми болжамдар бар. Алаш туралы аңыздарда мал-мүлікке жеке меншік болмаған кездегі қауым тұрмысының сілемі байқалады. «Алаш – Алаш болғанда, Ала тай ат болғанда, Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» деп келетін сөздер осыған меңзейді.
Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәліметте былайша түсінік берілген: «Қазақ халқының басын құрайтын ежелгі тайпалардың көпшілігі Оғыз қағанға бағынғанын ескерсек, «Алты Алаш» деген ұғымды оғыздың алты ұлына ерген ел деген де түсінік бар. Алаш ұраны «Алаш – Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, бұл қалмаққа не қылмадық» деген сөздер кейінгі Алаша есімімен байланысты деу қисынға келеді. Бұл орайда Саққұлақ би шежіресін, Ә.Диваевтың, Г.Н. Потаниннің, Ш.Уәлихановтың, А.Янушкевичтің, Ш.Құдайберді мен М.Тынышпаевтың ел арасынан жинаған аңыз-әңгімелерін, күнделік жазбалары мен ғылыми мақалаларын атаған жөн». «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды және қолданып та келеді. Соның дәлелі ретінде «Алаш қозғалысы», «Алашорда» және «Алаш» деген ұғымдарды атауға болады. «Алаш азаматы» деу қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейтіндей.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «хикмет» және «ақпарат» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062