Ана тілім – алашымның айбыны
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде дәстүрлі «Ана тілім – алашымның айбыны» атты жыр мүшәйрасы өтті. Бұл кеш Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған Тілдер апталығының шымылдығын ашып берді.
Бұған дейін іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жас ақындар да бұл кеште «ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйінін түйгенінше ана тілінде айтуға» барын салды. Туған тілін шабыттана жырға қосқан олардың әр сөзі жүрек тебірентті. Кеште әуелеген патриоттық ән, күмбірлей төгілген күй мен ұлттық би жүрек қылын тербеп, жігер берді. Ақындардың балғын жырларына факультеттің белді ұстаздары Бердібай Шалабай, Бағдан Момынова, Гүлмира Қазыбек, Кенжетай Күркебаевтармен қатар, осы мүшәйраның алғашқы жеңімпаздары, талантты жас ақындар, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенттері Манас Қайыртайұлы мен Шерхан Талап төрелік етті. Қара қылды қақ жарған қазылар алқасы жас ақындардың талабын жоғары бағалап, «Лирик ақын», «Тіл жанашыры», «Отансүйгіш ақын», «Еңбекқор ақын» аталымдарын ұсынды. Ал ІІІ дәрежелі дипломды Ақбота Садық, Әсел Жұртбаева, Арман Бейімбетов өзара бөліссе, ІІ дәрежелі дипломға Сәуле Нысанбек пен Жансая Қалекесова ие болды. І дәрежелі диплом кесек сөздері, терең астарлы жырымен ерекшеленген Жандарбек Жұмағұловтың еншісіне бұйырды.