Ән салшы, Роза!
Кеше Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында әнші-сазгер Роза Әлқожаның үш бірдей үн таспасының тұсауы кесілді.
1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай алғаш рет Астана аспанын әнмен көмкеруді жоспарлаған ол тек жаңа әндері шырқалатын кештің алдында тыңдармандарына үлкен сый жасады. Екі күн бұрын ғана «Қазақ толқыны» студиясынан басылып шыққан «Ән салшы, Роза!» деген атаумен әншінің өз орындауындағы және әншілердің орындауындағы авторлық әндерінің МР3 жинағының, 2010 жылы Қазақстан Жазушылар одағында өткен «Мына өмір ғажап қандай!» атты ән-жинағының тұсаукесер рәсімінің видеотаспасы мен 2011 жылы Алматы қаласындағы Студенттер сарайында өткен «Мен сыйға тартқан орамал» деп аталатын кештің таспасының, «Ақберен», «Ол көктем оралмайды», «Жүрек назы» әндерінің бейнебаяндарының DVD жинағы, «Жүрек назы» деген атаумен шыққан өлеңдерінің аудио нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараның шымылдығын Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы тамаша тілегімен ашып берді. Ол сөз арасында Оралхан Бөкейдің «Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген «Жүрек назы» әнінің бейнебаяны — қазақ әдебиеті үшін де, қазақ ән өнері үшін де маңызды екендігін тілге тиек етті. «Тақтайды тақтайға соққан композиторсымақтардың ішінде «Мен сыйға тартқан орамал» атты әнін радиодан тыңдап, осы бір сіңлімді сырттай жақсы көруші ем. Бұл өзі жақсы ақын да екен», — деп бағалаған Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова соңынан ерген сіңлісіне жүрекжарды тілегін жеткізе отырып, жыр жинағының лентасын қиды. Сондай-ақ лента қию рәсімін Ғалия Бөкейқызы мен Қазақ радиосының әдеби-саз бағдарламалар редакциясының жетекшісі Ләззат Қапышовалар жалғастырды.
КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов: «Менің жанрым – күнделік» десе, Роза: «Менің жанрым – смс» деуші еді. Бұлай деуіне негіз бар. «Ғұмырымдағы сәйкесім» деп атаған, өнерде орны бөлек апасы Ақмарал Леубаевамен жыл бойы жазылған смс хаттары өлең боп өрілді. Өзгеге білдірмей, өзім деп бір-біріне сыр айтқан қос өнер иесінің бұл тәсілі көпшілікке ұнады. Осы арқылы Розаға әдебиет өкілдері ақын деп баға бере бастады.
Жарас СӘРСЕК, ақын:
— Халықтың сүйікті әншісіне айналған Розаның жоғары білімі бар екендігін растайтын дипломында «Журналист» деген жазу бар. Қағаздағы жазу – маңдайдағы жазу емес екен... Ана жүрегі әнді қалапты. Қалауы — «Мен сыйға тартқан орамалдан» басталған ғажайып туындыларды жаратты. Сазгерлігі мен әншілігі үйлесім тапқан осы бір өжет те өнерлі жаратылыстың жан қатпарында басқа да өнердің бұғып жатқандығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Ол – оның ақындығы, сөз патшалығына құмарлығы. Талғамы мықты талант иесінің жырлары да ән сияқты, сағыныш сазы секілді...
Иә, музыка мен ақындық сөз бір-бірімен жымдаса отырып, жүрекке жылы, ұнамды бірлік жасайтыны секілді, Розаның орындаған әрбір әні тыңдаушы жүрегінен орын алып, ғашықтардың сезім пернесін шертті. Оның орындауындағы «Мен сыйға тартқан орамал», «Іздемейсің», «Ақберен», «Ол көктем оралмайды», «Мына өмір ғажап қандай», «Жүрек назы» әндері әрбір көрермен қосыла шырқайтын әнге айналды.
Ақындар өзара ұқсастығымен емес, өзгешелігімен де қызық. Расымен де, Розаның жырларына көз жүгіртіп көрсеңіз, шынайы өмірді аңғарасыз. Оның тіршілігін, мұңын, күйін, қуанышын өлеңнен таба аласыз. Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Розаға замандасы, сіңлісі ретінде тілекші екендігін жеткізе отырып, оның өлеңдерінде жиі кездесетін көне сөздер мен тілінің шұрайлылығын алға тартты. Жоғары бағасын берді. Розаның ең таңдаулы өлеңдері еніп отырған жинақ сазгердің ақын апасына деген махаббатын, құрметін өн бойына сыйдырған «Фариза» әнімен басталады.
Айта кету керек, жуырда белгілі ақын Бақытгүл Бабаштың Атырау қаласында жеке шығармашылық кеші өткен болатын. Сол кеште ақын өлеңдерінің аудиотаспасын сыйға тартқан Роза кешегі шара барысында Бақытгүлдің де «Сағыныш қалды көзімде» деп аталатын жыр жинағының таныстырылымын жасап, тұсауын кесті. Қос құрбының бүгінде шығармашылық бірлестігінен туған «Туған күн», «Фариза», «Сағыныш қалды көзімде», «Ұмыта алар емеспін» әндері тыңдаушыға жол тартып үлгерді.