Әйелқұмар антұрған аспаннан түсті ме?

Әйелқұмар антұрған аспаннан түсті ме?

Астанаға іссапармен бара жат­қан Қоқымның бүгін жолы болмады. Бұл әуежайға келгенше мамыра-жай болып тұрған ауа райы кенет алай-дүлей болып, нілдей бұзылды. Ас­панды қорғасындай ауыр қара бұлт торлап, қар аралас нөсер жаң­быр жауды. «Алатаудың шыжың ас­паны-ай», – деді қапаланған Қо­қым. Нөсер тоқтасымен таяқ тастам жер көрінбейтін тұман жер әлемді тұм­шалап алды. Жолаушы жұрт абыр-сабыр болып кейістік білдіріп жатыр. «Жолаушының ақысы жүрсе бітеді» демекші, жолдан қалғанды кім жақсы көрсін?! Баратын жеріне жете алмай, екі көзің төрт болып, күту залында қақшиып отырып зарық­қаннан жаман нәрсе жоқ. Қан­­ша асықса да, Қоқым осы күту азабын бастан кешіруге мәжбүр. Мана «ғ» мен «ұ» әрпіне тілі кел­мей­тін сақау қыз: «Ауа райының күрт бұзылуына байланысты Астана­ға ұшатын ұшақ бір сағатқа ке­шіге­ді»,  – деп хабарлаған болатын. Сәл уа­қыт өткеннен кейін екі сағатқа бөгеледі деді. «Жағыңа жылан жұмыртқа­ласын», – деді Қоқым, ұшақты сол са­қау қыз ұшырмай отырғандай.
Міне, содан бері сегіз сағат уа­қыт өтті. Ұшақтың құйрығы да көрін­бейді. Шыдамы таусылған тағатсыз жолаушылар кімді екені белгісіз, әйтеуір біреулерді сық­пырта сыбап, үйлеріне қайтып  жатыр. Қоқым қайта алмай пұшай­ман болып отыр. Кенет ауа райы оңалып, ұшуға рұқсат етіле қалса, бұл қалып кетеді. Қалды дегенше басы пәлеге қалады. Дағдарысты алға тартып штатты қысқартуға сыл­тау таппай отырған қатал бас­тығы мұны оңдырмайды. Берілген тап­сыр­маны орындама­дың, сенімді ақ­та­мадың «гуд бай» деуі мүмкін. Қазіргі кездегі ең қауіпті сөз – осы «гуд бай». Қоқым жіпсіз байланып отыр.
Шашың жұлынғыр сақау қыз «ұш­пайды» деп кесіп айтпайды, «күтіңіздер» деп сиырқұйым­шақта­тады. Түн ортасы ауып Қоқымның діңкесі әбден құрыған шақта ұшақ­тың ертең кесте бойынша ұша­тыны, билет күшін жоймай­тындығы ха­бар­ланды. «Өй, шүлдір­леген ті­лің­­­нен айналайын! – деді қуанып кет­кен Қоқым, – тілің сақау болса да, үнің әуезді екен, өзің де сұлу шығар­сың. Мына тіліңмен мына жерде жұмыс істеп жүргеніңе қара­ғанда, бір дөкейдің жақыны бо­лар­сың». Қоқым күмән ойын тез жинап, тысқа ұмтылды. Сеңдей со­ғы­лысқан таксидің біріне отырып, үйіне тартты. Қатираның ыстық шайы мен ыстық құшағын аңсап, асы­­ғып келе­ді. Осы жас әрі әдемі Қа­тира үшін бұрынғы әйелін екі бала­сымен та­лақ тастап еді. Оны­сына өкінбейді. Бұрынғы әйелі сүйі­су­ді де  білмейтін сауатсыз болатын. Қатира мұны құштарлық «қайы­ғы­на» мінгізіп, толқындай тербетті.
Міне, Қоқым үшінші қабаттағы пәтеріне де жетті. Қоңырауды бас­пай, есікті өз кілтімен ашты. Қатира­ны қуантып, сюрприз жасайын де­ген ойы ғой. Қатира күйеуін жа­­­­ла­­­ңаш денесіне іле салған жұқа ха­латымен жайнаңдап қарсы алды. Қоқымды қырық жыл көрмегендей құштарлана құшып, әдеттегісінен ұзақ уақыт сүйіп тұрды. Еріні бал ма, француз шоколады ма,  тәтті­лі­гінде шек жоқ. Тынысын тарылтып, тұншықтырып, Қоқым­ның құлағына майдай жағатын үнмен ыңырсып сүйеді.
Екеуі осы желімдей жабысқан күймен ас бөлмесіне көлденеңдеп кірді. Мына тамашаны қара, үстел үсті небір дәмді асқа, түрлі қымбат шарапқа толып, майысып тұр.
– Бағана әуежайға звондап, се­нің бүгін ұшпайтыныңды біліп, әдейі дастарқан жасап қойдым, – деді Қатира назданып. – Мен қазір шай қойып келейін, сен отырып де­мал.
Бұл құштарлық иісі аңқып тұр­ған сиқырлы сөздерге Қоқымның онсыз да талпақ танауы желпілдеп, сиыр сауатын шелектей болды. Ас ал­дында «әпитетті» ашу үшін темекі шегетін әдеті бар еді. Қатира темекі иісін сұмдық жек көреді. Соны ой­лап ол темекісін алып, балконға шық­ты. Шықса, бұрышта көзі бақы­райып, суықтан қалш-қалш етіп, тыр жалаңаш бейтаныс еркек отыр. Жын ба, пері ме деп шошып қалған Қоқым кейін шегіне беріп еді, анау шап беріп, білегінен ұстай алды.
– Тс-с...  Айғай шығара көрмеңіз, ағай. Өзіңіз де жас болған шығар­сыз. Сіздің дәл үстіңіздегі жоғарғы қабатта күйеуі кәрі жап-жас ашынам бар еді. Соған қонаққа келіп едім, аяқ астынан кәрі қақпас келіп қа­лып, киінуге үлгермей, сіздің бал­коныңызға секіріп түстім. Қыз­ған­­шақ күйеуі ұстап алса, мені лақ­ша бауыздайды. Көмектесе көріңіз, – деді жалынышты дауыспен.
«Қақпастың жас қатын алып несі бар» деп ойлады Қоқым мына жігіт­тің жігіттігіне риза болып.
– «Бөріктінің намысы бір», қо­рықпа, ұстап бермеймін, – деді Қо­қым. – Қазір мен саған киім әкеліп берейін. Менің Қатирам – көлденең жүрісті ұнатпайтын таза, нәзік жанды адам. Оның көзіне көрінбей дереу шығып кет. Киімдерімді кейін посылкамен салып жіберерсің. Ұмытып қалма, пәтерімнің нөмірі – отыз үш.
– Ұмытпаймын, аға, – деген жігіт сыртқы есікті сықырсыз ашып, зып беріп шығып кетті.
Өзінің азаматтық ісіне қатты ри­за болған Қоқым дастарқанға келіп отырды. Баяғыда өзінің де бірер мәрте қолға түсіп қала жаздағаны есіне түсіп, жымыңдап күліп қойды.
Ыстық шай, жақсы шарап Қо­қым­­ның көңілін жайландырды. Жа­ңағы жігіт неткен жанкешті еді?! Төр­­тін­ші қабаттан секіру... Әне, на­ғыз махаббат деген – сол. Маған мың жылға дейін алғысын айта жүретін болды. Тоқта, тоқта, қай­дағы алғыс?.. Біздің үй үш қабатты ғой, төртінші қабат деген жоқ. Сонда жаңағы қатынқұмар антұрған аспаннан түсті ме? Мәселенің мән-жайын енді ғана түсіне бастаған Қоқымның түсі бұзылып, тұмсығы қусырылып, көзі шатынап, жұдыры­ғы жұмылып бара жатты...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста