Жылқының құрбандыққа шалынбауының себебі неде?
Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының басты себебі – Алла тағаланың Құранда айтылған мына бұйрығы:
وَلِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ ۗ فَإِلَـٰهُكُمْ إِلَـٰهٌ وَاحِدٌ فَلَهُ أَسْلِمُوا ۗ وَبَشِّرِ الْمُخْبِتِينَِ
«Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың - бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр»[1]
Осы аяттың арапша түпнұсқасында «бәһимәтул әнъам - بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ» сөз тіркесі ашық-айқын айтылған. Арапшада «бәһимә» сөзі – жануар, мал деген мағынаны білдірсе, ондағы «әнъам» сөзі арапшада төрт мал түрін қамтиды.
Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі[2].
Бұл дегеніміз, аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек т.б. хайуандар - құрбандыққа жарамсыз деген сөз дейді ғалымдар. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.
Өйткені құрбандық шалу – намаз, зекет іспетті, Аллаға құлшылық етудің бір түрі. Ал құлшылыққа қатысты үкімдер көбіне аят және хадиспен бекітіледі.
Аятта білдірілген үкім егер ешбір болжамды керек еттірмейтіндей ашық-анық келген болса, бұлжытпай сөзбе-сөз орындалуы тиіс. Одан артық немесе кем ешкім үкім баян етуіне құқы жоқ. Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының төркіні осында жатыр.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім.