Жастарға арналған 10 кеңес
1. طهارة Тазалық. Дәретпен жүруге дағдыланыңыз
Әрдайым тазалық сақтап, ластық атаулыдан аулақ болыңыз. Нәжістің үлкенді, кішілі барлық түрінен тазарып, денеңіз бен киіміңізді таза ұстаңыз. Ғұсыл алу қажет болған жағдайда, ғұсылды сабаққа бармастан бұрын ертерек алған дұрыс болады (бұл әсіресе, жас жігіттерге қатысты). Мұның себебі бар: егер жас жігітке ғұсыл алу қажет болып, бірақ ол оны бірден істемесе, (жүніп күйінде болған кезінде) шайтанның арбауына ілігуі мүмкін. Қазіргі кезде жас балалар 11-12 жастарында-ақ жыныстық толысу кезеңіне жетіп, ерте есейеді, сол үшін оларға дініміздегі жалпы тазалыққа, дәретке қатысты барлық сұрақтарды білулері тиіс. Жас жігіттерге еріксіз ұрық шашу (поллюция) кезінде жуыну қажет болатынын (сол секілді, қыз балалар хайз тақырыбына қатысты бүкіл сұрақтармен танысуы керек) түсіндірген жөн.
Міне, жастарға берер ең бірінші кеңесім осы, яғни, дәретпен жүру (дәрет алу, қажет болса ғұсыл құйыну), ал, үйден мүмкіндігінше дәретсіз шықпауға тырысыңыз. Хадисте де: «Дәрет алу – мұсылманға қалқан» делінген. Адам дәретті болған сәтінде шайтанның азғыруына (уәсуас) төтеп бере алады, яғни, дәрет шайтанмен күресуге айтарлықтай көмек береді. Сонымен бірге, денеңізде әлде киіміңізде ластықтың ізі қалмауына көз жеткізіңіз. Тазалық (тахарат) – иманның жартысы екенін ұмытпаңыз, таза жүрген адамның иманы да сақталады.
2. تقويٰ Тақуалық
Тақуалықта өмір сүріңіз, яғни, жүрегіңізде барынша Алладан қорқу орын алсын . Аллаға иман келтіріп, әрбір ісіңізде Одан қорқыңыз және Оған бүкіл жүрегіңізбен сеніңіз. Барлық күнәдан өзіңізді аулақ ұстап, иманды күшейтіңіз: Алланың сөзі –Құранды жиі оқып, Раббыңызды зікір етіп, ұлықтаңыз. Бойында тақуалық болмаған пенде күнәнің сан түріне ұрынуы мүмкін.
Тақуалықты ұстанған арғы аталарымыз жайлы оқиғалардан мына бірі еске түсіп отыр. Бір кішкене бала тозақ отын еске алса болды жылайтын көрінеді. Оны көргендер: «Сен неге сонша қорқасың, әлі өте жас емессің бе?» деп, таңдана сұрайды. Ал, бала болса: «Мен анамның қалай от жаққанын көрдім, ол алдымен ағаштың майда бұтақтарын тұтатты, кейін ғана үлкен отынды жаға бастады. Сол үшін, Алла тозақ отына жандырар кезде алдымен тіл алмайтын жас балалардан бастай ма деп қорқамын...»,- деген екен. Кейінірек, бұл балақайдың Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)тұқымынан тарайтыны белгілі болады. Міне, жастар, сіздер де дәл осы бала секілді Алладан шынайы қорқа білсеңіздер екен! Алла Тағала біздерге тақуалықтың ең биік дәрежесін нәсіп етсін, Әмин!
3. تعليم Оқу, білім алу
Үшінші айтқым келетін кеңес – білім алуға қатысты болмақ, яғни, білім көзінің дұрыстығына мән беру. Бүгінде жастар дінді негізінен ғаламтор мен теледидардан-ақ үйреніп жүргені белгілі. Көбісі пәтуа сұрау мақсатында мүлде сенуге болмайтын белгісіз сайттарға жүгініп жатады. Әлбетте, бұл дұрыс емес, себебі, сол сайтты жүргізіп, экранның арғы бетінде отырған адам жайлы біз ештеңе біле бермейміз, расымен ол адам білім иесі ме әлде оқымыстының атын жамылған біреу ме, кім білсін? Көптеген адамдар бар, олар өздері шариғатпен жүрмейді, бірақ, есесіне, ешбір негізге сүйенбей, елді адасуға итермелейтін пәтуалар береді.
Есіңізде болсын, діни білім алу – бұл ілім иелерінің ғана емес, ең алдымен өзіңіздің міндетіңіз боп саналады. Дұрыс білім алудан да сұралатын боласыз. Сондықтан, діни білім ізденерде білікті адамдарға жүгінгеніңіз дұрыс.
Қиямет күні адам баласы төрт сауалға жауап бермейінше орнынан жылжи алмайды. Сол сұрақтардың бірі білімге қатысты болып: адам білгенінің бәрін іс жүзінде өзі орындады ма деген сұраққа тартылады. Бұл сұрақ «білімді сенімді көздерден алды ма, сол білімге сай амал етті ме» деген мағыналарды да қамтиды.
Бүгінде уағыз айтатын адамдар құтты бір «шоумен» яғни, «ойын-сауық жүргізушісіне» айналып кеткендей, олардың ісі жиылған адамның көңіл-күйін көтеріп, өздерін атақты адамдай секілді сезініп, соларша сөйлейтін болған. Уағыз айту мен білім тарату ісі тек көңіл көтеру ғана болып барады. Сондықтан, Исламды насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне айтарым, халыққа жария етуден бұрын әрбір мәліметті, хабарды тыңғылықты тексеріп отырса екен. Біреудің мақаласын алмастан бұрын, мына сұрақтарды ой елегінен өткізіп, зерттеп алған жөн: оны жазған адамның сенімі қандай, қайдан білім алған, оны оқытқан ұстаздары кім, ол адам өздігімен шешім шығара алатындай уәкілдік құқығы бар ма, т.б. осы секілді. Арамызда кейбір «шейх» атанғандар бар, өздігінен теріс пәтуа таратады да, жұртты соңынан ергізіп, адасуға апарады. Мұндай жалған оқымыстыларға адамдармен жұмыс жасауды, еркін сөз сөйлеуді рұқсат етіп отырғандар бүкіл жауапкершілікті өз мойындарына алатын болады.
Міне, сол үшін, білімді тек сенімді көздерден іздеп, нағыз ілім иелерінен алған жөн. «Google мүфтиден» білім алушы болмаңыз, одан да сұрақтарыңыз болса өзіңіз танитын, сенетін адамдардан сұраңыз. Алла Тағала үмметімізді білімдінің атын жамылған надандардан, адасқан адамдар мен адасуға апарар кітаптардан сақтасын, Әмин!
4. تواضع Ұяңдық, бойұсыну
Өзіңізді қарапайым ұстаңыз, кейбір кезде масаттанып «мұрныңызды шүйіргеннен гөрі», ұяңдықпен басыңызды төмен салып жүргеніңіз әлдеқайда артық. Жүректегі тәкаппарлықты құртыңыз. Кейде дінді ұстанып жүрген жастардың арасында уақыт өте келе өзін білгіш секілді елестетіп, отбасында әлі дінге келе қоймаған ата-анасын білімсіз санап, мазақ қылатындары да кездеседі. Сақал өсірген баласы әкесінің сақал қоймағаны үшін, ал, орамалдағы қыз анасының орамал тақпайтыныны үшін үйде жанжал шығарып, араларын суытып жатады.
Бірақ, қараңызшы - анаңыз сіз үшін қандай жағдай болса да ана болып қала бермек, әкеңіз де дәл солай, ол сізге қайткенмен де әке ғой! Жастары да сізден екі есе, тіпті одан да үлкен шығар. Олардың бірден «алқымынан алып», дінді ұстануды мәжбүрлей алмайсыз, оған сіздің құқығыңыз да жоқ. Керісінше, оларға мейіріммен, махаббатпен қарауды үйреніңіз. Құранда егер ата-анасы тіпті, пұтқа табынушы болса да, балалары ата-анасын құрметтеуі керек делінген. Әрине, олармен қосылып ширк жасаудан аулақ болыңыз, бірақ, құрметтеуге келгенде, оларға өте жақсы қарым-қатынас жасаңыз, түптеп келгенде олар сіздің ата-анаңыз екенін ұмытпаңыз.
Дәл осындай құрметті мектеп мұғалімдеріне, университет оқытушыларына да көрсетіңіз, бойыңыздан ұяңдық арылмасын. Байқамасаңыз, тәкаппарлық дертінің жүрекке енуі өте оңай, оған жол бермеуге тырысыңыз. Хадисте былай айтылады: «Егер адамның жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлық болатын болса, ол адам Жәннатқа кірмейді» (Муслим)
5. صحبةالصالحين Салиқалы адамдардың ортасынан табылыңыз
Таңдаған ортаңыз салиқалы адамдардан болсын. Тек жақсы адамдармен достасуға тырысыңыз. Егер колледж, университетке оқуға түскен болсаңыз, жаман жүрісті топтарға қосылмай, олардан аулақ жүріңіз. Арабтың бір ақыны айтқан екен: «Адамның кім екенін өзінен сұрамаңыз, оның айналасындағыларға, достарына қарасаңыз болғаны», -деп. Иә, шынында да, ортасы жақсы болған адамның өзі де жақсы болары анық, ал, керісінше, адам уақытын нашар ортаның адамдарымен өткізсе, өзі де бұзылары белгілі.
Бұл мәселе қыздарға, жас жігіттерге де қатысты. Егер жігітке бір қыз ұнап қалып, оған үйленгісі келсе, алдымен ол қыздың ортасына мән берсін. Қыз өз уақытын жақсы адамдармен өткізетін болса, онда бәрі дұрыс, ал, оны жаман ортадан байқасаңыз, ондай қыздан жақсы әйел шықпасы анық. Қазіргі кезде ол үшін адамның Facebook парақшасын қарап отырып-ақ, біраз нәрсеге көз жеткізуге болады. Көптеген қыздарды әлеуметтік желіден табу оңай, осылай олар жаман пиғылды адамдардың қармағына ілініп те жатыр, ал, ата-анасы бұдан бейхабар болуы мүмкін.
Жалпы айтқанда, бұзылған ортаның адамдарымен уақытыңызды текке өткізіп, кейін өкініп жүрмеңіз. Себебі, оның соңы қасіретке әкелуі мүмкін, ал, ондайды ешқайсымыз қаламайтынымыз рас. Алла Тағала «Әс-Саффат» сүресінде айтады:
«Олардың [жәннаттықтардың] біреуі: «Менің бір жолдасым бар еді. Ол маған: « Сен қайта тірілуді шын деп сенушілерденсің бе? Біз өліп топырақ пен сүйектерге айналған кезімізде есеп беріп жазаға тартыламыз ба?», - дейтін.»» Ол [иман келтіруші]: «Сендер оны көріп тұрған жоқсыңдар ма?»- [деп жанындағылардан сұрайды]. Сонда өзі қарап, оны Жахимның ортасында көреді. Ол [иман келтіруші] (өзінің жолдасына): «Алланың атымен ант етейін, сәл болмағанда сен мені құрта жаздадың. Раббымның игілігі болмағанда, мен [тозаққа] келтірілгендерден болар едім»,- дейді. (37, 51-52).
Жаман ортаның кесірі сол - адамды тозаққа сүйреуі мүмкін.
Сондықтан, көптеген үлкен ғұламалар адамға рухани тәлімгердің қажеттігін айтқан. Ұстаз – адамға бағдар беретін адам, одан әртүрлі мәселеге қатысты ақыл сұрап, өзіңіз үшін дұға жасауын да өтіне аласыз. Ол ішкі дүниеңізді жақсы жаққа өзгертуге де көмек береді, өмірде неге жақын болуды және неден аулақ болуды да үйретеді. Егер ұстазыңыз болса, ол сіз үшін жиі дұға жасайтын болады, себебі, ұстаздар (муршид) өздерінің барлық шәкірттерін (мюрид) тіпті, олар өтінбеген болса да, дұғаларына қосуды ұмытпайды. Әсіресе, мына біздің сынаққа толы уақытта жақсы тәлімгеріңнің болуы аса маңызды.
Муфти Халид Сайфуллах айтады: «Әрбір отбасы өзінің жеке дәрігері болғанын қалайды, өйткені, ол дәрігер бүкіл отбасының ауруын жақсы білетін болады. Сол секілді, көптеген іскер адамдарда барлық жұмысын сеніп тапсыратын өз қорғаушылары (адвокат) бар. Егер көлігіміз бұзылып қалса, өзіміз сенетін механик маманына жүгініп, көлікті жөндеуді тапсырамыз. Осы жеке дәрігер, қорғаушы және механик маманы секілді, дінде де ақыл сұрап жүгінетін өзіміздің муфти немесе дінтанушы ғалымымыз болғаны дұрыс. Сосын біз үшін ненің дұрыс, ненің бұрыстығын біліп, тура жолға бастап отыратын әрбірімізге жеке тәлімгер, ұстаз қажет».
Тағы қайталап айтар болсақ, ортаңыз жақсы адамдардан болсын, ал, олардың ең жақсысы – тақуалықты ұстанған ілім иелері мен тәлімгерлер.
6. سماحة Көркем мінезді болу
Адамдарға мейірімділік танытыңыз. Жиі күлімдеңіз. Жақсы мінезді болам десеңіз, әзілді де жақсы қабылдай біліңіз. Өзіңізді зерттеп, бойыңыздан не өзгерткіңіз келетінін біліңіз. Мүмкін жаман қасиеттеріңіз, зиянды әдеттеріңіз бар шығар? Егер мойындаған болсаңыз, бұл қылықтардан арылуға тырысып, мінезіңізді көркемдей түсіңіз. Шыншыл, адал, кең пейілді, әділ, мейірімді, кішіпейіл болыңыз. Хадисте: «Қиямет күні мүміннің таразысында ең ауыр болатын ізгі амалдың бірі – көркем мінез» делінген.
7. عبادة Құлшылық
Аллаға ғибадат етуге үлкен мән беріңіз, бұл сіздің жақсы әдетіңізге айналсын. Алла Тағала Құран Кәрімде айтады: «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» (51, 56).
Құлшылық етуіміз Аллаға емес, өзімізге пайда әкелетінін түсінейік. Оның құзырында күні –түні құлшылық ететін періштелері бар. Ол біздің ғибадатымызға мұқтаж емес. Біздің намаз, ораза, зекетіміз арқылы Алла Өзіне пайда келтіріп жатқан жоқ, керісінше, бұл өзімізге пайдалы болмақ. Себебі, Алла Тағала былай айтқан:
«Ей, иман еткендер, Раббыларыңның алдында құлшылық етіп, жақсылық істеңдер, мүмкін құтыларсыңдар»
Бес уақыт намаз оқып, оны қаза етіп алмауға тырысыңыз. Оған қоса, тәхажжүд, ишрақ, духа, әууабин секілді нәпіл намаздарын және Құран оқуды да әдетке айналдырыңыз. Таң ертең «Йа Син» сүресін оқыған абзал және мүмкіндігінше зікір етіп, Алланы еске алыңыз. Құдайға құлшылық қылуда біз үшін үлкен рахым жатыр. Құлшылығыңызға бекем болсаңыз, дініңіз де сақталады, ал, егер оны тастап қойсаңыз, дінді уысыңыздан жіберіп алғанмен тең болмақ.
Біз қазір бүлікке толы заманда ғұмыр кешудеміз. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ізгілік жасауда асығыңдар, өйткені, қатер мен сынақ көбейетін кез келеді» - деп, ескерткен. Бұл оңай болмасы анық, елестетіп көріңізші, жолда көлігіңіз бұзылып, белгісіз жапан далада, аспанда не жұлдыз көрінбейтін қараңғы түнде жалғыз қалдыңыз делік, сонда қандай күйде болар едіңіз?
Айналаңыз одан әрі қараңғыланып, тағы жаңбыр құя бастаса?... Міне, өмірлік сынақтар да дәл осылай болуы мүмкін! Ақиқат пен жалғанды, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра алмай қаласыз. Осы үшін, адам құлшылық етіп, игі істерге асығуы керек! Қоржыныңыздағы ізгі амалдар сізді осындай сынақтардан сақтап қалмақ. Жақсылық жасаумен жүрегіңізге Алланың нұры қонады, ол нұр сізді ізгілікке жетелеп, барлық бақытсыздықтан құтылуыңызға себепкер болады. Тек сол ізгі амалдарыңыздың болғаны үшін ғана, сіз қорғалған болып, ал, онсыз қорғансыздың күйін кешесіз.
8. صداقت Шыншыл болу
Шын сөйлеуді әдетке айналдырыңыз. Ешқашан өтірік айтпаңыз! Ата-анаңызға, достарыңызға өтірік сөйлеуші болмаңыз. Сабақ уақытында тапсырманы т.б. өзге студенттерден көшірмеңіз, өзіңіз жеке еңбектеніп үйреніңіз. Барлық қиындықтың бастауы – өтіріктен болады, бұл нашар әдет. Жалған сөйлеп әдеттенсеңіз, Алла алдына кәззаб (өтірікші) күйінде келесіз, ал, шын сөйлеуге үйренсеңіз, Оның алдында сыддық (шыншыл) болып жолығасыз. Раббымызға шыншыл болып жолыққанға не жетсін?! Қиын сәттерде шындықтан бас тартпай, батылдық таныта білсеңіз, Жаратушы да сізді тастап қоймайды.
9. قيمةالوقت Уақытты бағалай біліңіз
Ешқашан уақытты бос өткізбеңіз, әрбір сәтті бағалаңыз. Уақыт – ең үлкен құндылық. «Әл-Аср» сүресінде Алла Тағала уақытпен ант еткені бекер емес.
Бүгінгінің жастары есіл уақыттарын әртүрлі фильмдер, спорттық ойындар тамашалауға және пайдасы жоқ компьютерлік ойындарға зая етуде, одан қала берді ғаламтордағы Twitter, Facebook секілді әлеуметтік желілерде өткізеді. Ақылды адамдардың ерекшелігі - уақытты бекер өткізбейтіндіктерінде екен. Кейбір оқыған адамдардың тіпті үйлерінде теледидар болмайды екен, есесіне, балалары үй тапсырмасын уақтылы орындап, ерте жатып, ерте тұратын көрінеді. Осы тұста ағылшындардың мынадай бір көне мақалы бар:«Кім ерте жатып, ерте тұрады, соған денсаулық, бақыт және сәттілік те қонады».
Шариат бойынша адамның сергіп, демалуына рұқсат етіледі, алайда, уақытыңды толығымен текке сарп ету дұрыс емес. Мысалы, тәулігіне 24 сағат бойы теледидар көру нағыз уақытты босқа өлтіру емес пе? Сіз де экран алдында босқа өтіп жатқан уақытыңызды ойлаңыз, алтынға бағаланған уақыттың қадірін білейік.
Құрандағы ең қысқа сүрелердің бірінде Алла Тағала айтады:
«Асырмен (уақытпен) ант етемін. Анығында, адам баласы сөзсіз зиянда, тек иманға келген әрі ізгі амал жасаған және бір-біріне ақиқатты насихат етіп, өсиеттеген әрі бір-біріне сабырды насихат етіп, өсиеттегендерден басқалары». (Аср сүресі)
Аяттағы ант етілген уәде уақыттың құндылығын көресетеді. Уақытты жоғалту -қолдағыңның бәрін жоғалтқанмен бірдей. Хадистің бірінде: « Адамдар мән бере бермейтін Алла тарапынан берілген екі нығмет бар, ол – денсаулық пен бос уақыт»,- дейді.
Тағы бір хадисте: «Мына дүние (әлем) - ақыреттің егіні» -дейді, яғни, бұл дүниеде не ексек, ақыретте соны орамыз.
Хасан әл-Басри (рахимахуллах): «Ей,адам баласы! Сен топталған күндерден ғана тұрасың. Бір күнің кетсе, сенің де бір бөлігіңнің кеткені»,-деген.
Ал, Мәулана Умар Паланпури (рахимахуллах) айтады: «Уақытты бос өткізу – өзіңе қол жұмсағанмен тең. Айырмашылығы тек, адам өзіне қол жұмсап өлсе, өзге адамдар оның өлгенін көзбен көреді, ал, зая кеткен уақытты біз байқамаймыз, сондықтан оны жоғалтып жатқанымызды да түсіне алмаймыз».
Умар ибн Абдулазиз (рахимахуллах): « Күн мен түн сен үшін қызмет етуде, онда сен де оларға (сол уақытта) қызметіңді қыл».
Абдуллах ибн Мәсуд (Алла одан разы болсын) айтады: «Мен күн ұясына батып, менің өмірім қысқарып бара жатқанына, ал, ізгі амалдарымның көбеймеуіне басқа ештеңеге бұлай өкінбегендей өкінудемін».
Бір хадисте: «Әр таң атқанда, күн адам баласына: «Ей адам баласы! Мен жаңа бір жаратылыспын, сенің амалдарыңа куә боламын. Мені пайдаланып қал, мен өтіп кетсем Қияметке дейін қайтып келмеймін», -дейді екен».
Рамазан айы басталғанда, көпшілікке былай хабарлап жатады: « Ей, жақсылық іздеуші, бұл ісіңді (жақсылық істеуді) жалғастыр! Ей, жамандық жасаушы, бұл ісіңді тоқтат!».
Құдси хадистердің бірінде Алла Тағала былай дейді: «Ей, адам баласы! Сені Өзіме құлшылық етсін деп жараттым, ал, сен ойын-сауық құрма. Сенің ризығыңды Мен өз міндетіме алғанмын, оны іздеп шаршама. Мені (Менің рахымымды) іздесең табасың, егер Мені (Менің рахымымды) тапсаң, барлық нәрсені тапқаның. Егер жоғалтар болсаң, барлық нәрсені жоғалтқаның. Мен сен үшін барлық нәрседен қымбатпын»
Ал, басқа бір мына құдси хадисте: «Ей, адам баласы! Мен сені құлшылық үшін жараттым,онда құлшылық етуге уақыт бөл, сонда көкірегіңді байлықпен (қанағатпен) толтырып, кедейліктен құтқарамын. Әйтпесе, кеудеңді шаруа басты етіп, кедейлікке кіріптар етемін» делінген.
Аллахым біздерге әрбір уақытымызды орнымен жұмсауды нәсіп етсін, Әмин!
10. توبة. Тәубе ету
Күнә істедіңіз бе, дереу тәубеге келіңіз! Аллаға тәубе ету мен Одан әрдайым кешірім тілеу әдетіңізге айналсын. Тәубеңізді бұзып қойсаңыз, тағы да тәубе етіңіз... Тіпті, жүз мәрте бұзсаңыз да, тағы тәубе етіңіз, Алла қаласа, күндердің бір күнінде ол күнәны да толығымен тастайсыз.
Алладан күнде кешірім сұраңыз. Сүйікті Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күнәсіз бола тұра, Алладан күніне 70 мәрте (кейбір хабарлауда 100 мәрте) кешірім сұрағанын білеміз. Сіз де әрдайым тәубе қылып, истиғфар айтуды қолға алыңыз.
Алла Тағала біздің күнә, кемшіліктерімізді кешіріп, иманымызды арттырсын әрі баршамыздан разы болсын, Әмин!
Орыс тілінен аударған Azan.kz