Жәннатқа түскен адамдар қайта үйлене ме?
Иә, бұл сұрақ көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Бұл ретте ислам ғалымдары былай деген: «Негіз болмаса, көрініс пайда болмайды. Дүниедегі нәрселердің бәрінің негіздері, шынайылары жәннатта бар».
Жәннатта нәпсі жоқ. Нәпсі болмағандықтан, күнә істеу де болмайды. Әйелдер мен еркектердің бөлек отыру керектігі сияқты міндеттер болмайды.
Бір адам түсінде әртүрлі жеміс-жидектер жесе, оянған кезде мұның шындық емес екенін аңғарады, жәннатқа кірген адам да дүниедегі нәрселерді осындай қиял екенін көреді, шынайы нәрселерге қауышады. Дүниедегі нәрселер жәннаттағылардың көлеңкесі, бейнесі сияқты. Хадис шәрифте «Адамдар ұйқыда, өлген кезде оянады» делінген. Қайтыс болып, ахиретке кеткен кезде өмірдегі сүргендеріміз түсте көрілгендей болады. Бір хадис шәрифте:
«Жәннат нығметтері мен дүниедегілер арасында тек атауында ғана ұқсастық бар». (Бәйһақи).
Үйленудің де шынайысы сол жақта болады. Әр адамға өз жұбайы ең жақсы болып көрінетін болады. «Менің жұбайымнан әдемірек, сұлурақ болатын басқа ешкім жоқ» дейді. Ол жақта, басқа ләззаттар сияқты, үйленудің ләззаттары да күн сайын арта береді. Мәңгі осылай болады. Жәннатта некелесудің бар болатындығы аяти карима және хадис шәрифтермен бекітілген. Құран кәрімде жақсыларға берілетін нығметтер баяндалғанда былай делінеді:
«Сонымен қатар біз оларды сүрме жағылған көзді (киік көзді) хурилерге (жәннат қыздары) үйлендіреміз». (Духан 54)
«Біз киік көзділерді дәптері оң жағынан берілгендер үшін қайтадан жараттық, оларды бойдақ, жұбайларына берілген және бәрін бірдей жаста қылдық». (Уақийа 35-38)
«Араларында мінезі жақсы, жүзі сұлу қыздар бар». (Рахман 70)
«Тақуалар үшін бақшалар, жүзім баулары, гүлшанақ кеуделі бірдей жастағы қыздар, сусынға толы ыдыстар бар». (Нәбә 31-34)
«Жандарында әдемі назарларын тек оларға арнаған, ірі көзді жұбайлары бар. Олар күннің көзін көрмеген аппақ жұмыртқа сияқты». (Саффат 48-49)
Хадис шәрифтерде де былай делінеді:
«Раббына бағынып, күйеуінің ақысын өтеген, оған қиянат етпеген әйел мен шәһид арасында бір дәреже айырмашылық қалады. Күйеуі жақсы мінезді мұсылман болса, оның күйеуі болады. Күйеуі жақсы адам болмаса, жәннатта Алла тағала оны бір шәһидпен үйлендіреді». (Табарани)
«Шәһид жәннатта бір хуримен үйлендіріледі». (И.Ахмед)
«Жәннат қыздарынан бірі дүниеге келсе, жер мен аспан арасы хош иіске толып, екеуінің арасын жарқырататын еді». (Бұхари, Мүслим)
Бала немесе бойдақ кезде қайтыс болғандар да жәннатта үйленеді. Бәрі бірдей жаста болады.
Умми Хабиба анамыз «Күйеуі қайтыс болғаннан кейін басқа біреуге күйеуге шықса, онымен де ажырасып, басқа бір еркекпен үйленсе, бұл әйел ахиретте осы үш кісінің қайбірімен үйленеді?» деп сұраған кезде пайғамбарымыз: «Ондай әйелдің таңдау еркіндігі өзінде. Қай күйеуінің мінезі жақсы болса, ахиретте сонымен бірге болады. Жақсы мінезді болған адам дүние мен ахирет жақсылықтарына қауышады» деп жауап берген. Демек, әйел үш кісінің қайбірін қаттырақ жақсы көрсе, сонымен бірге болады. Үшеуін де қаламаса, ешбірімен бірге болмайды. Жәннатта қайғы жоқ. Бала немесе бойдақ болып өлгендер де жәннатта үйленеді. Тағы да қайталап айтамын, бәрі бірдей жаста болады.
Дүниенің некесі осы өмірде аяқталады. Яғни ол жаққа бәрі бойдақ болып барады. Үйленген болып барған жағдайда, егер жұбайы имансыз болып өлсе, тозаққа кетеді және мәңгілікке сол жақта қалады.
Жәннатқа түскендердің бәріне қызмет ететін хурилер, ғылмандар беріледі. Ешкім бойдақ күйде қалмайды.