Заңға бағыну ширк пе?
Кім неге сенеді, қалай құлшылық етеді – өз еркі. Ешкімнің діни құқығына қол сұғылмайды, сенімі үшін ешкім қудаланбайды. Бұл – Қазақстанның дінге қатысты ұстанымы. Себебі біздің ел – зайырлы мемлекет.
Алайда кеш білдік. Мемлекет дін ісіне араласпаса, дін мемлекеттің ішкі шаруаларына қол сұға бастайды екен. Қазіргі жағдай соған дәлел. Иегова куәгерлері дейтін арамызда ағым жүр. Ер жігіттің қасиетті борышы – отан қорғауды дұрыс емес, - дейді. Қан құюды Жаратқан ие жаратпайды, - дейді. Ислам атын жамылған секталар да жүр. Мұсылмандығыңды мойындамайды. Қазаққа дін 90-жылдары келді. Ал оған дейін сенің бабаларың адасып жүрген біреулер еді дегенді айтады. Айтпақшы, олар үкімет шариғатты ұстанбаса, мұндай елді күпір мемлекет деп санайды. Зайырлы заңға бағынуды ширк санайды.
Жамандықтың балалайтыны бар. Негізгі заңды көзіне ілмегесін, мұндай топтар қарапайым көше ережесіне де бағына бермейді. Қауіпсіздік белбеуін тағынбайды. Неге бүйтесің десең, қорғаушы Алла деп қысқа қайырады. Бағдаршам бар-ау, қызылы жанғанда тоқтау қажет-ау демейді. Олар үшін бұл үш көзді тажалмен тең. Осылай кете беретіні сонша - пайдаланған электр қуаты, үйін жылытқан жылу үшін де төлемақы бермеуді шығарды.
Мұсылман деген атты бұлдағаны болмаса, бұл топтардың мұсылмандыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл - журналист Қайрат Бекен мырзаның пікірі. Ол қандайда бір діндар қоғамды екіге айыратын тақырып көтерсе, қоғамның талабына қарсы шықса, білсін, оның діні – дін емес. Ол сектада жүр,- дейді.
Бұл ойды белді дінтанушы Досай Кенжетай да бірнеше пікір, сұхбатында айтып жүр. Шариғатпен жүреміз, Сүннетпен өмір сүреміз деу дұрыс та шығар?! Алайда... жан-жағыңа дұрыстап қарашы?! Еліміздегі мұсылман жұрттың саны 10 миллионға жете ме? Мақұл, үйтіп-бүйтіп статистиканы созып, жеткізейік. Өзін мұсылман санайтын сол жұрттың 2 миллиондайы жұма күні мешітке барады деп алайық. Сол жұма сайын мешітке келетіннің қаншасы тұрақты 5 уақыт намазын оқып жүр?! Ары кетсе 500 мың болар?! Одан қалды, араб елдеріндегідей бір ұлт тығыз отырған жоқ. Елімізде сан түрлі ұлт тұрады, сан түрлі дін тұтынады. Олай болса, мынау ұсынысың – нағыз антұрғандық. Арандату. Елде бүліктің басталуына себеп. Мемлекетті шайқайтын шайпыауыздық тірлік, - дейді дінтанушы.
Осы себептерді ескеріп барып, біздің ел зайырлылық жолын таңдады. Зайырлы елдің заңына бағынуға болмайды деген шариғатта жоқ. Керісінше, қай елде тұрып жатсаң, сол елдің тәртібіне көнуді міндеттейді, бұл - Ислам. Сөзіміз дәлелді болу үшін Пайғамбар заманынан мысал келтірсек. Меккелік мүшріктер Пайғамбардың соңынан ілескен қауымға тыныштық бермей, қудалай бергесін, Алланың елшісі бір топ сахабасын Эфиопияға хижрет жасатқанын білесіздер. Эфиопия ол заманда қай дінді ұстаушы еді? Христиан іліміне бас ұрған ел еді. Міне, сахабалар Аббесиния еліне келді. Қателеспесем, 2 жылдай тұрды. Сахабалар деген кімдер? Пайғамбардың көзін көрген, дінді мынау отырған кез келгенімізден мың есе артық білетін адамдар еді. Сол сахабалар біздегі «діндарсымақтар» секілді сол Эфиопияға барып алып: - Сендер кәпірсіңдер, сендердің заңдарыңа бағыну ширк деді ме? Жоқ. Керісінше, сахабалар сол эфиоп патшасына бағынды, сол мемлекеттің заңына бағынған еді, тәртібіне көнген еді. Мұсылман қауымына пана болғаны үшін сахабалар Эфиопияға қандайда бір жау тисе, эфиоп жамағатымен бір қатарға тұрып, дұшпанмен соғысуға ант байласты. Сахабалардың ісі сүннет десек, олар жасағанды қайталау - бізге міндет. Мұнан шығатын қорытынды, мұсылман өзі өмір сүріп отырған елді құрметтеуі керек. Заңына бағыну қажет. Ең соңғысы, қоғаммен санасуы міндет!
Мақаламыздың соңын Бауыржан Момышұлының мынау бір аталы сөзімен тәмамдасақ, «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген екен. Алып-қосарымыз жоқ.
islam.kz сайтынан алынған