«Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді аталарымыз. Неге десеңіз, жүрегінде Жаратқаннан деген қорқынышы болмаған кез келген пенде мақаламызда көтерілген барлық жамандықты арланбай істей алады. Бүгінгі қоғамдағы ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕККЕ түскен САН САУАЛДЫҢ жауабын имандылықтан ғана табуға болады. Өйткені Құранның сөзі – қасиет, Пайғамбар сөзі – өсиет.
ЖАС ҰРПАҚ СЕНІҢ АРЫҢА,
АНА ТІЛІМ АМАНАТ
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Бір қарағанда жай айтыла салған екі-ақ ауыз сөз. Ал осы тағдырға байланып тұрған тіл мен елдің астарында қаншама ойдың жатқанын саралап көріңізші. Ел дегеніміз мен, сен, сіз яғни – біз. Бізді өзгеден даралап көрсететін – ұлт. Ал осынау он сегіз мың ғаламда ұлт екенімізді, анығын айтқанда қазақ екенімізді айшықтап тұрған – тіл. Ендеше, ел болмаса ұлт, ұлт болмаса тіл болмайды екен. Яғни, Алла тағала біздің тағдырымызға қазақ болуды жазды. Және бізге ешкімге ұқсамайтын, байлығы жағынан да салыстыруға келмейтін, «Сезімге салса сұлу, жауға салса қылыш, ойға салса қорғасындай салмақты» үні көңілге қонымды тіл берді. Әлде ұлтымды сонша жақсы көргеннен бе, әйтеуір, әлемдегі ең ғаламат тіл – қазақ тілі сияқты көрінеді де тұрады маған. Мүмкін солай да шығар. Ал қазақ Жаратушының ерекше назары ауған ұлты ма деймін. Неге десеңіз, ат тұяғы тозып, құс қанаты талатын алып дала бізде және қандай дала. Ауасы нәр, суы бал, шөбі шипа, батпағы ем. Әлгі химиялық элементтердің атасы саналатын қабасақал шал Менделеевтің таблицасындағы барлық элемент біздің топырағымыз да, шөбіміз де, суымыз да бар екен. Тіпті, сол таблицада қалған бос орындарды біздің ғалымдарымыз толықтырып жатыр. Пах, шіркін, мақтануға келгенде мен де алдыма жан салмайды екенмін-ау! Мақтан демекші, Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның бір сөзі есіме оралып отыр. «Біздің қазақ мақтанғанда темекісін күн сәулесіне тұтатқандай шіренеді-ау», – деп еді. Әрине, төрт құбылаң тең болса, еңсеңді биік ұстап, алшаң басып жүргенге не жетсін! Қазақта «Ошақтың үш бұтындай» деген сөз тіркесі бар. Сол үш бұттың біреуін алып тастаса, қазаның қисайып, ырысың төгіле бастайды. Мұны неге айтып отырмын. Ұлт, жер, тіл осы үштік біріге келіп, ошақтың үш бұты іспетті емес пе? Ел аман, жұрт тынышта айтулы мәселеге айналып отырған тіліміздің жай-күйіне қарап, ошағымыздың қисайып тұрғанын көруге болады. Қисайған қазанға қақпақ тұра ма? Ал атам қазақта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген аталы сөз бар. Ондай сәтте қазан толы ырысыңды көршінің иті де, көшенің иті де талап әкетері сөзсіз. Сондықтан түтініміз түзу шықсын десек, ошағымызды түзу ұстайық, ағайын! «Айқайлай, айқайлай қасқырдан да ұят болды» демекші, тіл мәселесі жайлы айтылмай жатқан жоқ. Нәтижесі де аз емес, бірақ көңіл толып, кеуде соғуға әлі ертерек сыңайлы. Қолыма қалам алып, ой таразысынан өткізе келе, қасиетті қазақ тілім жайлы ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕККЕ түскен САН САУАЛҒА өзімше жауап іздеп көрдім.
ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК: – Алла тағала ең алдымен топырақтан Адам атаны, оның қабырғасынан Хауа ананы жаратқан екен. Біздің жаратылу тарихымыз осылай басталады қасиетті Құран Кәрімді парақтап көрсеңіз. Дарвин сияқты маймылдан жаралдық деп мақтану қайбір жақсы ғой дейсің. Қайдан жаралғанымызды кесіп айтатын Дарвин Құдірет иесі емес, ол да Құдайдың құлы, біз сияқты екі аяқты пенде. Айтайын дегенім бұл емес. Хақ тағаламыз бізді жаратқаннан кейін «ұлт пен ұлыстарға бөлдік», – дейді «бір-бірлеріңді тану үшін». «Содан кейін тіл бердік, бір-біріңмен түсінісу үшін», – дейді. Яғни, әр ұлттың ана тілі – Алланың сыйы. Құдайдың өзі берген құдіретті тілді қадірлей білмеуіміз, әрине, надандық. Түбіміз түркі болғанымен тіліміз қазақ. Жерімізге қызығып, елімізді бодан ғып, тілімізді жоғалтуды мақсат тұтқан кеңестік қоғамның көсемдері не істемеді байтақ еліме. Солардың кесірі болмағанда «Тілім, тілім дей берді тілім-тілім ойларым. Өз тіліңде сөйлеуді ұят болды қойғаның» деп өз қазағымызға өзіміз мұң шағып жүрер ме едік осылай. САН САУАЛ.
– Иә, тілі жоғалса ұлттың жоғалуы оңай екенін білген кеңестік идеология ойына келгенінің бәрін істеп бақты. Ақтар келіп, бір қырды. Қызылдар келіп, бір қырды. Тамырымды балталап, рухымды сындырды, жігерімді жүн қылды. Аштықты қолдан жасады, қастықты қолдан жасады. Сақтаймын деген тілімді, сатпаймын деген дінімді, қаймана жұртты қашырды, аңырап Қытай асырды. Ұлтым деп шықса ұрандап, «халық жауы» деп бұғаулап, нақақтан нақақ атылды. Жазалады аяусыз, Алашым деген арысты. Бас жарылып, жақ істі, тілімізді тістетті, өз айтқанын істетті, қазақтың жағы қарысты. Айтқанына бағынып, күн көсемге табынып, жетегінде жүрдік жетпіс жыл, қара түнек жамылып. Аш болмады әкеміз, аш болмады анамыз, аш болмадық және біз. Солақай саясат бірақ та, орыс тілін білмесең, керексің деп кімге сен, айлаларын асырды, қазағым қайта бас ұрды. Орыс тілі мінбеге озып, қазақ тілі ошақтың басында қалды. Не көрмеген ел едік, не боламыз деп едік. Төрге қайта оздырды, уақыт айтып төрелік. Назары ауып Алланың, орындалып арманым, Көкбайрағым көкке өрлеп, арайланды бар маңым. Мойымастан көтердік, тағдырдың басқа салғанын. Келмеске кетті мінеки, қапаста талай қалғаның. Қанатыңды жайып қырандай, заңғар көкке самғадың, – деп бөркімізді аспанға атқалы жиырма жыл. Алғашқы жылдары ана тілімізге деген көзқарас ерекше болды. Рухымыз оянып, санамыз серпіліп, етек жауып, жең түріп, жаппай қазақша атауларға көштік. Көше, ауыл, аудан, қала аттары Алашымның мақтаны болған ата-бабаларымыздың есімдерімен атала бастады. Сейіліп күмән, ашылып тұман бұрынғы әннен өзгерек бір ән әр жүректің түбінде тебірене шырқалып жатты. Көңілдің сілкіп тастап мұнар бұлтын, иісі қазақ баласы құмар бұл күн бізге Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымды сыйға тартты. Жоғалған дініміз, тоналған тіліміз қайтадан оралды. Бірақ сол шаттықты көтере алмай қалдық па, дін бұзар дүмше секілді, тіл бұзар жастар не түрлі, қасіреттен шыққан тілімнің қасиетін кетірді. Орыс тілін сән көріп, тек осыған мән беріп, космополит жастарым қаптап өсіп келеді.
Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015,
20.03.2015, 22.03.2015.Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды