Бұған не дейсіз?
– Баламның оқуға зауқы жоқ. Бар арманы мектепті тезірек бітірсем дейді. Соңғы кездері сабағына да қарауды қойды. Есіл-дерті машина жүргізу. Кейде үйде демалып жатсам көлігіме отырып, қыдырып кететінді шығарды. Қоймаған соң 30 мың долларға су жаңа «япошка» әпердім.
– Балаңыздың жасы нешеде, қаншасыншы оқитын еді?
– Ү-үй, әлі бала, тоғызыншы сыныпта оқиды.
– Әлі жасы келген жоқ қой. Ешқандай құжатсыз жүргізе бере ме? Ұсталып қалса қиын болмай ма?
– Ой, әкесінің, бір-ақ звонок емес пе? Еще, қалтасында визитканың түр-түрі бар. Бар кезде бардай жүру керек қой.
Бір той-жиында қалтасы қалың дөкей мырза қасындағыларға қарап маңғаздана шіреніп, осылай деп бөсіп қалды. Ақшаның буы мыстарын басты ма, алғашында бір-екеуі қарсы пікір айтқанымен аяқасты құлдық ұрып, құтты болсын айтып шыға келді.
Жаным ауырды. Бар екен деп боқ дүниеге шашқанша жетім-жесірлерге қолұшын беріп, сүрінгенге сүйеніш болып, сауапты іс жасаса әлдеқайда абыройлы болар еді-ау деп ойладым. Онсыз да елпілдеп тұрған баласына желік беріп, жарық күнде адастырғанша, тым құрыса әкелік борышын адал атқарса қайтер еді? Өз баласының болашағына осылай немқұрайлы қараған әкеден не үміт, не қайыр?
Ақшаң болса қалтаңда...
Таңғалмайтын болдық. Иә, қоғаммен бірге адамның санасы да қатты өзгеріске ұшырады. Күн сайын жаңалық. Бірақ ешқандай әсер жоқ. Таңғалмаймыз. Сонда қалай, алпыс екі тамырымыздағы қан сұйылып, санамыздан «таңғалу» деген сезімді тамырымен жұлып тастағанымыз ба? Әлі есімде, біздің бала кезімізде бір досымыз велосипед алса, сол көшенің бүкіл баласы артынан бірге шапқылағанды қызық көретінбіз. Әлгі велосипедті өзіміз тебе алмасақ та, дөңгелегінен, орындығынан ұстап көргенімізге мәз болып, таңғалатынбыз. Қазір мұндай сезім жоқ. Неге? Өйткені, сананың сұранысы басқа. Біз мектеп бітіргенше велосипед теуіп өстік. Қазір ол баланың ойыншығы сияқты болып қалды. Бүгінгі оқушылар қайда асығады, білмеймін? Әйтеуір, тезірек мектеп бітіргісі, ерте есейгісі келіп, елегізіп тұрады. Ақырын саралап, ойлап қарасам, есіл-дерті есейіп, мектеп деген «мырза қамаудан» (қаладағы көп қабатты үйлерді апам солай айтатын) тезірек құтылып, «темір тұлпардың» тізгініне жармасқысы келеді екен. Оған әке-шешенің шамасы келе ме, жоқ па? Бұл сұрақ еш ойландырмауы да мүмкін. Баласына машина әперу жағдайы бар шалқайған байлар түгілі, қарапайым қоңыр тірлік кешіп отырғандар үшін де проблема болмай қалды. Қалталылар шекесінен шертіп жүріп, арнайы тапсырыс беріп алып жатса, қатардағы еңбеккер де қатарынан қалып жатқан жоқ. Қалтасында жиған-терген қаржысы болмаса да, жарнамасы бірінен-бірі асып түсетін банктер бар емес пе? «Балаңнан аяйсың ба, басыңды тық та кредит ал. «Өлмесең» деймін-ау, өлсең де қайтартады ғой. Ең бастысы, балаңның арманын орындадың. Қатарынан қалған жоқ. Тең құрбысының алды болмаса да, құдайға шүкір, «темір тұлпары» бар. Астафиралла, не деген шайтан ойлар санамызды жаулап алған? Ой емес, турасында осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
Үзілген үміт
«Жарығым-ай, жалғызым-ай! Аңыратып тастап қайда кеттің? Осы бір қу темірге несіне ғана қызықтың екен? Ақыры түбіңе жеткені-ай. Осы машинаны алғанша қу жаныңды қоярға жер таппай кетіп едің. Ажалыңа асыққаның-ай!».
Жалғызын жоғалтып, көкірегі қарс айырылған ананың жоқтауы айналасындағылардың да сай сүйегін сырқыратып жіберді. Бәрі қосыла, егіле жылады. Ата-анасының жалғыз үміті осы еді. Маңдайынан қақпай, қатарынан қалдырмай-ақ өсірген.
Мұндай оқиғаны күніне болмаса да ара-тұра естіп, көріп жүрген алаң көңіл әке-шеше баласына бастапқыда көлік әперуді ойламаған да екен. «Достарымның бәрінде бар, маған да әперіңдер. Анда ала кет, мында ала кет деп қашанғы сұрана беремін», – деп қоймаған соң амалы құрыған ата-ана маңдайына шыбын қондырмай өсірген жалғызының бір тілегін еріксізден орындады. Аяғы міне, жол апатына, қайғылы жағдайға әкеліп отыр. Ұшқан құспен жарысқан «темір тұлпар» міну уақыт талабы дейік, алсын, мінсін, бірақ жол ережесін сақтап, тәртібімен жүрсе ешқандай өкініш болмас еді ғой. Кейде елірген біреудің кесірі өз жолымен келе жатқан басқа адамдарға тиетіні бар. Осының салдарынан күре жолдың бойында қаншама тағдыр талқан боп, үкілеген үміттер үзіліп жатыр. Мына заман болып тұр, машинаның базары, машинадан болуда, талай жастың ажалы. Ендеше, аяулы ата-ана, балаңыздың тағдырымен ойнамаңыздар, ойлаңыздар!
Кім кінәлі?
Заман ба, адам ба? Ата-ана ма, бала ма? Кім кінәлі дегенде біреуге жала жауып, біреуді жазғырып кінәлайық деп отырған жоқпыз. Қоғамдық сұрақ қой, соған жауап іздеп көрейікші. Шынымен де, кім кінәлі? Он екіде бір гүлі ашылмай жатып, өмірін енді бастағанда ерте солған гүлдей, ажал құшағына алып, қара жердің қойнына салып жатқанды кімнен көреміз? Енді азамат болды-ау дегенде қыршынынан қиылып жатса, неге ерте алдың деп Жаратқанды жазғырмақпыз ба? Қазір бір жаққа жолға шықсақ, үйімізге аман жеткенше алаңдап, елегізіп отыратынды шығардық. Өйткені тас жолдың үстінде талқаны таусылған тағдырлар ойландырмай қоймайды екен. Баяғыда адамдар жасы келіп немесе қатты сырқаттанып өмірден озып жататын еді. Оқыс оқиғалар анда-санда бір кездесетін. Ал қазір, тағы да тілім жазықты, таңғалмайтын болдық. Телеарнадан, радиодан, баспа беттерінен жол оқиғаларын күнде көріп, естіп, оқып жатырмыз. Етіміз өліп, көніп кеткеніміз соншалық, бәлендей елең етпейміз. Бір өкініштісі, жол апатынан қайтыс болғандардың дені жастар. Иә, өмірге деген қызығушылығы енді басталып, қызуы мен желігі басылмай тұрған өрімдей өскіндер. Құдай-ау, адам баласы төрт аяқты есті жануар десе де, аттан құлап та ажал құшып жатады. Ал техника деген адамның қолынан жасалған дүние емес пе? Қай жерінен кемшілік шыға келетінін қайдан білесің? Мұны білмейді емес-ау, бәрі біледі. Біле тұра ессіздік танытып, ұшып-қонатынымыз тағы бар. Қас-қағым сәтте осынау ғаламшар көзінің қарашығында шыр айналып бара жатқанда өкініп те үлгермей қалады-ау. Қазіргі таңдағы мәліметтерге сүйенсек, жол апатына ұшырағандардың басым көпшілігі жастар. Яғни, баласының болашағын ойламай, бетінен қақпай, айтқанын екі етпей орындаған әке-шешені кінәлаймыз, амалсыз. Дәл осы уақытта 4-5 балалы отбасы ауылдық жерде болмаса, қалада бірді-екілі ғана. Бір үйдің көзінің ағы мен қарасындай өскен баланың дегені орындалары хақ. «Жалғызым аман болсын, қатарынан қалмасын, осы кисін, осы ішсін, мен мінбеген көлікті осы мінсін». Міне, осылай ерке өсіріп, еркіне жіберіп аламыз да, қателікке ұшырағанда барып бармағымызды шайнаймыз. Тіпті мектепті жақсы бітірсең аттестат алған күні машина сыйлаймын деп баланың санасын оқумен емес, дүниемен улап жатқанымызды білеміз бе? Өмірдің ақ-қарасын ажыратып үлгермей жатқан ұрпағымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз?
Қазақта: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді» деген аталы сөз бар. Амандық адамдықтың бастауы екенін ұғынсақ, балаларымыздың бойынан қандай адами қасиеттерді жойып жатқанымызды білсек қой. Күнде болмаса да жиі көріп жүрміз. Жаңағы шетелдің қымбат көлігінен керіле түскен жастар, алдындағы үлкенге сәлем беруге де ерінеді-ау. Айналасына паңдана қарап, маңғазданып тұрып әрең сөйлейтіндерін көргенде, болашағың жайлы ойлауға қорқасың. Жоғарыда айтқанымыздай, күн сайын жаңалық. Ендігі жерде шетелдік қымбат көліктердің рөлінен бойлары әрең көрінетін шынашақтай қыздар түсетін болды. Жастарымызды ессіздікке жетелеген есіл дүние-ай дейсің күйініп. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей, іштарлық көрсетіп тұрғаным емес. Маған десе күнделікті көйлегіндей ауыстырып мінсін. Бірақ Алла тағала Адам атаның қабырғасынан Хауа ананы жаратқанда оған адамзат қауымындағы ең қымбат ана болу қасиеті мен нәзіктікті берген еді. Яғни, қыз баланың бойындағы ерекшелік те осы емес пе? Аяқ асты болған жол оқиғаларынан қыз баланың бірден шешім қабылдап, тығырықтан шығып кетуі шамалы. Аяғы біз алаңдап отырған қайғылы жағдайға ұласуы әбден мүмкін. Яғни, 18-ге толар-толмастан көлік рөліне отырғызу – ата-ананы ғана емес, қоғамды ойландыратын мәселе. Бір кездері көлік жүргізу куәлігін 22 жастан береміз деген заң туралы сыбыс естігенде қуанып қалып едік, мұның да аяғы сиырқұймышақтанып барып жоқ болды. Әй, бірақ қандай заң шығарса да жемқорлық жайлаған, қалталы ойнаған, парақор тоймаған заманда барлығын да ақшамен шешуге болады. Құлқынына құрт болып түскен қу ақша кім-кімді де айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізіп қоятыны жасырын емес біздің қоғамда.
Жаралы жүрек
«Әлі күнге өкінемін. Өзіме-өзім жасадым. Ата-анамды тыңдамай, кредитке машина алдым. Қайда, неге асықтым екен? Жарайды, алдым екен, тыныш жүрсем әлдеқалай болар еді. Достарыммен басқосуда не шайтанның түрткенін, іштім келіп. Ұсталып қалсам МАИ-де істейтін жолдасым бар, неден қорқамын деген ессіз батырлық пайда болды. Біреудің обалына қалам, жазым қылам деп дәл сол кезде ойлаған жоқпын. Бәрі көңілді, ән салдық, биледік, тойладық. Есік алдына шыққанымды білемін... Есімді жинасам... енді бәрі кеш... Айғай-шу. “Жедел жәрдем”. “МАИ”. Көшеде адам қағып, жазым қылыппын. Бес жыл арқалап темір тордың ар жағына кеттім. Бұдан да шығармын-ау. Тән жарасы жазылар. Жан жарасын емдеу қиын екен. Орны толмас өкініш. Өкінемін».
Әрине, темір тордың ар жағынан мерзімін өтеп шығары сөзсіз. Зымыраған уақыт әне-міне дегенше бостандыққа да жеткізер. Бірақ сол күнгі бір ғана қателіктен қаншама жүрек жараланды, қайғы жұтты.
Өмірдің өзі мектеп. Біз сол мектептен күнде сабақ алудамыз. Сөйте тұра бүгінгі кемшілікті ертең қайталамаудың жолын неге іздемейміз? Не деген жауапсыз, не деген ұмытшақпыз, адамдар!
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015, 07.04.2015, 08.04.2015, 09.04.2015, 10.04.2015, 11.04.2015, 12.04.2015, 13.04.2015, 14.04.2015, 15.04.2015, 16.04.2015, 17.04.2015).