Бір қарағанда мақтану, мақтана білу керемет өнер сияқты. Егер адам бойынан кездесетін осы бір мінез шынымен де көркем қылық, ізгі қасиетке жататын болса хакім Абай оны «бес дұшпанның» ішіне кіргізбес еді-ау. Сол бес дұшпанның қақ ортасында «мақтаншақ» тұр екен. Құнанбайдың ұлы айтқан сөзге айналып соға беретіндігіміздің сыры, Ибраһим хакімнің жеке басына табыну емес, керісінше «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа жол емес», – деп Жаратушысын танып, ақиқаттың жолынан айнымаған дара тұлға қалдырған асыл мұрадан ғибрат алу. Осылайша бойымызға сіңірген ізгі қасиет арқылы артымызда келе жатқан жас толқынның санасын оятып, келешегімізге тамшыдай болса да өз үлесімізді қосу.
Әсілі, даналардан қалған қанатты сөзге зер салатын болсақ, дала ділмарларының бірі де осы бір «мақтаншақтықты» мадақтамапты. Анығын айтқанда ұрпағының ұлағатты жолмен өсуі үшін мұндай мінезден барынша арашалаған екен. Соларды оқып отырсаңыз, мақтаншақтық бойыңыздағы көркем мінезіңізге көлеңке түсіретін қылықтардың бірі болмақ. Ақылман Абайға тағы да жүгінсек, мақтан құмарлықтың қандай келеңсіз жағдайларға әкелетініне көз жеткіземіз. Данышпан: «Өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдікті бітіреді, күншілдік күншілдікті қозғайды», – дейді. Сол мақтаншақтық тудырған күншілдіктің өзі адам сүйсінетін қылық емес. Ондай болса, Момыштың ұлы қаһарман Бауыржан: «Күншілдік – өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігіңді түсінуден туған құбылыс» деген ұлағатты сөзін қалдырар ма еді біздерге? Зерделей қарасақ, мақтансүйгіштік адам бойына сан түрлі келеңсіз қылықты сондай сүйкімді етіп көрсетіп қояды екен. Бабаларымыздың: «Мақтаған тілге – мың пәле» дегені текке айтылмаған-ау шамасы. Бірақ, бүгінгі қоғамда мақтау мен мақтану өмір сүрудің керемет үлгісі болып кеткенге ұқсайды. Анығында солай. Қара басымыздың қамы үшін қара судан қаймақ шығара мақтап, кестелі сөздің қадірін кетіріп, көпірме көбікке айналдырып жататынымыз ақиқат. Барлық мақтау мен мадақтаулар әлемдердің иесі бір ғана Алла тағалаға тән деген қасиетті Құран Кәрім сөзін жүзін құбылаға бұрып, құдайына құлдық ұрып, маңдайы сәждеге тигендер білмесе, қаймана жұрттың көпшілігі тілінен жазықты болып жатқандығынан мүлдем хабарсыз-ау шамасы. Мақтаншақтықтан туған күншілдіктің қандай екенін Бауыржан батыр айтқан ойдан түйдік. Тиген жерін шоққа, үрлей-үрлей отқа айналдырып, бір-біріне жалғасып, айналасына зиянын тигізетін мұндай пиғылдың түп төркіні қайдан десек, барлығы да қызыл-жасыл дүниеге, мәнсап пен атаққа құмар нәпсінің нәтижесінен екен. Нәпсіңе ие болмасаң ақ жүзің күйе болатынын ескере бермейтініміз тағы бар. Дала ділмарларының бірі Шәкәрім қажы:
Мақтанға салынба, мансаптың тағы үшін,
Нәпсіге билетпе басыңның бағы үшін, – деп ашық ескертеді. Имандылықтың иіріміне терең бойлап, ар-намысының биіктігімен ақиқаттың ақ жолынан ажырамаған Құдайбердінің ұлы Шәкәрімнің Абай әлемімен үндесіп жатуында да терең мән жатыр емес пе? Олай дейтініміз, мақтанның отын үрлеп, көрігін қыздыратын нәпсінің дұшпан екенін Абай былайша жеткізеді:
Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең,
Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең.
Бұдан адам бойындағы Ибраһим хәкім айтқан «бес дұшпанның» қу нәпсіге құл болудан туындайтынын аңғару қиын емес. Абайдан қалған асыл сөзді алдыңызға тартқанда дананың атын жамылып, ақыл айту емес, шамамыз жеткенінше жас жеткіншектерге атадан қалған асыл қазынаның қадір-қасиетін ұғындыру. Сөйте отырып, «бес дұшпаннан» ауылымыздың іргесін алыс салу. Биік мансап, атақ, абыройға жетудің сан қилы жолын данышпан ақын 37-ші қара сөзінде былайша суреттейді: «Биік мансап – биік жартас. Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып, қыран да шығады. Жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер шын деп ойлайды». Яғни, бұдан мақтау мен мақтанудың зиянды нәрсе екенін тап басып білуімізге әбден болады. Әсілі, мақтаншақтық кейбір адамдарға сондай жарасып тұрады. Ешқандай сөкеттігі жоқ сияқты. Керісінше осы мінезі арқылы көпшіліктің есінде қалары тағы бар. Көріксіз қылыққа жатқызайын десең көңілің қимайды. Ал Абайды оқысаң кәдімгідей ойланып қаласың.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдайсың,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Әрине, Абайдың айтқанының бәрі Құдайдай сендіретін Құран сөзі емес, бірақ шынымен де иланасың. Себебі, имандылық иіріміне терең бойлаған хәкім аят-хадисті зерделей зерттеп: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз», – деп Құранда айтылған Алланың аманатын құлағымызға құйып, жүрегімізге жеткізе білді. Сөйтті де, бойымыздан табылатын бес дұшпанның ара-жігін ажыратып берді. Анығын айтқанда, «қалың елі қазағы, қайран жұртына» адам болып өмір сүрудің негізгі факторларын соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп кетті. Кейде ойлаймын, қазіргі қоғамның адамдары Абайды оқымайды, ал оқығандары түсінбейді. Олай дейтінім, бала кезімізде тақпақ деп жаттаған, бүгінгі таңда санамызға қорғасындай салмағын салатын бес асыл істен көрі көбіміздің бойымызда бес дұшпанның салтанат құрып келе жатқандығы. «Әрбір ақылдымын деген адамның табан тірейтін жері – ислам», – деп өмірінің соңында ақиқатқа көз жеткізіп кеткен Толстой да: «Зат неғұрлым салмақсыз болса, соғұрлым орынды көп алады... Мақтаншақ та сондай», – депті. Демек, көргені мен көңілге түйгені көп суреткер мақтаншақтықтың сондай абыройсыз екендігін меңзейді. Зерделі сөздің зергері атанған Мұхтар Омарханұлының да: «Тумай жатып толдым деме, толмай жатып болдым деме» дегенінің өзі көп сыр аңғартса керек. Қадалған жерінен қан алмай тынбайтын адамдай мақтаншақтыққа соншалықты жабысып алғандағы мақсатымыз осындай мінезін бетіне мін етіп басып, кемшілігін түгендеу емес, мүмкіндігімізше көңіліне көлеңке түсіретін қисынсыз қылықтан алыс жүруіне ықпал ету ғана. Өйткені, «Егер мен закон қуаты қолында бар адам болсам, онда мінезі өзгермейді деген адамның тілін кесер едім», – деп Абай атам айтқандай, қолымызда «закон» болмағандықтан біз де кез келген «мақтаншақ» адамға барып, «былай сөйлеме, былай де» деп бұйрық беруге қақымыз жоқ, тек жанашырлық танытып, ескертуге ғана бармыз. Мұның өзі тыңдар құлақ болса ғана. Ал біздің айтқанымызға мұрынын шүйіре, шекесінен қарап, «елде несі бар екен» дейтіндер болса, сөз соңын хакімнің өзіне береміз де тақырыбымыздың нүктесін қоямыз:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап.
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015).