Ысырапшылдық – исламға жат қылық

Ысырапшылдық – исламға жат қылық

Капитализмнің дамуымен соңғы ғасырларда гедонистік түсінік жер жаханда кеңінен тарап, адамды шектен тыс тұтынушылыққа итермелеуде. Қазіргі қарыштап дамып келе жатқан техника-технологиялық жетістіктердің барлығы да адамның қажеттіліктерін өтеп, өмірден барынша ләззат алу үшін жағдай жасауға бағытталған.

Адамзат мұншама материалдық игіліктерге бұрын-соңды кенелмеген десек артық айтқандық емес. Бір өкініштісі адамның құлқыны мұнымен тоймауда. Әсілінде адамбаласы жаратылғалы бері тарихта орын алған қайғы-қасыреттер, дүиежүзілік соғыстардың бәрінің астарына үңіліп қарар болсақ, осы қу құлқынның қамын күйттеу жатқанын байқау қиын емес. Негізінен адам табиғаты шексіз бақытты қалайды. Ал бұл шексіз бақытты материалдық заттармен өтеу мүмкін емес. Бұл сезімді Аллаға деген иман мен махаббат қана тізгіндеп, баса алады. Сондықтан да әлемге имани көзбен қарамаған жан қаншама дүниелік ізгілікке бөленіп, шалқып жүрсе де оған тоймақ емес. Осы тұрғыда Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) бір хадисінде: «Адам баласының бір сай алтыны болса, екіншісін қалайды...Адамның көзін бір уыс топырақ қана тойдырады»,– деу арқылы пенделік сананы керемет бейнелеп берген.
Күллі жаратылыс атаулы – Алла тағаланың шексіз шебірлігінің керемет туындысы. Осы жаратылыс атаулының ішінде Алла тағала жер бетіне өзінің халифасы етіп адамбаласын тағайындап, күллі игіліктерді оның қызметіне ұсынды. Хақ тағала адамға ерік берумен қатар, оған жауапкершіліктер де жүктеді. Сол жауапкершіліктердің бірі – Жаратқанның сыйға тартқан сансыз нығметтерінің қадірін біліп, оңды-солды шашпай, шүкіршілік ету. Ислам шариғаты жеке құқыққа ерекше мән берген, алайда қоғам мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қойып, оған қиянат жасамауға шақырған. Шариғаттың тыйған нәрселерінің бәрінен осы ұстаным анық көрінеді. Ислам шариғатында қоғам өміріндегі баяндылықты сақтау тетіктерінің бірі – жеке баспен қатар қоғамға ауыр кесірін тигізетін ысырапшылдыққа тыйым салу. Ысырапшылдық – Хақ тағала қаламайтын іс. Сондықтан Құран кәрім мен пайғамбарымыздың асыл сүннетінде ысыраптан тыятын көптеген ұстанымдар бар. Осы ұстанымдар тек мұсылман қауымына ғана емес, күллі адамзат үшін аса маңызды болып табылады. Мұны қазіргі таңда алқымнан алған экономикалық дағдарыс кезінде анық сезудеміз. Енді осы құлқынның кеселіне дініміз қалай қарайтынын аят-хадистер және әлемде орын алып жатқан оқиғалар шеңберінде қарастырып көрейік.
Негізінен ысырап – иман, сөз және іс-әрекеттерде діннің, ақылдың немесе ғұрыптың белгілеген өлшемдерінің шегінен шығу немесе асыра сілтеу, қолдағы бар мүмкіндікті рұқсат етілмеген мақсатта жұмсап, шашуды білдіреді. Имам Ғазали «Мүмкіндіктерді діннің, ғұрыптың және адамзаттың қажеттілігіне керекті мөлшерде жұмсау – жомарттық, одан төменгі мөлшерде жұмсау – сараңдық, ал осы өлшемдерден асып кету – ысырап»,– деген екен. Сондықтан адам баласы қолындағы барлық мүмкіндіктерді Алла жолында, қоғамның қажеттілігіне жұмсаса, ысырапқа жатпайды. Осыған қатысты«Жақсылық жасауда ысырап жоқ, ал ысырапта ешқандай жақсылық жоқ» деген бір қанатты сөз қалған.
Негізінен Хақ тағала адам баласының адал жолмен табыс тауып, оны адал жолда қалағанынша қолдануға ешқандай қарсы емес. Құран кәрімде «....Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында Алла тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» [1] – («Ағраф» сүресі, 31-аят) деуде. АрдақтыПайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер» [2], – деп ескертіп, біздер үшін өлшем белгілеп берген.
Ислам діні адам баласы үшін жақсы саналған нәрселерді адал, зиянды нәрселерді арам еткен. Дүние нығметтері – адамға тарту етілген сый әрі аманат. Осы сыйдың қадірін біліп, дұрыс мақсатта қолданып, шүкіршілік жасасақ, Алла тағала бұл нығметтерін одан сайын арттыра түседі. Құран Кәрімде: «Егер шүкіршілік етсеңдер нығметтерімді одан сайын арттыра түсемін» делінген. Әсілінде, ысырапшылдық осы нығметтердің қадірін білмеуден туындауда.
Сондай-ақ Құранда: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан, Раббысына тым күпірлік етуші» [3], – деп, ысыраптың нәтижесінің неге апаратынан еске салып жирендіруде. Мұсылман баласы үшін бұл өте ауыр ескерту. Тағы бір аятта: «Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» [4] деп ысырапқа жол бермеу керектігі айтылған.
Адамзат тарихы қазіргі кездегідей аста-төкті көрген емес шығар. Пайғамбарымыз (с.а.с.):«Өзеннің жағасында дәрет алсаң да суды ысырап етпе» деу арқылы құлшылық үшін дәрет алу мақсатында қолданатын, шеті-шегі жоқ секілді көрінетін судың өзін қалай қолдану керек екендігін айтып, біздерге керемет өлшем ұсынуда.
Алла тағала: «Ысырап жасаушыларды құрдымға жібердік» («Әнбия» сүресі, 9-аят) деп шектен шығудың тарихта қандай қасіреттерге ұрындырғанын біздерге ескертуде. Құран кәрім бұрынғы қауымдардың басынан өткен оқиғаларын біздерге ғибрат алу үшін білдірген. Сондықтан да ысырап жасаушыларды сайтанға, перғауынға, хазірет Лұттың қауымына ұқсатып, оны жақсы көрмейтіндігін, олардың осы өмірде қиындыққа тап болып, ақыретте азапқа душар болатындығын айтып ескертуі бізге ой салуы қажет.
Ысырапқа тыйым салынудың негізгі себебі материалдық игіліктердің адам тіршілігіндегі қадіріне байланысты. Ол адамға берілген нығмет болғандықтан оны мақсатсыз, мөлшерінен тыс қолдану күнә ретінде саналған.
Қазіргі таңда ысырапшылдық адамзатты тығырыққа тіреуде. Бұның астарында дүниеге деген көзқарас пен соған сай қалыптасқан сана жатыр. Ысырапшылдық тіршілігіміздің барлық саласына әбден сіңіп кетті. Ішіп-жеу, киіну, жүру-тұру, энергия көздері, тәнімізбен қатар рухымызға дейін, жаратқанның сыйға тартқан нығметтерін оңды-солды шашудамыз. Қазіргі күні аста-төк дүние қажеттілік ретінде бағалануда. Соның салдарынан шектен тыс ысырапшылдық орын алуда. Тіпті күнделікті ішіп-жемнің өзінде жасалып жатқан ысырапшылдық жантүршігерлік деңгейге жетіп отыр. Ал иісі мұсылман ата-бабамыздың дәстүрінде қара нанның өзі аяқ асты етілмеген еді. Олар жерге түскен түйіріне дейін теріп алған. Себебі нанды құрметтеуге қатысты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Айша анамызға: «Әй, Айша, нанды қадірле» деген ескертуін халқымыз да жерге тастамаған еді.
Әлемдік азық-түлік агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, бір жылдың өзінде аштық пен дұрыс тамақтанбаудан 10 миллион адам көз жұмады екен. Ал ысыраппен қалай болса солай жұмсалып жатқан азық-түліктің төртте бірі үнемделсе 870 миллион адамның азық-түлік қажеттілігін өтеуге жетеді екен. Кейбір деректерге сүйенсек, бір ғана АҚШ-тағы қоқысқа тасталған азық-түлік қалдықтарының өзіне 80 миллион адам тоятын көрінеді. Ал әлемде әр бес минутта бір бала аштықтан жан тапсыруда. Олай болса, бір жапырақ нан мен азық-түлік ысырабының қандай нәтижеге жол ашатынын өзіңіз пайымдай беріңіз. Әсілінде, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.): «..Негізінде, адамға белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үште бірін тамаққа, үште бірін суға және үште бірін ауаға арнасын» [5], – деп айтқанындай, ысырапқа жол бермей тамақтануға болады. Тіпті, тамақтанудың ең дұрыс жолы осы. Бірақ, ысырапшылдық қанына әбден сіңіп кеткен бұл күннің адамына бұл тым ауыр тиетін шығар. Алайда, шындық солай.
Мысалы, судың тіршілік көзі екенін бәріміз білеміз. Сол судан секундына бір тамшы ағатын болса, бір жылда алты тонна су жиналады екен. Сіз бұған жуыну-шайыну барысында мөлшерден тыс қолданған су көлемін қосыңыз. Ал таза ауыз суға қол жеткізе алмаудың салдарынан жылына 8 миллион адам түрлі ауруларға ұшырап, көз жұмуда. Сондай-ақ қазіргі таңда күн санап өсіп келе жатқан адам саны мен шаруашылық түрлерін есептесек, суға деген қажеттіліктің одан сайын арта түсері түсінікті. Бұлай кете берсе, келешекте адамдар су үшін соғысатын болады. Олай болса судың да сұрауы барын ешқашан қаперден шығармау керек.
Энергия мен жылу көздерін қолданудағы ысырапшылдық та шаш етектен. Бұған күнделікті өмірді қолданып жүрген қағаз ысырабын қосыңыз. Бір тонна қағаз үшін 17 ағаш кесіледі. Бұл 70 текше метр орман алаңы деген сөз. Ал бір ағаштың өсуі үшін 20-30 жыл қажет.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Адамдардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет – денсаулық пен бос уақыт» [6], - деп айтқан. Сол хадисте айтылған мәлімет шындыққа айналып, қазіргі таңда адам баласы қолына берілген уақытты да босқа жұмсап, қадір-қасиетіне жетпей жатыр. Хадисте айтылған екі нығметтің қадірі бөлек мақалаға өзек боларлық ауқымды тақырып болғандықтан, көп тоқталып жатпай, ойымызды қорытындылай кетейік.
Алла Тағала перғауынды сипаттаған кезде «Ол ысырапқа бой алдырғандардан еді»(«Юнус» сүресі, 83) десе, Лұттың елін «Сендер ысырап жасаушы елсіңдер» («Ағраф» сүресі, 81) деп, жаман сипаттарын баяндаған. Ысырапшылдықтың зияндығын Құран кәрім әрі пайғамбарымыздың сүннетті жетеріне жеткізіп баяндаған. Қазіргі таңдағы мамандардың барлығы да бұған бірауыздан келісіп, қасіретін жарыса жазуда. Қанша айтылса да адамдар бұған мән берер емес. Өйткені «қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, берілгеннің қадірі, қолдан кеткенде ған біліп жатамыз. .
Табиғи байлықтарды дұрыс қолданбау салдарынан әлемдегі керемет тепе-теңдіктің астан-кестеңі шығуда. Бір жапырақ нанның өзінің дастарханымызға келгенге дейінгі өтетін кезеңдеріне қысқаша көз жүгірткеннің өзінде оған қаншама күштің жұмсалатынын байқаймыз. Бұған бекерге тасталып жатқан нәрселерді қоссаңыз, қоршаған ортаға қандай зиян тигізіп жатқанымызды айтудың өзі артық. Ластанған ауа, өзен-көлдер, эррозияға ұшыраған топырақ, тесіліп жатқан азон қабаты т.б. секілді мәселелерді еске алсақ, ақыреттің келуін өз қолымызбен тездетіп жатқандаймыз. Ысырапқа бой алдырған қоғамдар міндетті түрде қиындыққа тап болады. Қазір оның мысалын анық көрудеміз. Алып мемлекеттердің өзі азаматтардың материалдық қажеттіліктерін өтеп, «бақытты ету» жолында белшесінен қарызға батуда.
Ысырапшылдық пен шектен тыс тұтынушылық – сырттан қарағанда пендені бақытты ететін секілді көрінетін, алайда кейін оны тастауға қиналатын жаман әдеттердің бірі. Ысырапшылдық қанағатсыздықтан туындайды. Сондықтан да «қанағат қарын тойдырады, қанағатсыздық жалғыз атын сойдырады» дегендей, түптің түбінде қанағатсыздық сан соқтырады. Ал қанағатпен өмір сүрген адам осы дүниеде де берекеге кенеліп, ақыретте аманатқа жауапкершілікпен қараудың сыйын алады. Балаға әр сұрағанын алып беру оны өсе келе тек қана тұтынушы бір машинаға, менменшіл, нығметтің қадірін білмейтін жандарға айналдырып жібереді. Сондықтан ата-ана баласына пайдалы нәрселерді ғана алып бергені жөн.
Ысыраптың алдын алудың ең біріші жолы – ысырапты байқау. Алайда қазіргі кездегі адамдар қажет емес нәрсенің бәрін қажет секілді көріп «мынаны алмасақ болмайды, жағдай бар кезде неге алмасқа, мынаны тастай салайық, онысыз да ескіріп кетті ғой..» деген секілді нәрселерді айтып өзін-өзі алдаудап, мәселенің байыбына бара алмауда. Адамдар дүние нығметтерін неғұрлым көбірек пайдаланып, бәрін көріп қалсақ бақытты боламыз деуде. Сондықтан да Құранда: «Солайша шектен шығушыларға (ысырап қылушыларға) істеген істері көркем көрсетіледі» [7]. Шүкіршілік жасамау түбі қасырет. Хақ тағала: «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар» [8], – десе, Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, алған білімін не істегендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және тәнін қандай жолда жүріп тоздырғандығы жайлы есепке тартылмайынша бір адым да аттай алмайды» [9], – деген.
Адам баласы дініміздің белгілеп берген тура өлшемдерін негізге алса, ысырапшылдықтан өзін аман сақтап қалады. Сол үшін кез келген нәрсені алар кезде «Шынында ол қажеттілік пе, әлде тек қана нәпсінің қалап тұрған нәрсесі ме?» деп ойлану. Отбасы, мектеп қабырғасынан бастап өмір бойы ысырапшылдықпен күресуді әдетке айналдыру қажет. Тіпті әр намазымыздан кейін осы дүниеде берілген нәрсенің бәрінен міндеті сұралатынымызды біліп, сол есеп күні есебім дұрыс болар мекен деп уайымдап, балаларымыздың да анасына осы түсінікті сіңіру керек. Аштықтың дәмін татпаған, бар нәрсенің қадірін білмейді. Сондықтан аштық келмей тұрып, аш қалмаудың жолдарын балаларымызға, ағайын-туыс, дос жаран бәріне тегіс үйрету керекпіз. Демек күллі адамзаттың басына қара бұлыт үйіретін ысырапшылдықты жою үшін сананы тәлім-тәрбие, имандылық арқылы түзеуіміз қажет. Мұсылмандар Құран мен сүннеттегі осыншама ұстанымдарға құлақ түрсе, ысырапшылдықтың алды алынары сөзсіз. 
muftyat.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста