Үйіңізді шайтаннан қорғайтын екі аят
«Бақара» қасиетті Құранның екінші әрі ең үлкен сүресі. Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) Меккеден Мәдина қаласына көшіп келгеннен кейінгі түскен бірінші сүре болып саналады.
Имам Тирмизи Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар! «Бақара» сүресі оқылған үйге шайтан кірмейді», – деген.
Ал, Имам Даримий риуаят еткен хадисте Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Кім «Бақара» сүресінің он аятын басынан төрт аятты, аятул-күрси және одан кейінгі екі аят пен сүренің ең соңғы үш аятын түнде оқып жатса, сол түні сол үйге шайтан кірмейді», – деген. «Бақара» сүресін оқығанның осындай ерекше қасиеті бар.
Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) айтуы бойынша, Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім түнде Бақара сүресінің соңғы екі аятын (әмәнаррасулуды) оқыса ол оған жеткілікті» (Бұхари).
Әбу Зәррдың (р.а.) айтуы бойынша Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Бақара сүресінің соңғы аяттары маған Арштың астындағы қазынадан берілді. Олар маған дейін ешбір пайғамбарға берілген емес» (Ахмад).
«Хақ расул өзіне Раббысынан (Құран мен сүннетке) қалтқысыз иман келтірді, (маңайындағы) мүміндер де (иман келтірді). Олардың әрқайсысы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына толық иман келтіріп: «Біз Оның елшілерінің ешбірін бөліп-жармаймыз (бәріне бірдей сенеміз)», – деді. Сондай-ақ, олар: Біз (Раббымызға иман етуге үндейтін шақыруды) естідік және (үндеуге құлақ асып) қалтқысыз мойынсұндық. Уа, Раббымыз! Біз Сенің кең кешіріміңді тілейміз және түбінде Өзіңе қайтамыз», – деп айтты» (285-аят).
«(Сонда Алла тағала оларға: «Уа, мүмін құлдарым! Іштеріңдегі ниет-пиғылдарың мен ойлаған ойларың үшін-дағы жауапқа тартылатындықтарыңды есітіп, жабықсаңдар, біліп қойыңдар), Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді. Әркімнің істеген жақсылығы өз пайдасына және істеген жамандығы өз зиянына. (Сендер былай дұға етіңдер): «Уа, Раббымыз! Егер (Өзіңнің разылығыңа бөленеміз деп жүріп бір нәрсені) ұмытып кеткен немесе білмей қателік жасаған болсақ, сол үшін бізді жауапқа тарта гөрме! Уа, Раббымыз! Бізден бұрынғы үмбеттерге (уақыттың, сол кездегі жағдайдың талаптарына һәм олардың кейбір қылықтарына сай тәрбиелік мақсатта ауыр міндеттер) жүктегеніңдей бізге ондай ауыр міндеттер жүктей көрме! Уа, Раббымыз! Бізге шамамыз жетпейтін міндеттерді арта көрме! Күнәларымызды кешкейсің, бізді кешіргейсің және бізге жанашырлық танытып, мейіріміңе бөлегейсің! Сен біздің Иемізсің, қамқоршымыз әрі қорғанымызсың! Бізге мына кәпірлер қауымына қарсы (күресте) жәрдем беріп, жеңіске жеткізе гөр!» ( 286-аят).