Алла ұстаған оразамызды қабыл етсін.
1. Аузы берік кезде ұйықтап жатып шәуеті бөлінген кісінің оразасы бұзылмайды. Өйткені, бұл - оның ықтиярынсыз, өздігінен туындаған жағдай. Бірақ, намаз оқу үшін ғұсылдануы (шомылуы) шарт. Ұйықтап жатып ғұсылы бұзылуды «ихтиләм» дейді. Ондай күйге тап болған адамның оразасы бұзылмайтындығы жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Үш нәрсе оразаны бұзбайды: Қан алдыру (хижама), (еріксіз) құсу және ихтиләм»[1].
2. Бұнымен қоса мына нәрсені де айта кеткен жөн. «Ұлы сөздің ұяттығы жоқ», истимна[2] оразаны бұзады[3]. Рамазан айынан кейін қазасы өтелуі керек. Кәффарат оразасын өтеуді қажет етпейді. Алайда, бұл – ондай әрекетке жеңіл қараса болады деген сөз емес. Оразаны себепсіз әдейі бұзу - харам. Сондықтан да, аузы берік бола тұра әлгіндей әрекетке бару тек қаза ету үкімін тудырғанымен, оразаны әдейі бұзғаны үшін де күнә істеген болады[4].