Сахабалардың бәрі араб ұлтынан ба?
Ислам әлемдік дін ретінде түрлі ұлттардың басын қосып, үмбет деген түсініктің аясында бәрін ауызбіршілік пен татулықта ұстай білген. Алла елшісіне (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) тек Араб түбегінен емес, төменде жіктеп көрсетілгендей көрші елдердің адамдары да иман еткен.
Эфиопиялық сахабалар
Ардақты сахабалардың арасында түрлі ұлт өкілдерінен ең көп Эфиопиялықтарды білеміз. Көне атауымен айтқанда Хабаштықтарды. Тақырыпты зерттеушілер түбі Хабаштық 45 сахабаның атын атайды. Араларында кейбірі әйел кісілер. Хазірет Пайғамбардың күтушісі ретінде білетін Үмму Әйман Хабаштық әйел сахабалар арасында. Ол соңғы нәбидің өміріне жақыннан куә болған, балалық кезін көрген, хадистер риуаят еткен. Бұдан қоса, жұмақпен сүйіншіленген кісілер арасында. Бірақ ең әйгілісі ол әрине алғаш азан оқыған Біләл Хабаши. Біләл Хабаши құлдықта жүрген отбасының баласы ретінде Меккеде өмірге келді. Шамда қайтыс болды. Исламды алғаш қабылдағандардың қатарында түрлі қоқан-лоққыға тап болды. Бірақ сонда да бұл сенімнен бас тартпады. Пайғамбармен бірге хижрет етті. Ислам әскерінің ержүрек сарбазы бола білді. Негізінде Біләл Хабаши бұл жолда жалғыз емес еді. Түбі Хабаштық сахабалардың көпшілігі хазірет Біләлмен бір тағдырды бөлісті. Басым көпшілігінің отбасылары құл ретінде араб жағрапиясына әкелінген әрі соңғы елші арқылы санасы сәулеленді. Кейбір Асым әл-Хабаши, Бахира әр-Рахиб әл-Хабаши әш-Шами, Жуал әл-Хабаши, Дүрәйс әр-Рахиб, Әбраһа әл-Хабаши, Әбраһа ибн Сабах әл-Хабаши, Әнжаша әл-Хабаши есімдерді осылардың қатарында атап өтуге болады. Ұхыд соғысында өлтіру үшін Расулалланы аңдып, бірақ кейіннен иманға келген хазірет Уахши де Хабаш өңірінен.
Иудей тегінен шыққан сахабалар
Сахаба атына лайық болғандар арасында иудей тектілер де жоқ емес. «Араб емес сахабалар» атты зерттеуде иудей текті 43 сахабаның аты аталған. Абдуллаһ ибн Сәлам ибн әл-Исраили, Абдуррахман ибн Симак әл-Яхуди, Абдуррахман ибн Забир әл-Құрази, Абдулқұддус әл-Исраили, Али ибн Рифаға әл-Құрази иудей текті сахабалар арасында. Али ибн Рифаға әл-Құрази Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жары Сафия бинт Хуайдың нағашы ағасы болып келеді. Хазірет Пайғамбарды Мәдинаға хижреті кезінде көріп, иманға келген. Өзімен бірге жанындағы 10 кісінің де мұсылман болуына себепкер болған. Бірақ кейіннен иудейлер оны өздерінен шеттетеді. Абдуллаһ ибн Сәлам болса, арғы тегінде хазірет Жүсіптен тарайтын кісі. Хұсайын деген есімін Расулалла Абдуллаһ деп өзгерткен. Әкесі дін ғалымы болғандықтан, ұлын раввин ретінде тәрбиеледі. Абдуллаһ ибн Сәлам іштей Тәуратта сүйіншіленген пайғамбарды күтіп жүрді. Хижрет кезінде Адамзат Мақтаулысын көріп, сол мезет иманға келеді. Оның тағы бір ерекшелігі, Құдысты азат еткен уақытта хазірет Омарға (р.а.) серік болған. Кейінгі өмірінде хадис риуаят етуші ретінде танылған.
Парсы сахабалар
Хандақ соғысы кезінде ор қазу керектігі жайлы алғаш пікір білдірген, осы арқылы Мәдинаның аман қалуына себеп болған Сәлман Фариси – ирандық сахабалардың бірі. Бірақ одан тыс сол аймақтан хақ пайғамбарға сенім білдіріп, ардақты сахабалар арасына қосылғандар бар. Бірақ сандары өзгелерге қарағанда біршама аз. Зерттеушілер ирандық сахабалардан 17 кісінің атын атаған. Бұл кісілердің бірі әйел сахаба Әматул-Фарисия. Иранның Исфаһан қаласында туылған, бірақ күң болған. Мәдинада соңғы елшімен танысу мүмкіндігін иеленген. Тіпті Сәлман Фариси арқылы Алла елшісіне жету бақытын иеленген. Әбу Кабша әл-Фариси, Әбу Мансұр, Әбу Ұқба да аты белгілі ирандық сахабалар. Олардан Әбу Кабша әл-Фариси құл болған кезде Алла елшісі оны сатып алып, азат еткен. Әбу Ұқба болса Ұхыд соғысында мұсылмандардың жанынан табылған. Пайғамбарымызға 10 жыл қызмет еткен Сафина әл-Фарисидың да атын ұмытпайық. «Кеме» деген мағынаға келетін «Сафина» деген есімді оған Расулалланың өзі берген. Ол кісіден 14 хадистің риуаяты жеткен.
Тегі Қыбти сахабалар
Қыбтилар тарихта Мысырлық жергілікті халық ретінде өтеді. Қасиетті аймаққа жақын болуы себепті Қыбти халқынан да ардақты елшімен бірге болу бақытын иеленгендер шыққан. Сандары 8 ретінде білінеді. Есімдері кезегімен былай: Жабр ибн Абдуллаһ әл-Қыбти, Мағбур әл-Қыбти, Салих әл-Қыбти, Яқуб әл-Қыбти, Яқуб әл-Қыбти әл-Фыһри, Әбу Рафиғ әл-Қыбти, Мария бинт Шамғун әл-Қыбтия, Ширин әл-Қыбтия. Соңғы екеуі әйел сахаба.
Римдік сахабалар
Араб емес сахабалар арасында бізді таңғалдыратындары – Римдіктер. Аддас ән-Ниноуи, Бақум әр-Руми, Бақум әр-Руми ән-Нәжжар, Бәлғам әр-Руми, Жәбир әр-Руми, Әзрақ ибн Ұқба әр-Руми, Зиннура әр-Румия… Барлығы жеті кісі. Араларындағы соңғысы әйел сахаба исламмен Меккеде танысқан. Ол жерге күң ретінде келгендігі айтылады. Мұсылман болғаннан кейін атын Зүнайра деп өзгертеді. Ислам шақырғанда алғаш бетбұрғандар қатарында болуы тұрғысынан өзіндік маңызды орынға ие. Күң кезінде Әбу Жахилдың әңгір-таяғын көп көріп, соның кесірінен көзі соқыр болып қалған. Оны хазірет Әбу Бәкір азат етеді. Риуаяттар бойынша дұға еткенде, Алла оның көз жанарын қайта сауықтырған.
Аддас ән-Ниноуи болса, тарихи Нинова қаласында қаласында туылған сахаба. Ол да араб емес көптеген сахаба секілді құл ретінде қасиетті аймаққа келіп, исламды қабылдау бақытына осылай бөленген.
Бақум әр-Руми сауда кезінде ардақты расулды танып, мұсылмандықты қабылдаған.
Жәбир әр-Руми де құл кезінде исламмен танысқан, бірақ қожайынынан қорыққандықтан мұсылман екенін айта алмаған.
Бердібек Мәсенов
islam.kz