Сахабалар неліктен құл ұстады?
Ол дәуірлерде құлдың болуы, жеке қызметші ұстау әдеттегі жағдай еді. Жағдайы бар адамның азат қызметшісі немесе құлы болған. Сахабалардың арасында да дәулетті азаматтар болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Алайда, сахабалардың басқалардан айырмасы, олар дін талаптарына сәйкес қарамағындағы қызметшілерге, құлдарына әділ қарады. Себебі пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалары арқылы Исламдағы адам құқығын, кісі ақысын үйретіп отырды. Сонымен қатар пайғамбарға мүшриктердің қарсы шығуының себептерінің бірі де – Исламның құл құқығын қорғауы.
Мысалы, сахабалардан Мағрур былай деп әңгімелейді: Бір күні Әбу Зар мен оның қызметшісі Рибазамен кездесіп қалдым. Екеуінің үстінде бірдей киім еді. Таңырқауымды жасыра алмай себебін сұрадым.
Әбу Зар болған жайды баяндады:
«Бір кісімен жанжалдасып қалдық. Мен оның анасының қара нәсілді болғандығын бетіне бастым.
Пайғамбар (с.а.с.) бұл жағдайды естіп:
«Әй, Әбу Зар! Оны анасына қатысты мазақтапсың. Демек сенде әлі де жаһилият дәуірінің белгісі бар. Қызметші – Алланың сендерге берген нығметтерінің бірі. Кімнің жанында қызметшісі болса, оған жақсы қарасын, өзі жегенді оған да берсін, өзі кигенді оған да кидірсін. Оларға күші жетпейтін ауыр міндет артпаңдар. Ауыр міндет жүктеген жағдайда, жәрдем беріңдер»деп айтты», – деген (Бұһари).