Сәлафизмді Қазақстанға кімдер алып келді?
Елімізде "экстремизм", "терроризм", жат діни ағымдарға қатысты мәселе қозғалса, еліміздің батыс өңірі бірінші айтылады. Себебі сәлафи ағымын ұстанушылар осы өңірде белсенді әрекет етті. Ақтөбе, Атырау облыстарындағы жарылыс, әскери бөлімге шабуыл, атыстар жұртшылықтың зәресін ұшырды. Жалпы сәлафизм қанадай ағым? Қазақстанға, оның ішінде батыс өңірге қалай келді? Кім әкелді? Неліктен батыс аймақта белең алды?
Экспресс К тілшісі Ақтөбе өңіріндегі жат діни ағымдармен күрес жұмыстарының басы-қасында жүрген Нұр-Мүбарак университетінің облыстағы дайындық бөлімінің басшысы, республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, теолог Төлеген Талдыбаевпен сөйлесті.
Төлеген Талдыбаев / ©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА
"Жалпы экстремизм, терроризм туралы айтар болсақ, оның түрі көп. Қазақстанда діни экстремизм, терроризмге қатысты мәселелер 2005-2006 жылдары байқала бастады. Ол кезде мен студентпін. Мемлекет діни терроризм дегеннің не екенін білмейтін. Сондықтан университетте бұндай бағыт болған жоқ, жалпы дін туралы оқыдық. Мен 2008 жылы осы салаға келдім. Сол уақытта қоғамда аталған мәселелер енді көтеріле бастаған еді", — дейді теолог.
Төлеген Талдыбаевтың айтуынша, салафиттік ағым сенім ретінде негізі сегізінші ғасырда қаланған. Кейін ХVII-XVIII-XVIIII ғасырда сенімнің саясилануына Мұхмаммед ибн Абдул Уәһһаб ықпал етті.
"Бұл кісінің жазған еңбектері бар. Соның ішінде Осман империясынан Хиджазды бөліп алып, мемлекет құру үшін идеология қалыптастырған. Оның қарасы түру, адам өлтіру, күресуге бағытталған "Дурару Сәния" деген кітабы бар. Бұл ағымның атауы ғасырлар ауысқан сайын өзгеріп отырады. Мәселен, бір ғасырда пайда болады, күшейеді. Оны тоқтатады. 200-300 жыл үнсіз қалады. Кейін тағы лидер шығып көтеріледі, басқа атаумен пайда болады. Осылайша бір ғасырларда хараджия, уахабия болса, қазіргі таңда сәлафилік ағым деп аталады. Атаулары әр түрлі болғанымен барлығының мағынасы мен ұстанымы бір", — дейді теолог.
"Сәлафилік" деген атауды сырттан ешкім қоймаған. Өздері осылай айтады. Бұл термин "алғашқылар" деген мағынаны білдіреді. "Сәлаф" деп Пайғамбарлардың сахабалары, одан кейінгі үш ұрпақты айтады. Қазіргі таңда осы көзқарасты ұстанушылар "сол дәуірдегілердің түсінігіммен жүреміз" дейді. Бұл топтан ислам ешқашан пайда көрмеген. Мақсаты — ғалымдарды өлтіру, исламның ішінен бүлік шығару.
Бұлар ешқашан сыртпен күреспеген, мұсылманнан басқа жауы жоқ. Барған жерінде мұсылманның билгі, имамы, ғалымдарымен ғана күреседі. Бірақ өздерін "мұсылманбыз" деп намаз оқиды. Сондықтан бұларды қаржыландыру еуропалық мемлекеттерге ыңғайлы болды — дейді теолог.
Салафизм Қазақстанға қалай келді?
"Бұл идеологиялардың елімізге арнайы жоспарлы түрде келді деп айту қиын. Бірақ неге белең алды десеңіз,Тәуелсіздіктен кейін биліктің ішінен осы азаматтарды қолдайтын, қорғайтын Сауд Арабиясымен тікелей қарым-қатынас жасайтын элита пайда болды. 2000-шы жылдардан кейін осы көзқарастағылар сондай арнаулы адамдардың қолтығының астына кірді де осы кезге шейін өмір сүрді", — дейді Төлеген Талдыбаев.
Тәуелсіздік алғанан кейін елімізде дұрыс діни әңгіме айтатын адам болмаған. "Әу" дегеннің бәрін имам қылып сайлады. "Дінімізбен қауышу керек" деген желеумен азаматтарды саналы және санасыз түрде шетелге оқуға жіберді. Олар әр түрлі елде оқыды. Төлеген Талдыбаевтың айтуынша, олар дәстүрлі діннен бөлек, басқа да дүниетанымды, сыңаржақ түсніктерді әкеліп, насихаттай бастады. "Жаңарамыз" деді. Осылайша қазақты тарихынан бастап түбегейлі өзгертуге үлкен жұмыс жүрді.
Кеңес үкіметінен шыққан адамдардың көпшілігінің діннен хабары жоқ. Әлі күнге дейін солай. Қазір кез келген билікте отырған адамға дін туралы айтсаң, қашады.
Олардың түсінігінде дін — Құдаймен арадағы қатынас. Әркім қажетін Құдайдан сұрайды, бұған мемлекеттің қатысы жоқ, араласып не істейді деп түсінді. 2002 жылдары Түркістанда Хизб ут Тахрир ұйымының мүшелері ұсталғанан кейін ғана ояна бастады, — дейді Төлеген Талдыбаев.
Неліктен салафизм батыс өңірде белең алды?
Төлеген Талдыбаевтың айтуынша, Ақтөбе өңірінде алғашқы қылмыстық істер 2009-2010 жылдары жүргізілген. 2009 жылы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының маңындағы спирт зауытын жарып жіберуге талпынған бір топ азамат ұсталған. Олар сол жердегі күзетке қарсы шығып, қаруларын тартып алған. Тіпті далалық аймақта оқу-жаттығу өткізуді жоспарлапты.
© DPA
Өңірдегі экстремизмге қатысты мәселелер Темір, Мұғалжар аудандарының айналасынан басталды деп ойлаймын. 2009 жылдың жазында министрліктен діни ғибадатханалардың құрылтай құжаттарын қалпына келтіру туралы тапсырма келді, — дейді теолог.
Төлеген Талдыбаев тапсырма бойынша облыстағы мешіт, шіркеулердің барлығын аралайды. Сол кезде бірінші рет Темір ауданындағы Шұбарши мешітінен жат діни ағымды ұстанушыларға ұқсайтын азаматтарды көреді. Ол уақытта олар ештеңені жасырмайды, ойларын ашық айтатын.
Әлеуметтік желіден
Тіпті сол жердегі жас балалар экстремизм, терроризм дегеннің не екенін өздері де қатты түсініп, сезінбейтіндей көрінді. Себебі біз де оның қаншалықты қауіпті екенін сезінген жоқпыз. Жастардың ауызынан осындай сөздерді сол кезде ести бастадым, — дейді Төлеген Талдыбаев.
Мұнайлы аймақтарды аралаған сайын діни ахуалдың күрделеніп бара жатқанына көз жетті. Мұғалжар ауданына жасаған сапар кезінде Жаңажол вахталық кентіндегі намазхананың терезесінің алдынан, ақ параққа орыс тілінде жазылған діни материалдарды көреді. Бұл Ресейдегі, Шешенстан мен Кавказдағы қақтығыстардың діни сипат алып, Қазақстанның да азаматтары сол жаққа кетуге әрекеттеніп жатқан кез еді.
"Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге парақшаларды алып кеттік. Оларда түрлі ақпарат жазылған. Мәселен, "үй жағдайында бомбаны қалай жасау керек" деген секілді мәліметтер бар. Мәселенің күрделі екенін облыс әкімінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс деген кеңесте көтердік. Төрағасы — облыс әкімі. Ол кезде өңірді Елеусін Сағындықов басқарды. Бірақ мен сол жерде жұмыс жасағалы бірде бір рет әкімнің қатысуымен кеңес өткенін көрмедім", — дейді Төлеген Талдыбаев.
© AP
Осыдан кейін құқық қорғау органдары тарапынан бұның қылмыс екені анықталады. Топ құрылып, имамдармен бірге жергілікті жердің жамағатымен кездесулер өтеді. Осылайша аталған аудандарда діни мәселенің бар екені ресми түрде бекітіледі. Проблеманың қайдан, қалай шыққаны зерттеле бастайды.
"Ақтөбедегі діни ахуалдың бұлай бағыт алуы Атырау қаласы Әттақуа мешітіндегі Халил Абдужаппаров уағызының әсерінен деген тұжырымға келдік. Халил — еліміздің азаматы, оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, өзге ұлт өкілі. Біраз уақыт сол мешітте қызмет жасаған. Кейін сыңаржақ діни көзқарасы үшін мешіттен аластатылды. Ол Сауд Арабиясына кетті. Халықаралық іздеу жарияланды. Халил сол жерде отырып-ақ Қазастанға уағыз жүргізді. 2016-2017 жылдары Сауд Арабиясында Король ауысты. Жаңа тақ илері зайырлы көзқарасты ұстана бастады. Елдегі жат ағымды ұстанушылар сыртқа шығарылды. Халил осыған ілікті ме, әлде еліміз тарапынан әрекет жасалды ма, қысқаша айтқанда ол елге қайтарылды. Қазіргі таңда Халил Қызылорда облысындағы 5-ші түрмеде отыр", — дейді теолог.
Осылайша еліміздің батыс өңіріне жат діни ағымды Халил алып келсе, Саид Бурятский секілділер шоқты одан сайын үрлей түсті. Тіпті "дін үшін соғысуға" Кавказға аттанғандар болды. Жат ағымды насихаттаушылар бұнымен тоқтаған жоқ.
Pixabay
Ақтөбеде 2011 жылы ҰҚК облыстық ғимаратының алдында өзін өзі жарып жіберу оқиғасы тіркелсе, сол жылы Темір ауданында полиция мен қарулы топтың арасында қақтығыс болды. Шұбарши, Саркөл, Кеңкияқ ауылдарында екі полицияны өлтіргендерге қарсы бір ай бойы операция жүрді. Ал бес жылдан кейін жат діни ағымды ұстанушы қарулы топ әскери бөлім мен қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасады.
Осындай оқиғалар батыс өңірде жат діни ағымды ұстанушылар көп деген түсінік қалыптастырды.
"Сан жағынан алатын болсақ, салафиттердің көбі еліміздің оңтүстігінде шоғырланған. Қазақстандағы уағыздаушылардың барлығы Ділмұрат, Назратулла, Халил, Дарын, яғни барлығы оңтүстік өңірден. Терроризмнің идеясын солар алып келеді, батыста ұйымдастырылады. Батыс өңірдің халқының табиғаты қызу қанды. Олар ойын ашық айтады. Бірден іске көшеді. Ал оңтүстік өңірдің халқының мінезі жұмсақ. Кез келгенмен ымыраға келеді. Мен түрмедегі экстремизм, терроризим бабы бойынша сотталған азаматтармен жұмыс жасадым. Байқағаным, олар осы ісін абырой көреді. Ашық айтпаса да іштей разы болады. "Осы істің алдыңғы қатарында жүрміз, қалғандары бізге қарағанда әлсіз" деген түсініктер бар", — дейді теолог.