Ризық қалай келеді?
Адам бұл дүниеде мал-дүниеден мұқтажсыздықта өмір сүре алмайды. Себебі, ол тәнін азықтандыруы, мүшелері сау бола тұра өзгелерден қол жайып ештеңе сұрамауы қажет. Екінші жағынан, ислам адамды мал-мүлікті болудан тоспайды, керісінше, бай әрі қабілетті, күшті болуы үшін көптеген оңай жолдарды көрсетіп береді. Соның кейбірі төменде...
1. Әрдайым истиғфар жасап, тәубе ету.
Алладан кешірім сұрап, тәубе етуші адамның ризығы артып, дүниесіне береке бітеді әрі ол адамның перзенті болмаса, Алла оған перзент береді.
Бірде Хасан әл-Басриге бір диxаншы келіп жерінің құнарсыз әрі өнімсіздігіне шағымданады. Сонда ол кісі «Алладан кешірім сұра» деп насиxат айтады.
Келесі кісі өзінің кедейлігін айтып шағымданады. Хасан әл-Басри оған да «Алладан кешірім сұра» дейді. Үшінші кісі өзінің перзентсіз екенін айтып шағым түсіреді. Сонда ғалым оған да: «Алладан кешірім сұра» дейді де артынан «Нұx» сүресінің мына аяттарын оқиды: «...Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол-көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді, сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды...» («Нұx» сүресі,10-12 аяттар). (Фатх аль-Бари)
2. Тәуекел ету
Тәуекел – белгілі бір мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті заттық және рухани барлық себеп-салдарды орындағаннан кейін нәтижесін Аллаға тапсыру, күту. Яғни, адам белгілі бір істі бастағанда өзіне ғана сеніп кетпей, «Я, Құдіретті Алла! Міне, мен қолымнан келген әрекетті жасадым, ендігі нәтиже сенің қолыңда, сен сәттілік берсең, ісім оңға баспақ» деп, Аллаға тапсыруы тиіс: «...Ал кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші...»(«Талақ» сүресі, 3-аят).
Көпшілік адамдар нәтиженің Алладан екенін ұмытып, өзінің қабілетіне немесе бай туысының абыройына немесе ақшаға сеніп жіберуі мүмкін. Ал бұл ол істің орта жолда қалып қоюына себеп болатын ауыр күнә.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді, таңертең аш кетіп кешке қарындары тойып қайтатын құстарды қалай ризықтандырады, сендерді де солай ризықтандырар еді» (Тирмизи).
Сондықтан, мұсылман дұрыс тәуекел етуді үйренуі қажет, ақылсыз торғайды ризықтандырған Алланың адамды қамтамасыз ете алмауы ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?
3. Аллаға құлшылық ету.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың сөзін жеткізіп: «Ей, адам, маған құлшылық етуге уақыт бөл. Мен сенің жүрегіңді байлыққа толтырып, сені кедейліктен сақтаймын. Ал егер бұны жасамасаң, жұмысыңды көбейтемін де, сені кедейліктен құтқармаймын» (Тирмизи).
Шын мәнінде, ризық беруші – Алла. Ақша мен байлықты Өзі қалай берсе, тура солай алып та қоя алады.
4. Қажылық пен умраны көбейту.
«Қажылық пен умраны көбейтіңдер, себебі, екеуі кедейлікті кетіреді және темірден татты кетіргендей күнәні жояды» делінген хадисте.
5. Туысқандармен көркем қатынас жасау.
Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімді ризығының кеңейтілуі немесе өмірінің ұзартылуы қуантса, ол туыстарымен қатыссын» деп айтқанын естідім» деген. (Бұхари)
Бұл хадистің мазмұны Құранда келген: «Сол мерзімі келген кезде, олар бір сәт кешікпейді де, ілгерілемейді» («Ағраф» сүресі, 44-аят) деген аят мағынасына да, адам ұрығы қалыптаса бастағаннан жүз жиырма күн өткен соң періште келіп, оған жан кіргізетіні және оның ризығы мен өмір жасын жазатыны айтылған хадиске де қайшы келмейді. Тәпсірлердің бірінде, жоғарыда келтірілген аятта Алланың білімі туралы айтылғаны көрсетілген, ал, хадисте адамның ең аз ғұмырын жазушы періштеге белгілі нәрсе туралы айтылған. Сонымен, мысалы: кісі жақындармен туыстық қатынас жасамаған жағдайда оған алпыс жыл өмір сүру жазылса, ал туыстық қатынасын үзбеген жағдайда оның өмір жасы ұзартылуы мүмкін. Бұл айтылған адамның ризығына да қатысты. Әркімнің ризығы мен өмір жасы Алла Тағалаға әу бастан-ақ белгілі. Сонымен қатар Құран: «Алла қалағанын өшіреді де, (қалағанын) бекітеді. Негізгі кітап* Оның қасында» («Рағыд» сүресі, 39-аят) дейді.
6. Алла жолында мал-мүлік жұмсау.
«Ақиқатында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының (ризығын) шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәба» сүресі, 39-аят).
«Алланың құлдарының оянатын әр-бір күні, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Я, Алла (Сенің жолыңда қайырымдылық етіп, садақа) берушіге, несібеңді арттыр!», - десе, екіншісі: «Я, Алла, сараңды опат қыл!» дейді (Бұхари).
Асыл арна