Рамазан айы тамақты аста-төк ысырап ететін ай емес
Көпшілігіміз үшін Рамазан өз рухани мағынасын жоғалтып, құлшылықтың орнына механикалық жаттығуға айналды. Тірі өлік құсап таң атқаннан кеш батқанша ауыз бекітеміз, өйткені айналамыздағылардың бәрі де ауыз бекітеді. Бұл біздің жүрегіміз бен жанымызды зұлымдық пен күнәлардан тазарту уақыты екенін ұмытып кетеміз. Дұға жасауды ұмытамыз, Алладан біздің күнәларымызды кешіруін сұрауды ұмытамыз, Одан бізді Тозақ отынан сақтауын сұрауды ұмытамыз. Ия, біз ішіп-жеуден тыйыламыз, бірақ біздің бар жасайтынымыз осы ғана. Кәне, Рамазандағы кеңінен таралған қателіктерді қарастырып көрейікші.
Ішіп-жеу туралы көп алаң болу
Кейбір адамдар үшін Рамазан тек тамақ төңірегінде ғана шектеледі. Олар құлшылыққа, Құранның оқылуына және басқа да құлшылық түрлеріне көңіл бөлгеннің орнына КҮНІ БОЙЫ мәзір дайындаумен, тағамдар сатып алумен, ас әзірлеумен, тамақты ойлаумен өткізеді. Олардың бар ойлайтыны тек ТАМАҚ, сондықтан да Рамазан айын мол тамақ айына айналдырады.
«Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді» (7, 31).
Әсіресе кейбір қарапайым әйелдердің ауыз ашарға тамақ жасап кірісіп кететіндері сондай, оларда тіпті құптан намазын оқымақ тұрмақ, Тарауық намаздарына, тәхажудке немесе Құран оқуға әлдері жетпей қалады. Бұл мейірімділік пен кешірім айы, сондықтан да пештеріңізді азайтып, имандарыңызды көбейтіңіздер!
Шамадан тыс тамақтану
Кейбір адамдар сәресіде әбден тойғандарынша жейді, осылай тамақтанса, оларға күндіз қарындары ашпайтындай болып көрінеді, ал ауыз ашарда бұл олардың соңғы ауқаттары сияқты тамақтанады, күндізгі ішіп-жемегендерінің орнын осылай толтырмақ болады. Алайда бұндай әрекет Сүннетке қарама-қайшы келеді. Бәріне де ұстамдылық қажет.
Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деген:«Расында Адам баласы асқазанынан асқан ең жаман ыдысты толтырған емес! Бойына күш-қуат жинау үшін оған аз ғана тамақтың өзі жеткілікті, ал егер одан көп тамақ жеу қажетілігі туындаған болса, асқазанының үштен бірін тамақа, үштен бірін - суға, және тағы үштен бірін еркін тыныс алуға арнасын». (Әт-Тирмизи, 2380)
Шамадан тыс тамақ міндетті және қалаулы құлшылықтардан адамның көңілін бөледі әрі жүрегіне бейқамдық орнатады. Егер сіз өз тәбетіңізді ауыз ашар кезінде де бақылай алсаңыз, онда сіздің оразаңыздың зая кетпегені. Тойып жеу сізді жалқау етеді әрі Тарауық намазын оқуға кедергі келтіреді.
Күндіз бойғы ұйқы
Кейбір адамдар оразаның күнін (немесе көп бөлігін) ұйықтаумен өткізеді. Осы игілікті айда бізден ұйқы талап етілуші ме еді? Бар уақыттарын ұйқыда өткізумен бұл адамдар Рамазанның басты мақсатын жіберіп алды, өйткені олар жеңілдік пен оңайылыққа талпынудың құлдары болып қалады. Олар ұйықтайды, өйткені аштыққа біраз да болса шыдамайды және байсалдылық таныта алмайды. Ораза ұстап жүргенге күнінің көп бөлігін ұйқыда өткізу бұл немқұрайлылық болып табылады.
Уақытты бос өткізу
Рамазан айының уақыты – бұл үлкен құндылық, көзді ашып-жұмғанша, тағы да бір мейірімділік пен кешірім айы өтіп кетеді. Сондықтан да бұл айдың әрбір минутын Аллаға құлшылық қылып және көбірек оның игілігін алуға тырысу керек. Дегенмен, кейбіреулеріміз күні бойы бейнеойындар ойнап немесе одан да жаманы музыка тыңдап және фильмдер мен күмәнді бағдарламалар көрумен өткіземіз. СубханАлла! Алланың айтқанын орындамасаң, Оның разылығын ала алмайсың!
Ораза ұстап, бірақ тыйым салынғаннан тыйылмау
Көпшілігіміз ораза ұстаймыз, алайда өсектен, ұрсысудан, бәдік сөздерден, реніштен және тағы басқалардан тыйылмайды. Ал қалғандары мүлде тыйым салыңған дүниелермен айналысады — ішімдік сатады, азғындыққа беріледі және тағы да басқалары. Бұның мәні бұл дүниелерді қысқартуда емес пе?
Құранда былай айтылады: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар» (2, 183).
Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) айтқан: « Егер сендердің біреулерің өтірік айту мен басқа да надандықтың дүниелерін жасауды қысқартпаса, онда Аллаға оның ішіп-жеуден тыйылуы қажет емес»(Бухари).
Сәресіге немқұрайлы қарау
Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай айтқан:«Сәресіде ішіп-жеңдер, өйткені онда береке бар» (Бухари, Муслим).
Тағы да ол былай деген:
«Сендердің оразаларың (біздің қауымға берілген) мен Кітап адамдарының оразасының айырмашылығы сәресіде (таң атып келе жатқан уақыттағы) жейтін тамақта ғана» (Муслим).
Сәресіге ұйықтап қалып, ораза ұстамау
Кейбір адамдар сәресіге ұйықтап қалса, ораза ұстауға қорқады. Алайда, бұл қорқақтық және оңай өмірге деген бейімділік болып табылады. Егер сіз тіпті біраз тамақты артық жемей қалсаңыз, онда тұрған не бар? Сіз одан өліп қалмайсыз, сіздің санаңыз, сіздің тәніңізден басым болсын. Есіңізде ұстаңыз, Аллаға деген үміт пен сенім бәрін де жеңіп шығады.
Азан шақырылған соң, ақшам намазының уақыты шыққанша ішіп-жеуді жалғастыру
Кейбір адамдар ауыздарын ашқанда тарелкелеріне мол тамақ салып алып, ішіп-жеулерін жалғастыра береді, жалғастыра береді, солай ақшам намазының уақыты да шығып кетеді. Анығында, бұл дұрыс емес. Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Сүннеті ауызды ашқанда су ішіп, бірнеше құрма жеп бірден ақшам намазын оқу болып табылады. Құлшылық жасап болған соң, келіп қалауыңызша қанша жеймін десеңіз сонша жеңіз. Осыны тексеріп көріңізші, сіз құлшылық жасап жатқанда жеген сіздің бірнеше құрмаңыз денеңізге күш береді, сондықтан да қайта келгенде, сіз аштықты сондай сезбейтін боласыз. СубханАлла, бұл Сүннет.
Дұға қабылдануының алтын мүмкіндігін жіберіп алу
Ораза ұстап жүрген адамның дұғасы аузын ашқан кезде қабылданатыны белгілі.
Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) айтқан: «Үш адамның дұғасы кері қайтарылмайды: әкенің дұғасы (балалары үшін), ораза ұстаған адамның дұғасы (ол аузын ашқан кезде) және жолаушының дұғасы» (Бухари).
Осы қымбат уақытта отырып дұға қылудың орнына, көптеген адамдар өз мүмкіндіктерін жіберіп алады, ас дайындаумен, бос әңгіме құрумен, тамақ ішумен, тарелкелері мен тостағандарын толтырулармен айналысад... Күнәлардың кешірілуі мен құлшылықтардың орындалуынан тамақ маңызды болғаны ма? Ауыз ашардан бұрын 5 минут өз қажеттіліктеріңізді айтып шын жүректен Аллаға бет бұрыңыз, әрине, өзге де мұсылмандардың қажеттіліктері туралы ұмытпаңыз.
Ораза ұстап, бірақ намаз оқымау
Көптеген адамдар ораза ұстайды, бірақ бес уақытқы парыз намазды, әсіресе сәресіден кейінгі таң намазын оқымайды. Бұндай жалқаулықты қою керек. Бес уақыт намазды оқу, ораза ұстау сияқты парыз. Егер сіз намаз оқудан әдейі қашатын болсаңыз, онда сіздің оразаңыздың қабыл болу мүмкіндігі қандай?
Құранға деген немқұрайлылық
Осы Рамазанда сіздің Құраныңыздың сөреде шаң басып тұрмағанына көз жеткізіңіз. Біз келесі деңгейге көтерілуіміз керек. Арабша дұрыс оқи алмасаңыз, онда оқуыңызды жақсартыңыз. Егер арабша білмесеңіз, онда Құранның аудармалары мен тәпсірін оқыңыз. Күнделікті тіпті екі аяттан оқып бастаңыз — сіздің иманыңыз көтерілген сайын, одан да көп аяттарды оқи алатын боласыз. Сіздерге жиырма қысқа сүрені алып, соларды жаттауға: оқуға, қайталауға, аудармасын оқуға, олар жөнінде ғалымдардың айтқандарын оқуға кеңес берер едім.
Жұмыс не емтихан салдарынан оразаны жіберіп алу
Емтихан мен жұмыс адамға оразаны жіберіп алуға мүмкіндік бермейді. Егер сіз өзіңіздің діни міндеттеріңізді орындасаңыз, Алла еңбегіңізді жеңілдетіп, жасап жатқан ісіңізге көмек береді.
«… Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады. Сөзсіз Алла Өз бұйрығын атқарады. Расында Алла, әр нәрсеге бір өлшеу қойған» (65, 3).
Әлеуметтік желілерде отырып алу
Бәріміз де азды-көпті болсын уақытымызды әлеуметтік желілерде өткіземіз (Twitter, Facebook, Instagram немесе WhatsApp сияқты). Бірақ Рамазан айында оларда отыруларыңызды мүлде тоқтатпасаңыз да, өткізетін уақыттарыңызды қысқартуға тырысыңыздар.
Ораза мен диетаны араластыру
Ораза ұстаудың өзіндік жеке мақсаты бар. Әрине, адам өзін ораза ұстауға итермелеуі мүмкін, ораза оған арықтауға және салауатты өмір сүруге көмектеседі деп санап, бірақ егер сіз тек осы мақсатпен (диета, арықтау) ғана ораза ұстасаңыз, онда бұл құлшылықтың мақсатына қайшы келеді.
Етекір кезінде әйелдер құлшылық қарқындылығын төмендетеді
Қарындастар, етекір кезінде уақыттарыңды босқа өткізбеңдер. Құран тыңдаңдар, зікір, салауат айтыңдар. Осы уақытта жақсылық пен жомарттық көрсетіңдер, ауыз ашарға көмектесіңдер немесе ауызашарды өзіңіз жасаңыз. Бұл жақсы істеріңіз үшін Алладан мол сауап аласыз, ин ша Алла.
Итикаф мүмкіндігін жібермеңіз
Егер сізде Рамазанның қалған он күнін итикафта өткізу мүмкіндігі болса, оны жіберіп алмаңыз. Бұл құлшылық түрінің әсері зор. Алайда, егер сіз осы күндерді мешітте өткізер болсаңыз, онда бұл достарыңызбен араласып, телефоннан жаңалықтар қарап немесе журналдар оқып өткізу дегенді білдірмейді. Мешіттегі басқа бауырларыңызбен бірігіп осы уақытқа кесте құрып алыңыздар. Егер сізде әрекет ету жоспары болса, сіз жалықпайсыз, өйткені әр уақытта не істеу керектігін білетін боласыз.
Рамазанның 27-ші түнін ғана құлшылықта өткізу
Кейбір адамдар 27-ші түнді ғана құлшылықта өткізеді, басқа тақ түндерді елемей, дегенмен Қасиетті Қадір түнінің дәл күні бізге белгісіз. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Қасиетті Қадір түнін Рамазанның соңғы он күніндегі тақ он түндерден іздеңдер», - деген. (Бухари, Муслим). Көптеген ғалымдар жазғандай, мүмкін бұл түн расымен де 27-ші күніне дәл келер, алайда бізге оны Рамазанның соңғы әрбір он түнінде күту ұйғарылған.
Әбу Хурайрдан (оған Алла разы болсын) жеткен, Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) айтқан екен: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен ораза ұстап, Алланың кешірімінен үміт етсе, Алла оның барлық өткен күнәларын кешіреді; кімде-кім Қасиетті Қадір түнінде шынайы сеніммен құлшылық етіп, Алланың беретін сыйына үміт артса, онда оның барлық алдыңғы күнәлары кешіріледі».
Сондай-ақ, Алланың жомарттығын шектемеу керек. Егер ОЛ қаласа, ОЛ сізге 200 жыл бойына сауап береді. Бұл Алла Тағаланың кемеңгерлігі, жазмыш Түнінің дәл қай түнге келерін біз білмейміз, сондықтан да, егер сіз жазмыш Түнін жіберіп алсаңыз да біліңіз, Алла — бәрінің қайнар көзі, егер ОЛ қаласа, бұл түннің сыйын сіз басқа уақытта да ала аласыз.
Рамазанның соңғы күндерін Ораза айт мейрамына дайындалуға жіберу
Кейбір адамдар Рамазанның соңғы күндерін Ораза айт мейрамына дайындалуға жібереді, тағамдар сатып алу үшін сауда орталықтарына барады, сөйтіп намаздарын қаза қылады әрі Рамазанның соңындағы құлшылықтарына немқұрайлы қарайды, әсіресе оларды Тозақ отынан, азаптан құтқаруды сұрауларына немқұрайлы болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Рамазанның соңғы күндерінде құлшылығын күшейтіп, жалбарына Аллаға сыйынған, бірақ дүкендерге барған емес. Жақсы киініп және қонақтарына жақсы қарау бұл да Сүннет, алайда, осы игілікті айдың соңғы күндерін бұндай дүниелерге жұмсауға болмайды.
Аишадан (оған Алла разы болсын) келген: «Рамазанның соңғы күндері басталғанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) белбеуін бекем байлайтын (яғни өз құлшылығын күшейтіп, әйелдерімен жақындасудан тыйылатын), түні бойы ұйықтамай, отбасын оятатын». (Бухари, Муслим).
Әли ибн Әбу Тәлібтен (оған Алла разы болсын) жеткен: «Мен сұрадым: «О, Алла Елшісі, бұл айдағы ең жақсы амалдарға не жатады?» Ол былай деп жауап берді: «О, Әбу Хасан, бұл ай бойындағы ең жақсы амалдар — бұл Алла тыйым салғаннан бойыңды алшақ ұстау».
Бәрімізге де осындай қателіктерден ада болуға Алла жар болсын!
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz