Дінтанушы әрі имам Нұрлан қажы Байжігітұлы бүкіл әлемді жайлаған індет – коронавирусқа қатысты ойымен бөлісіп, вирустың кең таралуы салдарынан дүрбелеңге салынған халықты сабырға шақырды. Қажының айтуынша, осындай қиын сәттерде бүкіл халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өз ынтымағын көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, ол қиын кезеңде медициналық маска бағасын өсіріп, дүкеннен қап-қап тамақ алып, инфекция жұқтырмау үшін имамға дем салдырып жатқан адамдарды сынға алды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Әрбір нәрсе Алланың қалауымен болады. Бұл індет те бізге Алланың жіберген сынағы. Осындай сынақ кезінде біздің қандай ел екеніміз көрінеді. Ең алдымен халықтың ауызбіршілігі, ынтымағы қажет.
Дүрбелеңге салып, ел арасында үрей тудырмау қажет. Себебі, бұл – шариғат талабы. Ел арасына ірікті салу дінде де, күнделікті тұрмыста да жақсы емес. Ал ірі дүкендерде ұзын-сонар кезекке тұрып, азық-түлікті қап-қабымен алып жатқан ағайындыкі де күнә.
Бұл – біреудің ақысын жеу. Біреу тамақты көп алып, екіншісінің аш қалып жатқаны суға батып бара жатқан адамды құтқармағанмен бірдей. Мұсылман баласы өзінен басқаларды да ойлауы тиіс", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.
Имамның айтуынша, қазіргідей қысылтаяң шақта қажетті заттардың бағасын көтеріп жіберу де күнә.
"Кәдімгі күндері 15-20 теңге тұратын медициналық маскалар 150-200 теңге аралығында сатылып жатыр. Бұл – арамдық. Дінімізде мұны ихтикар деп атайды.
Біреу қиналып жатқанда соның үстінен пайда көремін, табыс табамын деу – бекер. Себебі, бағаны өсіріп сату – ауыр күнәлардың қатарында.
Мұсылмандар бір-бірімен бауырмал болған. Сондықтан, арамдыққа жеткізбеу керек. Ата-бабамыздың басынан талай індет, талай нәубет өтті.
Сонау қиын замандарда қазақтың қарапайым жанұясы шеттен қысым көріп, елге келгендерге құшағын ашты. Үйлерінде бір күлше болса, соны баласына да, басқаға да жеткізді. Бұл – пейілдің кеңдігі.
Ал біз қазір қап-қап ұнды жеткізе алмай жатырмыз! Ашкөздік бұл. Қазақта мұны "араны ашылған" деп айтады. «Мен өлмесем екен, мен тірі қалсам екен» деген ойдан туған әрекет", - деді имам.
Сондай-ақ, Нұрлан қажы коронавирустан сақтану үшін имамдарға дем салдырып жүрген азаматтарға да өз кеңесін айтты.
"Әрине, егер тіл өтіп, көз тисе, біреудің екпіні өткенде дем салдырған дұрыс. Бұл рухына демеу де болады. Бірақ инфекциялық, вирустық аурулар кезінде дем салдыру – соқырлық.
Мұндай кезде дәрігерге көріну қажет. Ал дәрігерге апармай, молдаға көрсетуден әлгі адам өліп кететін болса, Алла алдында бәрі де жауап береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерде адамдарға дем салуға тыйым салды. Осыны ұмытпаған жөн.
Қазіргі сәтте біз мешіттерді залалсыздандырып, жұма намазына қатысты жайттарды ескертіп жатырмыз. Үнемі дұғадамыз, мал сойып, құрбандық беріп жатырмыз. Бұл бізге үлкен сабақ болды. Осы сынақтан аман-есен, ауызбіршілікпен өтелік", - деді дінтанушы.