ҚАДІР ТҮНІ ОҚЫЛАТЫН НАМАЗ
Қадір түнінің намазы қалай оқылады?
Менің білгім келгені, Қадір түнінің намазы қалай оқылады және қай уақытта оқылады?
Асылбек, Алматы қаласы
Қадір түнінің намазы Құптан намазынан кейін, Үтір уәжіп намазынан соң, таң ағарғанға дейін оқуға болады. Қадір түнінің намазы 2 рәкаттан 12 рәкатқа дейін оқылады, намазда Фатиха және Қадір сүрелері оқылады. «Қадір түнінің намазына қалай ниет етіледі?» деген сұраққа келсек, Ниет: «Алла тағаланың ризалығы үшін ниет еттім Қадыр түнінің құрметіне осы намазды өтеуге, Аллаһу әкбар» құлақ қағып, ниет еткен жөн.
Қадір түнінің намазының оқылуы
1. рәкатта: 1 фатиха, 3 қадір сүресі оқылады.
2. рәкатта: 1 фатиха, 3 ықылас сүресі оқылады.
3. рәкатта: 1 фатиха, 3 қадір сүресі оқылады.
4. рәкатта: 1 фатиха, 3 ықылас сүресі оқылады.
Намаздан соң, екі жаққа сәлем бергеннен кейін 11 рет
«Аллаху әкбар, Аллаху әкбар, Лә илләху уаллаху әкбар Аллаху әкбар уәлилләхи хамд» деп айтылады.
Ең соңында 100 рет Инширах сүресі, 100 рет Қадір сүресі оқылады.
Қадір сүресін білмегендерге онын орнына Кәусәр сүресін оқуға болады.
Қадір сүресінің оқылуы:
Бисмилләһир рахмәнир рахим. Иннә әңзәлнәһу фи ләйләтил қадыр. Уә мә әдракә мә ләйләтул қадыр. Ләйләтул қадри хайрум минәл фи шәһр. Тәнәззәлул мәләикәту уәр руху фи һә биизни раббиһим мин кулли әмр. Сәләмун һиә хатта мәт ләғил фәжр.
Қадір сүресінің мағынасы:
«1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады».
Айта кетейік, Қадір түнінің намазынан бөлек бұл түні нәпіл және қаза намаздарын оқып, Аллаға тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген. Пайхамбарымыз (с.ғ.с.): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни» деп дұға етуге кеңес берген. Оның қазақша мағынасы – «Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!».