Қабірде қандай сұрақ қойылады?
Қабір ішінде Мункар мен Накир деп аталатын екі періште мәйітті сұрақтың астына алатынын хақ деп білу қажет. Бұл туралы хазірет Әбу Хурайра (р.а) келтірген мынау хадисте ашық баяндалған. Онда Расулла (с.ғ.с) былай деген: "Мәйіт қабірге қойылған соң, көздері тым көк, өздері қап-қара түсті, біріншісі Мункар екіншісі Накир деген періштелер қосарланып келіп: "Мұхаммед ( с.ғ.с.) жайлы не деуші едің"?- деп (қабірдегі пендеден) сұрайды. Егер пенде момын болса, тірілік кезінде айтқан болса, соны айтады. Яғни ол «Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың пендесі әрі расулы, Мен куәлік беремін, әлбетте, Алладан өзге тәңір жоқ. Сондай-ақ Мұхаммед Оның пендесі һәм расулы» дейді. Сонда (оған) ол екеуі: «Ия, біз сенің осылай дейтініңді білер едік» дейді. Содан соң оның қабірі ұзына бойы және ені де кеңейтіліп, оның іші нұрланады. Сөйтіп оған «Ұйықта» делінеді. Ал ол болса: «(Жер бетінде қалған) туыстарыма қайтып барып, оларға (осы ізгіліктер жайлы) хабарлайыншы» дейді. Сонда ол екеуі: «Жаңа үйленген жан ұйықтағандай (шырын ұйқымен рақаттанып) ұйықта» дейді. (Сөйтіп ол) оны сүйіктісі ұятқандай, (қыямет қайым күні) Алла оны қайта тірілтіргенінше сол ұйқысында жатады.
Ал егер (қабірде сұраққа тұтылған адам кәпір немесе) мұнафиқ болса, онда ол "Мен білмеймін. Адамдардан не естісем, соны айтушы едім" дейді. Сонда ол екеуі (қаһарлы түрде) айтады: «Ия, біз сенің осылай дейтініңді білер едік». Содан соң жерге (бұйырып) айтылады: «Оның (ол кәпірдің) үстіне бастырыл!»-деп. Сонда (жер) оның үстіне бастырылып, барлық жағынан қатты қысып тастайды. Сөйтіп (қашан қиямет қайым болып) Алла оны қайта тірілтіргенінше сол жатыстан арылмайды.
Сондай-ақ, ол қос періште: «Раббың кім? Сен дүниедегі кезіңде кімді құдай деп білдің? Пайғамбарың кім? Дінің қай дін? Кітабың қай кітап? Қыбылаң қай жер?"- деп ежіктейді. Бұл сұрауларға берілетін жауаптың маңыздылығы мен сәттілігі, пенденің өмірлік кезіндегі хәліне байланысты болады. Алланы танымаған, пенделік міндеттерін орындамаған, Кітапқа сай амал жасамаған, тірі кезінде жүзін қыбылаға бейімдемеген немесе жағдайы бола тұрып оны тәу етпеген, Пайғамбар сөзін тыңдамаған, оның сүннетін ұстануды ойламаған, дінді құрмет тұтпаған адамның ол күндегі хәлі хадисте баяндалғандай өте ауыр кешеді. Міне осы хадис мәлімдегендей, кәпірлердің қабір азабына тап болатындығы даусыз. Олардың ешбірі қабір азабынан тыс қалмайды. Момындардың да кейбірі, мысалға, үйден-үйге сөз таситын өсекшілер, адамдар арасында фитна туындататындар және осылар сияқты тиым салынған істерден тиылмағандар қабір азабына кезігеді. Ал негізінде момындардың басым бөлігі қабір азабына шалдықпайды. Олар: Шәһидтер, хақ сөзділер, сабырлылар, жұма күні түнде өлгендер (иманды адамдар назарда тұтылған), әр түн «Тәбарак» сүресін оқығандар, нақақ қуғында жүргендер, муаззиндер.
Қос періштенің көрге кіріп сұрауға тұтатыны жайлы сенімді хадистер барлығына қарамай, «Қадария» тайпасы қабір сұрауын жоққа шығарғылары келеді. Олар өздері адасқанымен тұрмай, өзгелерді де адастыратын азғындаған фирқа. Мұндай фирқалардың айтқандарынан мүлдем аулақ болу шарт.
Адам ажалы жетіп өлгенінен соң; қабірдің ішінде қайта тіріледі. Сөйтіп, Мункар мен Накир берген сұрақтарына сәтті жауап қайтара алса, қабірдің жұмағына кезігеді, әйтпесе қабір азабына тап болады. Егер, қандай да бір себепке байланысты адамның денесі мазаратқа жерленбей қалса, мәселен; адам өртеніп, денесі күлге айналған болса, немесе жыртқыш аңдар жеп кеткен болса, немесе суға кетіп денесі мүлдем табылмаса және осылар сияқты жағдайларға байланысты мәйіттің денесі қабірге қойылмаған болса, бәрібір, оның рухы Мункәр мен Накир сұрағынан құтылмайды. Құдіретті Алла өзі қалаған жерінде, мәйіттің рухын қос періштенің сұрағына тап қылады. Қабір жұмағы нәсіп еткен адам ақырет күніне дейін өз қабірінің ішіндегі жұмақта жаны рақатқа бөленіп жатады. Ал кімге мұндаи жақсылық нәсіп етпеген болса, өз қабірінің ішіндегі тозаққа кезігіп, ақырет күніне шейін жаны азапта жатады. Мысалы, лағнеті Фирғауын мен оның нөкерлері туралы хазірет Құртаби Мужахид (р.а) пен Хасанның (р.а) риуаяттарын келтіріп: «Әлбетте шәһидтер тірі. Олардың аруақтарына жұмақтан түрлі түмен ниғметтер келтіріліп тұрады. Оларға қуаныш пен шаттық үнемі серік. Дәл соның керісінше, тозақ отының қаһарлы жалыны келіп лағнеті Фирғауын мен оның нөкерлерінің аруақтарына ақырет күніне дейін азап беріп жатады» деген. Қайтыс болғандардың міне осындай, біздерге байқалмайтын перде артындағы өмірі «Барзақи» өмір делінеді. Яғни, біздің өлшемімізден өзге өлшемдегі, біздер оны мүлдем байқамайтын, көре де алмайтын, есіте де алмайтын өзге бір өмір. Бұл жайлы «Муминун» сүресінің 99-100 аяттарын келтіруге болады. Онда «Сендерден (мүшриктерден - кәпірлерден) біреуіңе (ажал жетіп) өлім келсе (қабір қыспағына тап болған соң, Аллаға жалбарынып), Раббым (ұлық әміршім) мені (жер бетіне) қайтара көр (99-аят). Қани еді (Сен мені жарылқап дәуренге қайтарсаң), мен (өзім) қалдырған нәрседе (жер бетінде) ізгілік жасар едім (Шын момындар сияқты иман келтіріп, діннің барша өкімдерін мүлтіксіз орындар едім,- деп жалынады. Жоқ! Әлбетте бұл (сөз) ол (кәпір қабір азабынан жаны қысылғандағы далбасалап) айтқан (әншейін бір бос) сөз. Түсінік: Бұл аяттар кәпірлер туралы түсірілгенімен, онда айтылған «Барзах» артындағы өмір баршаға бірдей тән. Тек қана ондағы момындар жандары жадырап жатады. Олар өздерін жоқтап келген зияратшыларды біледі. Есітеді. Жауап та қайтарады. Зияратшылардың жасаған дұғаларынан олардың әруақтары рахат тауып шаттанып қалады.
Әбдімүтәліп Сәттібайұлы,
«Әлі бекен» мешітінің наиб имамы