Пайғамбарша ораза ұстау
Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген, ұлы кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады.
Рамазан айы кей жылдары 29 күн, ал кейбір жылдары 30 күн болады. Рамазан айы 29 күн болған кезде де ораза толық болып есептеледі. Өйткені парыз болғаны сол айда толығымен ораза ұстау. Өйткені, пайғамбарымыз тоғыз мәрте Рамазан оразасын тұтқан. Бұл рамазандардың төртеуі 29, ал бесеуі 30 күн болған.
Енді осы ретте пайғамбарымыздың (с.а.у.) оразасы туралы мол ақпарат беруге болады. Өйткені, баршамыздың жүрер ізіміз Алла Елшісінің (с.а.у.) жүрген ізі. Айша (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі-үш күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстайтын. Бұл – уисал оразасы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) үмбетіне жаны ашығаны үшін бұлайша ораза ұстауға тыйым салған. «Сен осылай ораза ұстайсың ғой», - деп, сұрағандарға ол (с.а.у.): «Мен сендер секілді емеспін. Мені Раббымның Өзі ішіп-жегізеді»,-деген (Бухари).
Имам ибн Кәсир (р.а) тәпсірінде мынадай оқиғаны келтіреді: «Бірде Алла елшісі (с.а.у.) адамдарға ораза ұстауына әрі өзі (с.а.у.) рұқсат етпейінше оразаларын әсте ашпауға бұйырды. Сөйтіп адамдар ораза ұстады. Кеш батқанда бір кісі келіп: «Бір күн ораза ұстадым, аузымды ашуға рұқсат етсеңіз», – деді. Пайғамбар (с.а.у.) оған рұқсат етті. Тағы бір кісі келіп әуелгінің айтқанындай айтты, Пайғамбар (с.а.у.) оған да рұқсат етті. Сосын бір кісі келді де: «Уа, Алла елшісі! Мында екі қыз бар, олар да күні бойы ораза ұстады. Ол екеуіне де ауыз ашуға рұқсат берсеңіз...» – деді. Алайда, Алла елшісі (с.а.у.) оны қабыл етпеді. Әлгі кісі өтінішін қайта қайталады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Ол екеуі ораза ұстамады. Күнін адамдардың етін жеумен өткізген адам қалай ораза ұстаған болмақ?! Бар, егер ол екеуі ораза ұстаған болса, ішіндегсін құсып тастасын де», – деп бұйырды. Екі қыз Пайғамбардың (с.а.у.) айтқанындай істеді. Әрқайсысы бір-бір кесек еттен құсты. Әлгі кісі болған оқиғаны Пайғамбарға жеткізді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Егер ол екеуі осы кесек еттер ішінде сақтаған күйде қайтыс болса, оларды тозақ жұтар еді», – деді»[ Әбу Дәуіт]. Алла Елшісі (с.а.у.) оразаға осындай асқан жауаптылықпен қараған. Тек ас жеуден тыйылып қана қоймай, ауызды да артық сөзден тыю оразаның басты шарты болып қалмақ.
Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Үмәма (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ», – деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», – деген жауабынан танбады» (Нәсаи, Сиям риуаят еткен).
Ардақты Алла елшісі (с.а.у.) өзінің өнегелі өмір жолында мұсылмандарды рақым нұры төгілген ұлы айдың берекетінен құр қалмауға шақырған. Рамазанның құлшылығынан құр қалған адамды Жәбрейіл періште қарғаған! Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткізілген мына бір хадисте: «Алла елшісі (с.а.у.) мінбердің бірінші баспалдағына шығарда «әмин» деді. Екінші баспалдаққа шығарда тағы «әмин» деді. Үшінші баспалдаққа шығар кезде де «әмин» деді де, мінбердің ең жоғары жағына шығып отырды. Сол кезде Муаз ибн Жәбәл (р.а.) «Уа Расулулла! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз?», – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.у.): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де: «Уа Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, қайтқанда тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім сенің есімің аталған кезде салауат айтпай, қайтыс болып тозаққа кетсе, Алла рақыметі мен мейірімінен алыс болсын», – деді. Мен тағы да «әмин» дедім», – деп жауап берген (Дәйлами, Мүснәдул- фирдаус, 1640; Ибн Хиббан, Әс-Сахих, 904, Али әл-Муттақи, Кәнзул-Уммал 24295).
Оразаға тең келер құлшылық жоқ Ораза – Алла Тағалаға жақындататын ең үлкен құлшылықтың бірі. Сондықтан рамазан оразасын бос жіберіп алмайық!
Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды қабыл етсін!
Валиев Ахмадулла