«Алла кіршіксіз таза әрі тазалықты сүйеді»
Дінімізде тазалық және тазалану мағыналарын білдіретін негізгі ұғым – бұл «тахарат». Құран Кәрімде тазалыққа қатысты 31 жерде кездесетін негізгі терминдер осы сөзден тарайды. Олар сумен немесе өзге де жолдармен тазалануды, күнәдан, харамнан бойды аулақ ұстауды, сонымен қатар, мінез-құлық тазалығын, пәктікті білдіреді.
Алла Тағала бұйырған бес уақыт намаз дәретсіз орындалмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаздың кілті – тазалық!» - деген. Онсыз намаз қабыл болмақ емес. Әрбір мұсылман баласы намаз оқырдың алдында үнемі жасап отыратын амалы – дәрет алу. Алла Тағала кіршіксіз таза әрі тазалықты жақсы көреді және мұсылмандар үшін тазалықты міндет еткен.
Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан:
«Ей иман келтіргендер! Намазға тұрғыларың келгенде беттеріңді, шынтаққа дейін қолдарыңды жуыңдар, бастарыңа масих тартып, тобықпен бірге аяқтарыңды да жуыңдар» (5:6).
Мінеки, әр намаз алдында жуынуды Алла өзі бұйырып тұр. Иман келтірген жан үшін оның ниеті, пиғылы, сөздері, әрекеттері және, сондай-ақ, тәнінің тазалығы аса маңызды. Тән тазалығы мен жан тазалығының арасында ажырамас байланыс бар, яғни екеуі үндесуде, бұл жөнінде көптеген хадистер келтірілген. Сондықтан да рухани дамуға талпынуда біз үшін өзіміздің дәрет алуымызға аса мұқият болғанымыз абзал.
Дәретті аса ұыптылықпен, құлшыныспен алуға ынталандыру үшін, дәрет алудың артықшылықтары жайлы бірнеше хадистерді келтіруді жөн көрдік. Сонымен, дәрет алудың арқасында төмендегі жайттар орын алады екен:
1. Періште Алладан сіздің күнәңіздің кешірілуін сұрайды.
«Тәніңізді тазалаңыз, сонда Алла сізді де тазалайды. Асылында, тазаланып жатқан Алланың құлына түнде періште түседі. Түні бойы ол Аллаға: «Уа, Алла! Өз құлыңды кешірші, өйткені ол тазаланып жатты ғой», деп шығады екен (Табарани).
2. Дене түгелдей тазаланады.
«Кімде-кім «Бисмилләһир-рахманир-рахим» сөзімен бастап дәрет алса және дәрет алу барысында Алланы естен шығармаса, сол адамның денесі түгелдей тазаланады. Егер адам «Бисмиллә», сөзін айтпаса, онда оның дәрет алған жерлері ғана тазаланады» (Әбу Хурайра)
3. Жұмаққа жол ашылады.
«Көркем түрде дәрет алып, одан кейін екі ракағат нәпіл намазын оқып, жан-тәнімен парыз намазын оқитын мұсылман үшін Жұмақ міндетті етіледі» (Мүслим).
4. Адамның күнәлары шайылады.
«Егер адам лайықты түрде дәрет алып, одан кейін екі ракағат намаз оқып және оның жүрегіне фәни дүние істері ұяламаса, онда оның күнәлары кешіріліп, жаңа туған сәбидей болады».
5. Қиямет күні мұсылмандардың жүзі нұрланып тұратын болады.
«Шындығында, Қиямет күні менің үмбетімнің жүздері, қолдары, аяқтары дәрет алғаннан нұрланып тұратын болады. Кім нұрын көбейткісі келсе, дәрет алсын» (Бұхари).
6. Иман кемелденеді.
«Шыншыл болыңдар, бірақ сендер бәрін мүлтіксіз түрде жасай алмайсыңдар. Сендердің ең игі амалдарың – намаз екенін біліңдер. Тек тақуа жан ғана үнемі дәретті болып жүреді» (Ибн Маджа).
7. Сауап көбейеді.
«Егер кімде-кім дәреті бола тұра, қайтадан дәрет алар болса, оған Алла Тағала он жақсы амал жасағандай сауап жазады» (Тирмизи).
Тазалыққа қатысты тағы бір айта кетерлік мәселе, қасиетті аяттар мен хадистердің түпкі мәніне үңіліп, зерттеп, зерделеген ғалымдар дінімізде жүрек тазалығының бәрінен жоғары тұратындығы жайлы тоқтамға келген. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыда айтылған хадисінде тек сумен атқарылатын сыртқы тазалық айтылмаған. Су арқылы тән кірден арылғанымен жүрек күнәға белшесінен батса, бұның толыққанды тазалыққа жатпасы белгілі. Демек, ішкі және сыртқы тазалық өзара үндескенде ғана ол иманның жарты бөлігін құрайды. Сондықтан да «Тазалық — иманның жартысы» делінген.
Ұлы Абай атамыз: «Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, сыртын қанша жуса да, іші оңбаған», - деп адал, шыншыл емес әрі ішкі жан-дүние тазалығына қол жеткізбеген жанды меңзесе керек.