Адамның ең бір таңғаларлық мүшесі – ми. Миды құраған тканьдар мен жасушалар дененің ең сезімтал, ең бітіскен бөлігі болып табылады. Бұл тканьдар мен жасушалар тұтастай дене жүйкелерімен байланысты. Ми жасушаларының әрбірі өзіне тән қызметін атқарып, аса бір мұқияттылықпен денедегі өзіне қарасты белгілі бір мүшелердің міндетін қадағалайды. Алла Тағала бұл жасушаларға әлдеқайда көп жұмыс істеу, анағұрлым шыдамдылық қабілетін дарытқан. Ми жасушалары басқаларға қарағанда көбірек екпінді жұмыс атқаратындықтан, мидың қанға деген зәруілігі де едәуір көптеу. Сырттай қарағанда мидың көлемі мен салмағы кішкене көрінгенімен қанға келгенде ол оңайлықпен тоя қоймайды. Рас, рас, денедегі қанның төрттен бірі миға барады. Кішкене ғана миға қалың тамырлар жалғанған. Ми ой еңбегіне көбірек берілгенде денедегі бұлшық еттер тыныштық тауып, асқазандағы тамақ та тез сіңімді болып, адам іштей қарны ашқанын сезеді. Өйткені жұмыс барысында қоректік заттарды тек ми ғана жұмсайды.
Жанды тіршілік иелерінің ішінде ақыл, сана, ойлау тек адамға берілгендіктен басқа жандыларға қарағанда адамның ми құрылысы да өзгешелеу. Адам миындағы ойлауды қамтамасыз ететін талшықтардың саны адам санынан да көп. Адамға үлкен сый ретінде берілген бұл бағалы мүшенің зеректігі мен ойлау қабілеті өзіне келетін қанның мөлшеріне байланысты. Яғни миға баратын қан мөлшері қаншалықты көп болса, оның белсенділігі де соншалықты арта түседі. Қан аз барған жағдайда мидың жұмыс істеу қабілеті азая түседі. Асқазанда тамақ толып тұрса оны қорыту үшін қанның көп мөлшері асқазанға барады, ондай кезде миға баратын қан мөлшері азая түседі. Ал миға қанның аз баруы оның жұмыс істеу қабілетін тежейді. Ми жасушаларының салғырт жұмыс істеуі денеге де әсер етпей қоймайды. Сол себепті көбіне-көп тамақтан кейін мидың ойлау, жұмыс істеу қабілетінің төмендеуі, жалқаулыққа жол беріп дененің ауыр тартуы, көзге ұйқы тығылуы байқалады. Аузы-мұрынынан шыға көп тамақтанатындарда тамақтан кейін дененің дел-сал тартуы анағұрлым басымырақ кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда ми жасушаларына деген оразаның әсері көп. Өйткені ораза ұстағанда миға көп мөлшерде қан барады. Ол болса мидың қимыл-қозғалысы мен жұмыс істеу қабілетін еселей түседі. Иә, нәпсіқұмарлық сезім миды барынша тұмшалай түссе, көп тамақтану оның ойлау қабілетін тежей түседі. Мидың көбірек жұмыс істеуінде оразаның пайдасы мол. Қиын әрі комплексті проблемаларды шешуде, ойлау күш-қуатын қажет ететін жағдайларда, қиын сынақ кездерінде ауыз бекітіп ораза ұстаған абзал. Емтихан тапсыратын күні ораза ұстау оқушының терең ойлау, есепті шешу қабілетін арттырады, еске түсіруін жеңілдетіп, санасын серпілтеді, мәселені қамту, жинақтау қабілетін жақсартады.