НЕКЕ СУЫН ІШУ МІНДЕТ ПЕ?
Неке суын ішу бұл қазақи бір ырым. Ырым бойынша ең алдымен неке суы дайындалады. Мұнда үлкен кесеге су құйылады да, оған аздап тұз, қант қосылып, сақина салынады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі asyldin.kz-ке сілтеме жасап.
Су – екі жастың пәктігіне, тұз – егер жастардың біреуі келешекте опасыздық етіп, осы некені бұзса, дәм атуына, қант – екеуінің тату-тәтті өмір сүруіне ырымдалып қосылады.
Сақина неке ескерткіші ретінде салынады. Неке суына алтын немесе күміс сақина, тіпті кейде күміс мәнет салынуы мүмкін. Неке қиылып болған соң, жастар неке суын ішеді. Ырымның жақсысы мен жаманы бар дегендей, неке суын жақсылыққа ырымдап ішсе, оның еш оқасы жоқ. Дегенмен де, шариғатымызда некенің өзіндік рүкіндері мен шарттары бар. Ұсыныс (ижәб). Екі тараптардың (еркек болсын, әйел болсын) бірінің ұсыныс білдіруі.
1. Қабыл алу (қабул). Екінші жақтың білдірген ұсынысына келісім білдіруі. Ижәб пен қабулды орындауға еркек пен әйелдің екеуі де толық құқылы. Некенің шарттары екеу:
Біріншісі. Некенің дұрыс болу шарттары:
1. Әйел мен еркектің үйленулеріне кедергі болатын еш нәрсе болмауы. Үйленетін әйел мен еркектің бір-біріне харам болмауы тиіс. Үйленуге рұқсат етілмейтін туысқандарды, сүт бауырды, өзгенің некесіндегі әйелді немесе апалы-сіңілі екі қызды бірден алуға болмайды.
2. Куәгерлердің болуы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Куәгерлерсіз неке жоқ»[1] – деген. Куәгерлікке ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған екі мұсылман ер немесе бір ер, екі әйел кісі жарайды.
Екіншісі. Некенің жүзеге асыру шарттары:
1. Ижәб пен қабулдың бір отырыста жасалуы.
2. Екі тараптың бір-бірінің сөзін естуі және екі тарап бір-бірінің сөздерін түсінуі.
3. Ижәб пен қабулдың бір-біріне кереғар болмауы[2].
Неке суын ішу жоғарыда келтірілген рүкін мен шарттарға кірмегендіктен, оны ішу міндет емес. Неке қиылған кезде жас жұбайлар неке суын ішпей қалса да, некелері дұрыс болып есептеледі. Әрі некенің толық болуына еш нұқсан келтірмейді.