Мұсылман ғалымы жын шақыратын медиумды қалай тәубеге келтірді?
20 ғасырдың басында бір мұсылман ғалымы Мысыр елінен Еуропаға саяхаттап барыпты. Сол жерде көпшілік спиритизм (рухтармен байланысу) іліміне көп қызығушылық танытып жатқанына куә болады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Бұлардың ілімі қате, адастырушы екенін дәлелдеп беру үшін солардың сеанс өткізетін жеріне барады.
Сеансты жүргізіп отырған медиум адамдарды дөңгелек үстелге отырғызып, қараңғы бөлмеде шамдарды жағып қойып, әртүрлі рухтарды «шақырады» екен.
Үстел басында отырған әр адам ата-анасын, туысын немесе қайтыс болған бір тұлғаның рухын шақыртады.
Кезек мұсылман ғалымына келгенде, ол сеансты жүргізуші медиумға: – Маған Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рухын шақырып беріңіз, – дейді.
Медиум біраз уақыт селкілдеп, шамдары сөніп, есі шығып: – Ол – ұлық рух екен, оны біз шақыра алмаймыз, – деп жауап береді.
Сонда мұсылман ғалымы:
– Алла Тағала адамзатқа бізден бұрын келген діндерде де, бізге түскен Құранда да рухтар жөнінде аз ғана білім берген және бұл тақырыпқа кіруден қайтарған. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мені түсінде көрсе, мені көргені. Менің бейнеме шайтан кіре алмайды», – деген. (Бухари).
Сондықтан Сіз рухтар деп айтып отырған нәрсе – ол жындар әлемі. Жындар адамдар сияқты әлем, олардың да иман еткендері, кәпірлері бар. Жындардың адамдар жөнінде мағлұматы бар. Олар осындай медиум, бақсы-балгерлерді рухтар болып адастырады.
Ал осы хадистен түсінетініміз, олар адамның түсіне, не өңіне, не әр бейнеге кірсе де, біздің Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бейнесіне кіре алмайды.
Яғни, олар рухтар емес, жындар екені анық. Сол себепті, осы медиум оны шақыра алмады, – деп жауап беріпті.
Қазіргі кезде де спиритизм ілімі басқа атпен әлеуметтік желілерде қайта жаңғырып жатыр. Солардың сөзіне сеніп, көптеген адамдар адасушылыққа түсіп, елді де азғыруда.
Алла баршамызды тура жолында жүргізіп, адасудан сақтасын!