Макияждың үстіне алынған дәрет жарамды ма?
Сәлеметсіз бе? Макияждан кейін алынған дәрет жарамды ма? Боялған тырнақ жайында не дейсіз? Сара
Сәлеметпіз!
Егер қолданып жатқан макияждық опа-далаптары су өткізбейтін қабат түзсе, онда оның үстіне алынған дәрет жарамсыз болады. Себебі, дәрет дегеніміз – жуу мен сүрту[1], яғни жуылуы керек жерлерді жуып, сүртілетін жерді сүрту болып табылады.
«Әл-Бахрур-Раиқ» кітабында дәреттің анықтамасы жайында: «Үш мүшені (толық) жуу, бастың төрттен бірін сүрту»[2] делінген. Міне, бет – жуылуы міндетті болған осы үш мүшенің бірі. Оған міндетті түрде су тиюі керек. Ол жерге су өтпесе, суға тосқауыл болатын нәрсені кетіру керек.
Ал, егер опа-далап суға тосқауыл болатындай қабат түземесе, астына суды өткізетіндей болса, онда оны кетіру міндетті емес. Тырнаққа қатысты айтарымыз да дәл осы. Ең дұрысын Алла біледі!+
Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы