Күнә жасаған адамды қарғау дұрыс па?
Ислам қарғысты құптай бермейді. Пайғамбар да (с.ғ.с.) жалпы ауыр сөзді немесе қарғыс айтуды мақұл көрмеген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Ол кейбір адамдар сияқты көрген немесе естіген нәрсесі үшін тез ашуланып, ауыр сөздер айтып, қарғыс тілемейтін.
Мысалы, пайғамбардың (с.ғ.с.) заманында қалжыңды жақсы көретін бір кісі болатын. Ол кейбір кезде өзінің зілсіз әзілдері арқылы пайғамбардың да көңілін көтеретін.
Құрдастары оған «кемақыл» деп лақап ат қойған еді. Себебі Абдулланың бір жағымсыз әдеті бар еді. Ол арасында сыра-шарап ішіп қоятын.
Кейде оны құрдастары сол ішімдік ішіп отырған жерінен ұстап алып, тәрбиеге салатын.
Бір күні достары оны ішімдік ішіп жатқанда ұстап, пайғамбардың алдына алып келеді. Сахабалардың бірі оған қатты ашуланады. Себебі, ол өз досының ішімдік ішіп, пайғамбардың құзырына келгеніне қатты ренжіген болатын. Сол себепті сабыры таусылып: – Ей, Алла! Бұған Сенің қарғысың жаусын! Мына мас күйінде қанша мәрте пайғамбардың мазасын алды! – деп дұға жасайды.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған қарап: – Оған қарыс айтпаңдар! Мен оның Раббысын және Алланың елшісін шынайы жақсы көретінін білемін, – дейді (Бұһари).