Пайғамбарымыз (с.а.с.) кейде қасындағы сахабаларына сұрақтар қойғанды жақсы көретін. Осылайша ол жамағатының назарын өзіне аудартып, айтатын сөзіне құлақ салдыратын. Сондай бір сұхбаттасып отырған кездерінің бірінде Алла елшісі (с.а.с.) сахабадан:
- Әбу Дәмдәм деген кім? – деп сұарады.
Сахабалары:
- Әбу Дәмдәм деген ат естіген жоқпыз. Я, Алла елшісі! Бұл айтып отырған Әбу Дәмдәм дегеніңіз кім болды екен? – десті.
Әлем мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға:
- Әбу Дәмдәмдай бола алмағандарың ба? Әбу Дәмдәмдай болуға күштерің жетпегені ме? – деп, тағы да жұмбақтап сөйледі.
Сахабалардың ол жайында естуге деген қызығушылықтары одан ары арта түсті:
- Я, Алла елшісі! Әбу Дәмдәмнің кім екенін, оның қандай ерекше сипаттарға ие болғанын айтып беріңізші! – деп өтінді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) сонда:
- Әбу Дәмдәм – өткен қауымдарда өмір сүрген бір мүмин жан еді. Күнде таң ата орнынан тұрып: «Я, Раббым! Мені ғайбат еткендерді, маған қарсы болғандарды, менің сыртымнан сөз айтып, жамандағандарды Өзің кешіре гөр! – деп айтатын, - деп, ол туралы айтып берді.
Мінеки, үлкен тақуалықтың үлгісі.
Мінеки, кіршіксіз таза жүрек!